ЖАҢАЛЫҚТАР

«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Қызылорда облысының Тереңөзек ауылындағы дербес қызмет көрсету орталығын аралады


«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева Қызылорда облысына жасаған іссапары барысында 2017 жылғы 5 маусымда Сырдария ауданының Тереңөзек ауылында орналасқан дербес қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесіп, жұмыс отырысын өткізді. Бұл елді мекен Қызылорда қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Аудан халқының саны 39,8 мың адамнан асады. Бұл ретте 8,2 мыңнан астам адам Тереңөзек ауылында өмір сүреді.

Басқарма төрайымы бөлімше ұжымымен БЖЗҚ және өңірлік бөлімше қызметін дамыту мәселелерін талқылады. Басқосуда 2016 жылы әкімшілік орталықтың дербес қызмет көрсету орталығында 8 720 операция жасалғандығы, бұл ретте әрбір қызметкердің Қор ұсынатын барлық қызмет түрлері бойынша күн сайын шамамен 18 операция жасағандығы атап өтілді.

Нұрбибі Наурызбаева өз сөзінде БЖЗҚ-ның әрбір қызметкері үшін ең бастысы – салымшылар мен алушылардың мүддесі және оларға жоғары дәрежеде қызмет көрсету екендігін баса айтты. Сонымен қатар Басқарма төрайымы халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімі Қордың өңірлердегі бөлімше қызметкерлерінің білімі мен біліктілігіне, зейінділігіне байланысты екендігін жеткізді. Нұрбибі Наурызбаеваның айтуынша, Қордың әрбір қызметкері салымшылар мен алушыларға көмек көрсетуге қашанда дайын болуы керек.


Тізімге оралу