Мал шаруашылығымен айналысуға бюджеттік субсидиялар
Бюджеттік субсидиялар (бұдан әрі – субсидия) тауар өндірушілерге және басқа жеке және заңды тұлғаларға тиісті қаржы жылына жергілікті бюджетте көзделген қаражат пен іс-шара аясында және есебінен бағыттардың мынадай басымдылығына сай төленеді:
1) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға;
2) мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруға.
Бір немесе бірнеше бағыт бойынша қаражат қалып қойған жағдайда, субсидиялар субсидиялау бағытының басымдығына сәйкес қайта бөлінеді.
Жыл сайын тиісті ауданның, облыстық мәні бар қаланың Ауыл шаруашылығы бөлімі өтінімдер қабылдау басталардан бес күнтізбелік күн бұрыннан кешіктірілмеген мерзімде аудан, облыстық мәні бар қала әкімдігінің интернет-ресурсына субсидиялауға өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру орналастырады. Өтінімдер қабылдау 20 қаңтардан басталады. Тауар өндірушілердің, жеке және заңды тұлғалардың субсидия алуына қажет талап – субсидия алуға өтінім берген сәтте нормативтік құқықтық актіде көрсетілген өлшемдер мен талаптарға сай болу.
Субсидия:
– селекциялық және тұқымдық жұмысқа жұмылдырылған мүйізді ірі қара малдың төлдейтін басы үшін субсидияның базалық нормативі бойынша және төл алу көрсеткіші ескеріліп, нақты төл алған мүйізді ірі қара малдың төлдейтін әр басы үшін субсидияның қосымша нормативі бойынша;
– селекциялық және тұқымдық жұмысқа жұмылдырылған қой, ешкі, маралдың төлдейтін басы үшін және араның балұясы үшін;
– сатып алған асыл тұқымды мал басы үшін және ата-енелік/ата-тектік нысандағы ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың асыл тұқымды тәуліктік балапаны үшін;
– мүйізді ірі қара мал мен қойдың нақты қолдан ұрықтандырылған төлдейтін басы үшін;
– табынның өсімін молайтуда пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаның басы үшін;
– союға немесе бордақылау алаңдарына (1 000 мал орнынан бастап) өткізілген немесе есепке алу нөмірлері бар етті қайта өңдеу кәсіпорындарында, сою орындарында немесе тоңазытқыш жабдығы бар сою алаңдарында қайта өңделген өгізше мен қозының басы үшін;
– есепке алу нөмірлері бар етті қайта өңдеуші кәсіпорындарға, сою орындарына өткізілген немесе сонда қайта өңделген құс етінің, шошқа етінің, жылқы етінің, түйе етінің бір килограмы үшін және есепке алу нөмірлері бар қайта өңдеуші кәсіпорындарға (цехтарға) өткізілген немесе сонда қайта өңделген сүттің, биязы және жартылай биязы жүннің бір килограмы үшін;
– өткізілген тағамдық жұмыртқа бірлігі үшін;
– өткізілген құрама жемнің бір тоннасы үшін;
– мүйізді ірі қара малды союмен және етін бастапқы өңдеумен айналысатын ет комбинаттарынан алған сиыр етінің бір килограмы үшін төленеді.