Халық арасында қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі Чили зейнетақы жүйесінің үлгісі негізінде әзірленіп, енгізілген деген пікір қалыптасқан. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Чили зейнетақы жүйесі әлемдегі ең озық жүйелердің бірі болып саналды. Ол 40 жылдан кейін де сол деңгейде қалды ма? Даму болашағы қандай? Зейнетақы жинақтарын пайдалану салдары қандай? Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу нәтижесі қандай? Көңілден шыға ма? Біздің оқырмандарымыз бен БЖЗҚ YouTube-арнасының көрермендеріне осы сұрақтардың жауабын алғашқы дереккөзден алудың бірегей мүмкіндігі беріліп отыр. Чили зейнетақы қорлары қауымдастығының президенті Паулина Ясыги ханымның "БЖЗҚ" АҚ Стратегиялық даму департаментінің директоры Камила Фазыловаға берген сұхбатында өз еліндегі зейнетақы жүйесінің тәжірибесі туралы баяндады:
- Чили жүйесі туралы сұхбатқа шақырғаныңыз үшін көп рахмет! Қазақстан мен Чилидің ортақ тұстары көп. Чили зейнетақы жүйесінде үш деңгей бар. Бірінші деңгей – негізгі деңгей, яғни ортақ зейнетақы. Бұл деңгей бірнеше жыл бұрын енгізілген, бірақ зейнетақының осы құрамдас бөлігінің мөлшерін ұлғайтып, жалпыға ортақ етіп өзгерткен 2022 жылы күшейе түсті. Ол ЖКЗ деп аталады, жалпыға бірдей кепілдендірілген зейнетақы деген мағына береді. Жалпы түсімдер, мемлекеттік салықтар есебінен қаржыландырылады. Оның мөлшері айына 250 АҚШ долларына жуық. Екінші және үшінші деңгейлер салымшылардың міндетті және ерікті жарналары есебінен жеке жинақтарын көздеп, толығымен жинақтаушы болып есептеледі. Соның арқасында біз тұрақтылық көрсеткіштері бойынша жоғары бағаға ие болып отырмыз. Бұл нені білдіреді? Бұл барлық жинақтардың қаржылық активтермен қамтамасыз етілгенін білдіреді. Зейнетақы активтері инвестицияланып, табыс әкеледі. Олардың қауіпсіздігі үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Адам зейнетке шыққан кезде оның зейнетақы табысы толығымен қамтамасыз етіледі. Өйткені оның зейнетке шыққаннан кейінгі өмірінің барлық кезеңін ай сайынғы төлемдермен қаржыландыратын активтері бар.
- 1981 жылға дейін Чилиде көптеген жылдар бойы, бүкіл әлемдегі сияқты, экономиканың әр секторы үшін өзіндік жүйесі бар, белгіленген зейнетақы мөлшері бар таратушы жүйе жұмыс істеді. Айталық, банк секторының өз жүйесі болды, мұғалімдердің басқа жүйесі, мемлекеттік сектордың үшінші жүйесі болды. Мұндай жағдайдағы зейнетақы жүйесі тұрақсыз болатын.
1981 жылғы реформа мемлекеттік зейнетақы жүйесінен белгіленген жарналары мен жеке зейнетақы шоттары бар жеке жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ауысудың бастамасын жасады. 1981 жылы жұмыскердің ай сайынғы табысынан 10 пайыз мөлшерінде белгіленген зейнетақы аударымдарына негізделген екінші деңгей құрылды. Зейнеткерлерді осы деңгей қамтамасыз етті, өйткені бірінші ортақ деңгейдің мөлшері мардымсыз болатын. Сол кезде болжамды есептеулерде жыл сайынғы нақты инвестициялық кірістіліктің белгілі бір мөлшері қаланды. Халықты зейнетақы жүйесімен кеңінен қамтып, бейресми сектордың үлесі аз болса, лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету үшін 10% жарна мөлшерлемесі жеткілікті болады деп болжалды. Бірақ мұның бәрібір жеткіліксіз екендігінің себебі анықталды. Біріншіден, жарналарды бүкіл халық тұрақты түрде жүзеге асырып, жүйеге толықтай қатыса бермейді, кейбір адамдар жарналарды үлкен үзілістермен төлейді. Екіншіден, көп адам бейресми секторда жұмыс істейді және мұндай қызметкерлердің барлығы дерлік жарна төлей бермейді.
Тағы бір фактор - өмір сүру ұзақтығы. 1981 жылмен салыстырғанда қазір чилиліктер 10 жылға ұзағырақ өмір сүреді. Бұрын 10% жарна мөлшерлемесі зейнетақымен қамсыздандыру үшін жеткілікті деп болжанған, бірақ жағдай өзгерді: бізге зейнетақы жинақтарының сол қолда бар көлемімен еңбек қызметі аяқталғаннан кейін 20 емес, 30 жылға созылатын өмірімізді қамтамасыз ету керек.
2002 жылы зейнетақы жүйесіне көптеген оң өзгерістер енгізілді. Мәселен, ерікті жинақтаушы деңгей енгізілді. Біз ерікті құрамдауышты енгізуші ізашарлардың біріміз. Алайда, осы уақытқа дейін ерікті құрамдауыш шынымен де жоғары маңызға ие болатындай жеткілікті деңгейде қамтылмай отыр. Мұның бір себебі - қаржылық сауаттылықтың төмендігі. Екінші себеп - Чилидегі жалақы төмен, өйткені экономика соңғы 10-15 жыл ішінде тоқырауға ұшырады, сондықтан адамдарға ерікті жарналарды төлеу қиынға соғады.
2008 жылы тағы бір маңызды реформа жүзеге асырылды, оның шеңберінде зейнетақының бірінші базалық деңгейі - зейнетақы жүйесінің ортақ құрамдас бөлігі құрылды.
Ақырында, 2022 жылы ЖКЗ (жалпыға кепілдендірілген зейнетақы) енгізілді. Ол зейнетақы жүйесінің бірінші деңгейін күшейтті. Бүгінгі таңда ортақ құрамдауыш жалпы зейнетақы құрылымында өте маңызды рөл атқарады, себебі ол жалпы зейнетақы төлемінің 60-70% құрайды. Жалпы немесе мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат ЖІӨ-ге қатысты бес жыл бұрын жұмсаған қаржымызбен салыстырғанда өсті - ол кезде олар ЖІӨ-нің 0,6% құрады, бүгінде бұл ЖІӨ-нің 2,2% тең. 2022 жылғы Реформа ортақ құрамдауышты дамыту бағытындағы әлемдегі ең ірі реформалардың біріне айналды. Сондықтан бұл жиынтық зейнетақының өсуі үшін өте маңызды өзгеріс болды. Өкінішке орай, адамдар міндетті және ерікті жинақтаушы құрамдауыштар шеңберінде әлі көп жинай алмайды, бірақ бұл деңгейлерді дамыту қажет.
Сондықтан сіздің бізге көпқұрамдауышты жүйе қажет пе деген сұрағыңызға мен «иә» деп жауап беремін. Себебі, егер біз міндетті немесе ерікті жинақтаушы құрамдауыштарды жойып, жай ғана ЖКЗ-ға сүйенетін болсақ, онда зейнетақы жүйесі тұрақты болмайды. Тарату жүйелері көптеген себептерге байланысты тиімді емес, соның ішінде өмір сүру ұзақтығының өсуі және еңбек нарығына шығатын жастар санының азаюы да бар. Бізде таратушы жүйелерге қауіп төндіретін демографиялық жағдай қалыптасты. Мемлекет жиынтық зейнетақыға айтарлықтай үлес қосқанына қарамастан, бұл құрамдауыш қаржылық жағынан тұрақсыз. Тұрақты жүйені алудың жалғыз жолы - оны үш деңгейлі ету.
- Бізге жарнаның жоғары мөлшерлемесі қажет екені анық. Бірақ бәрін рет-ретімен түсіндірейін. 2006 жылы Марсель комиссиясы деп аталатын сарапшылар тобы (Қаржы министрі қызметін атқаратын Марио Марсель осы сарапшылар тобында жұмыс істеді) 2005-2006 жылдардағы екі ірі зерттеудің нәтижесінде бірқатар ұсыныстар берді. Нәтижесінде зейнетақының ортақ құрамдауышы енгізілген 2008 жылғы реформа ішінара осы Комиссияның ұсынысымен болғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ, ол өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнетке шығу жасын арттыру қажет деген мәселені көтерді, бұл біз көп жылдар бойы жасамаған нәрсе. Алайда, сол кезде Марсель комиссиясы жарналардың мөлшерлемесін көтеруді ұсынбапты. Тек 2014 жылы ғана сол комиссияның жалғасы болған Bravo комиссиясы жаңа ұсыныстармен шығып, жарналар мөлшерлемесін көтеруді ұсынды.
Әрі қарай 2016-2018 жылдары Мишель Бачелет тұсындағы Үкіметте Bravo комиссиясынан кейін бірден талқылау жасалды. Содан кейін Себастьян Пиньера Үкіметі 2020-2021 жылдары зейнетақы реформасын жүргізуге тырысты. Бұл Чилиде үлкен дағдарыс орын алған әлеуметтік толқулардан кейін және пандемия кезінде болды. Толық зейнетақы реформасын жүргізу шарттары қолайсыз болды, дегенмен Пиньера билігінің соңына қарай бұл мүмкін болды. Бірақ Конгресс бұл қосымша жарналармен не істеу керектігі туралы өзара келісе алмады. Реформа мәселесі әлі күнге шешімін таба алмай отыр. Қазір ол Сенаттың қарауында.
Қазіргі уақытта қарттарды лайықты зейнетақымен қамсыздандыру үшін міндетті жарналарға қосымша 6 пайыз жеткілікті болады деген біржақты пікір бар. Осылайша біз жарналардың жалпы мөлшерлемесін 10%-дан 16%-ға дейін көтереміз. Бірақ осы қосымша 6%-дың қаншасы (бір бөлігі немесе толық) ортақ зейнетақы қорына, ал қаншасы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына бөлінетіні туралы даулар туындауда. Жарналарды ортақ қорға жіберу тарату жүйесіне қайта оралуды білдірсе керек. Бұл жағдайда зейнетақы жүйесі тұрақты бола алмайды. Бұл сондай-ақ бейресми сектордағы жұмыспен қамтудың өсуіне әкелуі мүмкін, өйткені егер адамдар өздерінің жеке шоттарына қосымша жарналар түсетінін көрмесе, онда жұмыс берушілер де, жұмысшылар да бұл жарналарды жалақы қорына қосымша салық ретінде қабылдайды және олардан жалтару жолдарын іздеуі мүмкін.
- Мұның бәрі қамту деген сөзді қалай қабылдайтынымызға байланысты. Егер сіз ЭЫДҰ деректеріне қарасаңыз, онда рейтингі жоғары зейнетақы жүйелері бар елдерде жинақтаушы зейнетақымен қамту деңгейі 90%-дан 100%-ға дейінгі көрсеткішке ие екенін көре аласыз. Чилиде бұл шамамен 90% құрайды деп саналады, өйткені ЖКЗ халықтың 90% қамтиды. Алайда, бұл есепте кем дегенде 1 жарна төлегендер де ескеріледі. Чилидегі 20 миллион халықтың шамамен 16 миллионға жуығы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Оның ішінде тек 10 миллион адам жұмысқа орналастырылған, болмаса жұмыс іздеу үстінде, ал 6 миллион адамның жұмыс істеуге немесе оқып, білім алуға қабілеті мен қауқары бар, бірақ олар оның бірін де істемейді. 3 миллионға жуық адам бейресми жұмыскерлер. Оның өзінде кейбір адамдар жарналарды бірнеше жыл ішінде ғана төлейді (мысалы, жарналарды үнемі төлеп жүрген кейбір әйел азаматшалар күйеуге шығып, еңбек нарығынан кетеді). Жұмысшылардың жалпы санының тек 25%-ы жарналарды 30-35 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырады - бұл негізінен ер адамдар. Сондықтан, біз ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда шамамен 90% қамтылғанымызды және жақсы жағдайда екенімізді айтсақ, бұл біздің елде жақсы мөлшердегі зейнетақы болады дегенді білдірмейді.
Сондықтан біз Чилиде зейнетақы жүйесін реформалау үшін ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығын дамытып, әйелдер үшін де, 50 жастан асқан адамдар үшін де, жастар үшін де жұмысқа орналасу тұрғысынан көбірек мүмкіндіктер жасау жолында жұмыс істеуіміз керек. Біз жастарға еңбек жолының алғашқы күндерінен бастап ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін икемді еңбек заңнамасын әзірлеуіміз керек. Егер олардың алғашқы жұмысы ресми болса, онда олар ресми секторда қалады. Сондықтан біз жастармен жұмыс істеуіміз керек. Міне, біз зейнетақымен барынша кеңінен қамту үшін осыларды іске асыруымыз керек.
- Өте жақсы сұрақ. Мен өмір бойы инвестиция саласында жұмыс істеп келемін. Бұл зейнетақының өте маңызды бөлігі екені даусыз. Салымшының жинағы ИПБ-ға инвестицияланатын уақыт кезеңіне байланысты 3 немесе 4-ке, тіпті 5-ке көбеюі мүмкін. Чилидің соңғы 40 жылдағы кірістілігі өте жоғары болып, нақты кірістілігі шамамен 7% көрсетті. Бұл 1981 жылғы реформаны жоспарлау кезінде күткен нәтижеден (шамамен 4% нақты кірістілік) әлдеқайда жоғары.
Біздің инвестициялық портфеліміз қалай дамыды? Алғашында, көп елдердегідей, инвестициялар мемлекеттік бағалы қағаздарға жасалған болатын. Содан кейін зейнетақы қорларына активтерді акцияларға орналастыруға рұқсат етілді. 90-шы жылдары оларға сыртқы нарықтарға инвестиция салуға рұқсат етілді. Сондықтан біз өте маңызды әртараптандыруды бақылау үстіндеміз. Бірақ 90-шы жылдары Чилидегі капитал және қаржы нарықтарындағы, қор биржасындағы немесе тұрақты кірістілік құралдарындағы нақты кірістілік өте жоғары болды. Әрине, ол сыртқы нарықтарда да өте жоғары болды. Сондықтан біз 90-шы және 2000-шы жылдары ипотекалық дағдарысқа дейін өте жақсы кірістілікке ие болдық. Өте жақсы кірістілік болды және Чилидегі дамушы нарықтар өркендеді. Мен Қазақстанда да солай болғанын білемін.
Ендеше портфельдерге не болды? Бұрын бізде бірқалыпты бір ғана инвестициялық стратегия болған ("С" портфелі). 2002 жылы A, B, C, D, E мультипортфельдері пайда болып, осы күнге дейін жүзеге асырылып келе жатыр. Портфельдер ықтимал жоғары кірістілікке ие ең агрессивтіден (А портфелі) тәуекелі төмен мемлекеттік облигацияларға салынатын ең консервативті (Е портфелі) портфельге дейін түрленіп отырады.
Бізде балама құралдарға инвестиция салуға рұқсат етілген соңғы өзгерістер 2017 жылы болған еді. Максималды шектеу ретінде бізде заңмен рұқсат етілген өте аз көлем болды, бұл барлық портфельдің 20%. 2024 жылы реттеуші "А" портфелі бойынша баламалы құралдарға 20% - ға дейін көбірек инвестициялауға рұқсат берді, бұл үлесті жылдан жылға біртіндеп арттыруға да болады. Бірақ "E" және "D" портфельдерін басқару әлі де өте шектеулі. Қалай болғанда да, біз портфельдеріміздегі әртараптандыру мен жақсы тәуекел профилі - кірістілікті қамтамасыз ету үшін баламалы құралдарға, яғни жылжымайтын мүлікке, инфрақұрылымға, жеке капиталға және банктік емес несиелерге көбірек инвестиция салуға тырысамыз. Қазір осы мультипортфельдерден өмірлік цикл немесе мақсатты күн стратегияларына көшу талқылануда. Біз не істеуіміз керек -мультипортфельдерімізді жақсартып, заңнамаға кейбір өзгерістерді енгізуіміз тиіс, өйткені бізде зейнетақы активтерін инвестициялауға шектеулер жүйесі орын алған. Қалай болғанда да, бізде Канада немесе басқа елдердегідей икемді реттеу ережелері болмаса да, бізде өте жақсы кірістілік бар.
- Бүгінгі күні Чилиде мультипортфельдерге қатысты Заң мен реттеуші тарапынан көптеген шектеулер бар. Бірақ әрбір портфель басқарушысы үшін A, B, C, D, E портфельдері арасында активтерді жылжыту үшін белгілі бір мүмкіндіктер берілген.
Сонымен бірге жүйенің қызметкерлеріне, қатысушыларына, салымшыларына портфельдер арасында ауысуға рұқсат етіледі. Іс жүзінде активтерді портфельдің екі түрінде ұстауға рұқсат етіледі. Салымшылардың өз жинағын орналастыратын портфельді таңдау, активтерін екі түрлі портфельге бөліп сақтау құқығы бар. Кейде адамдар бір портфельден тәуекел деңгейі мүлдем бөлек екіншісіне жиі ауысады, өйткені олар өз қабілеттерін кәсіби инвестициялық портфельдерді басқарушыларға қарағанда әлдеқайда жақсы деп ойлайды. Чилиде халықтың таңдауына үлкен әсер еткен қаржылық кеңесшілердің өте үлкен желісі болды. Ол салымшылардың портфель таңдауына үлкен әсерін тигізетін, өз клиенттеріне бір портфельден екішісіне ауысу туралы кеңес беретін. 2019-2020 жж. осындай кеңес берушілерге тыйым салынды. Бірақ салымшылар әлі де таңдауларын өзгерте алады.
Өмірлік циклдің стратегиясы - зейнеткерлер немесе жүйеге қатысушылар зейнет жасына жақындағанда инвестицияларға қатысты жоғары тәуекелдерді қабылдамағаны немесе қауіпті портфельдерді таңдамағаны. А портфелі жастар үшін, ал Е портфелі зейнет жасына жақын адамдар үшін болуы керек.
- 1981 жылы белгіленген төлемдері бар мемлекеттік зейнетақы жүйесінен жеке зейнетақы шоттары бар жинақтаушы жүйеге көшуді белгілейтін реформа болған кезде, адамдар болашақта өте жақсы зейнетақыны күтті. Бірақ олар жарналарды 35-40 жыл бойы жүзеге асыру керек екенін түсінбеді. Кейбір адамдар мұны өмірінің еңбекке қабілетті кезеңінің жартысында ғана жасады. Мен айтқанымдай, өмір сүру ұзақтығы тез өсуде. Чилидегі зейнет жасы ерлер үшін 65 жас, әйелдер үшін 60 жас, ал біздің өмір сүру ұзақтығымыз 91-92 жас. Оның өзінде әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда аз жинайды, олардың көпшілігі жарналарды шамамен 5 жыл төлейді. Өзіңіз елестетіп көріңізші, сіз өте аз жалақының 10% ғана бес жылға депозитке салдыңыз делік. Әрине, сіз онымен өзіңізге 30 жыл бойына зейнетақы табысын қамтамасыз ете алмайсыз.
Сондай-ақ, Чилиде пандемия кезінде жинақтардың 10% алудың үш толқыны мақұлданғанын атап өткім келеді. Өйткені біз дағдарыстың нағыз өршіген кезінде едік, ал үй шаруашылығына көмек жеткілікті жылдам болмады. Мұның салдары қандай болды? Шамамен 200 млрд АҚШ долларын құрайтын зейнетақы активтерінен 50 млрд АҚШ доллары шығарылды. Бұл ЖІӨ-ге қатысты маңызды сомаға айналды және Чилиде жоғары инфляцияны тудырды. Сонымен қатар, осы әрекеттердің нәтижесінде зейнетақы мөлшері шамамен 30% азайды.
Сондықтан адамдар нәтижеге риза емес, өйткені оларға ақпарат жеткілікті түрде жеткізілмеген, оның үстіне қаржылық сауаттылық та мәз болмай тұр. Кінә ұсыныстар мен өзгерістердің аздығы үшін айыпталған ЖЗҚ-да ғана емес. Ұсыныстар болды, бірақ Үкімет пен Конгресс оларды қабылдауы керек еді. Біз қаржылық сауаттылықты арттыру үшін үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ нәтижеге жету үшін басқа ұйымдармен, Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Әрине, ЖКЗ енгізу жағдайды біршама өзгертті, ол зейнетақы табысының ең төменгі деңгейін қамтамасыз етеді. Егер алмастыру коэффициенті туралы айтатын болсақ, онда жалақының төмен болуына байланысты 250 доллар (ЖКЗ мөлшері) жалақы мөлшерімен салыстырғанда ауыз толтырып айтатындай.
- Бұл өте қиын. Неге дейсіз ғой? Көптеген адамдар реформаны талап етеді, бірақ бастапқыда ойластырылған мегареформа емес. Тым болмағанда, келісім жасалған кейбір элементтерді енгізу ұсынылады. ЖКЗ мөлшерін 250 доллардан, кем дегенде, мүмкін 270 долларға дейін көтеру керек. Жарналар мөлшерлемесін арттыру қажет.
Бірақ бұрыннан қойылып жүрген сұрақ қалады: ұсынылған қосымша 6%-дың қаншасы жеке шоттарға, қаншасы бірлескен жүйеге жұмсалады? Менің ойымша, барлық 6 % жеке зейнетақы шоттарына толығымен бағытталса да, бұл әлі де жеткіліксіз болады. Себебі мерзімінен бұрын алынған қаражат ешқашан қайтарылмайды. Зейнетақы жинақтарының 30%-ы алынғаннан кейін шығындарды теңестіру үшін тағы 10 жыл немесе жарна мөлшерлемесін екі есеге арттыру қажет болады. Ал жастар үшін бұл кемшілік әлдеқайда үлкен болады, өйткені олардың жинақтарды инвестициялаудан алуға болатын кірістілігі енді ешқашан іске аспайды
Егер біз зейнет жасымызды шынымен өзгертпесек, онда жарналар мөлшерлемесін одан әрі арттыру қажет болады. Сондықтан, біз қазір талқылап жатқан 6% қосымша жарналардың шамамен 3-4% өмір сүру ұзақтығының салдарын жабу үшін қажет.
- Жоқ, одан бас тартуға болмайды. Шын мәнінде, 40-тан астам ел бағаланған Mercer CFA жаһандық зейнетақы индексіндегі Чили жүйесінің рейтингіне қарасақ, біз тағы да алғашқы ондыққа кірдік. Сондықтан бұл жақсы жүйе. Мысалы, Дания немесе Австралияны алайық. Бұл біздікіне ұқсас, бірақ жақсы өлшемдері бар, жарна мөлшерлемесінің жақсы деңгейі бар, бейресми жұмыспен қамту секторы жоқ. Данияда зейнетке шығу жасы заң жүзінде көтерілді және болашақта ол 74 жасқа дейін көтеріледі.. Және жүйе жұмысы жүріп жатыр!
Біз не істеуіміз керек - жүйені жақсартуымыз қажет. Адамдар қосымша қор жинақтау керек екенін нақты түсінуі керек. Әрине, жинақтау үшін жарналарды төлеудің қолжетімділігі мен қарапайымдылығын қамтамасыз ете алатын технологиялық жетістіктерді пайдалану қажет. Егер сіз жалдамалы қызметкер болсаңыз, онда бәрі өте қарапайым. Өйткені жүйе бар және сіздің жұмыс берушіңіз осы жүйеге сіз үшін үлес қосады. Бейресми жұмыспен қамтуға қатысты мәселелер бар және бұл жағдайда адамдарды жинақтауға ынталандыру керек.
ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банк зейнетақы жүйесінің үш немесе бес деңгейлі моделін ұсынады, бірақ бұл шамамен бірдей пікір. Бүгін біз Чилидің қолданыстағы зейнетақы жүйесінің үш құрамдауышын нығайту, ерікті деңгейді дамыту үшін жұмыс істеуіміз керек. Мен айтқандай, бізде ерікті жарналар көп қамтылған жоқ. Бұл ЭЫДҰ елдерінде байқалған көрсеткіштің шамамен үштен бірі немесе одан да азы.
Біз еңбек нарығын дамытуымыз керек, адамдардың жұмысы жақсы болуы үшін оның өсуі мен өнімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Иммигранттардың мәселелерін шешіп, адамдарға ресми жұмыс табуға мүмкіндік беруіміз керек, өйткені иммигранттар саны тек өсе береді. Иә, бізде көптеген қиындықтар бар, бірақ мен жинақтаушы жүйе өзінің тиімділігін дәлелдегеніне және табысты дамуын жалғастыратынына сенімдімін.
Сұхбат БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасындағы "Зейнетақы жүйесі туралы диалогтар" айдарында қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге ағылшын тілінде төмендегі сілтемелер бойынша қолжетімді: