Logo
Мазмұнға оралу
Выпуск №35 (2025)

2025 жылы Қазақстанда БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері өсті, сондай-ақ жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі ұлғайды

Жаңа жылда жинақтаушы зейнетақыны арттыру жалғасын таппақ

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтары көлемінің өсуіне, әлеуметтік өлшемдердің жыл сайын артуына және төлемдердің индекстелуіне байланысты жинақтаушы зейнетақысын жаңадан ала бастағандар мен алып жүрген азаматтардың «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту биыл да жалғасын таппақ.

Бәрімізге белгілі, әрбір салымшының жинақтаушы зейнетақысы оның зейнетақы жарналары және жинақталған инвестициялық кірісі есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасына тікелей байланысты. Зейнет жасына толғанда немесе Әлеуметтік кодексте көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде салымшы БЖЗҚ-дан тұрақты төлемдер ала бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Әдістемеге сай, зейнетке шығатын азаматтарға ай сайын жасалатын төлем былай есептеледі: төлем ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы төлем зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - КД) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 46 228 теңге). Қордан берілетін төлемдердің ең жоғары мөлшері шектелмейді және алушының зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты.

Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеп, зейнет жасына толған, олардың пайдасына жиынтығында кем дегенде алпыс ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдар сияқты белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың біреуінен артығын қанағаттандыратын адамдар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Жеке зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болғандықтан, олар азаматтық заңнамада көзделген жалпы тәртіппен мұраға да қалдырылады.

Қазақстандағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайтылды

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері ұлғайды. Қазір ол - 2,5%.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс берушілер зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш бөлікпен толықтырылды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы – ЖМЗЖ-ны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50-еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

 Жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына ЖМЗЖ төлеуден босатылды. Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ-ны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылау ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.

Қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына түсетін МЗЖ-дан тағы бір ерекшелігі, ЖМЗЖ шартты зейнетақы шоттарына есептеледі және қызметкерлердің меншігі болып саналмайды. Тиісінше, ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтарды қызметкерлер мұраға қалдыра алмайды. ЖМЗЖ зейнетақыны ортақ (таратушы) қағидаты бойынша төлеуге арналған. Сондықтан, Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған адамдар үшін төленіп келген ЖМЗЖ қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойы төленетін болады.

ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық - мемлекеттен, жинақтаушы - БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы - жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын болады.