Филиалды таңдаңыз:
16.05.2019
2019 жылғы 14 мамырда «БЖЗҚ» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің он бірінші отырысы өтті. «БЖЗҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Жанат Құрманов өзінің алғы сөзінде «Азаматтарда қомақты жинақ ақшаның болуы – қоғамның тұрақты даму шарттарының бірі» екендігін атап өтті. Оның айтуынша бұл жинақтар зейнетке шыққан азаматтар үшін тұрақты табыс әрі ел экономикасы үшін инвестиция көзі болып табылады. Бұл мемлекет, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және тұрғындардың қатысуымен шешілетін өте маңызды мәселе.
Бүгінде БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес Қор басшылығының, мамандардың, салымшылар мен алушылардың сындарлы сұхбат алаңы болып табылады. Сәйкесінше Кеңес аталған мәселені шешуде маңызды рөл атқарады.
Кеңес мүшелерінің назарына тәуелсіз компанияның 2018 жылды қорытындылай отырып, жүргізген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижесі ұсынылды. Әлеуметтік зерттеу жүргізудегі мақсат - халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығын, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенім деңгейін айқындау.
Зерттеу қорытындысы бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы базалық білімге ие тұрғындардың үлесі бір жыл ішінде 58,2 пайыздан 60,2 пайызға артты. Сонымен қатар бір жыл ішінде Қорға деген сенім деңгейі 10 баллдық шәкілде 5,7-ден (2017 ж. желтоқсаны) 6,4 баллға, ал жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейі 10 баллдық шәкілде 5,9-дан (2017 ж. желтоқсаны) 6,3 баллға дейін өсті.
Бұдан басқа Қоғамдық кеңес мүшелері Қордың 2019 жылдың бірінші тоқсанында атқарған қызметінің қорытындысымен, «БЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерінің портфелін ағымдағы инвестициялық басқару жағдайымен және инвестициялау бағыттарымен танысты.
ҚР Ұлттық Банкінің Зейнетақы активтерімен дилингтік операциялар жүргізу басқармасының бастығы Нұржан Нұрғазин инвестициялық қызмет туралы әңгімелей келе, 2018 жылы нақты табыстылық (үстеме табыстылық) 5,97 пайызды, ал 2014 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығында нақты жинақталған табыстылық (үстеме табыстылық) 9,93 пайызды құрағандығын жеткізді. Сонымен қатар отырыста ұйымдық мәселелер мен Кеңестің 2019 жылдың екінші жартысына арналған жұмыс жобасы талқыланды.