Сұрақ - жауап

Мысалы: Жинақтар

Зейнетақы жүйесі

Еңбек қатынастарының тоқтатылуына байланысты еңбекші жұмысқа орналастырушы мемлекеттен тұрғылықты тұратын мемлекетке оралған кезде, БЖЗҚ-дан МЗЖ есебінен қалыптастырылған өзінің зейнетақы жинақтарын алуға құқығы бар ма? Оларды алудың тәртібі қандай?

Келісімнің 2-бабында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары, еңбекшілері алуына болатын зейнетақы түрлері анықталған.

Қазақстан Республикасында бұл - зейнеткерлік жасқа толған кезде, егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, 1 және 2 топтардағы мүгедектік белгіленген кезде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері.

Келісімнің 3-бабына сәйкес еңбекшілерге зейнетақыны тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарына арналған дәл сондай шарттарда жүзеге асырылады.

Зейнетақыны ресімдеу ЕАЭО елдерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырылатын болады.

БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын ұстап қалу және аудару үшін жұмыс беруші қызметкерден қандай құжаттарды сұратуы тиіс?

Қызметкердің табысынан зейнетақы жарналарын ұстап қалу және аудару үшін жұмыс беруші қызметкерден қосымша құжаттарды сұрамайды, өйткені қажетті деректер (ТАӘ/ТК) жұмыс берушіде бұрын ұсынылған (қызметкер жұмысқа тұрған кезде) жеке басты куәландыратын құжаттың (шетелдіктің, ЕАЭО елі азаматының шетелдік паспортының), сондай-ақ бейрезиденттің ЖСН негізінде бар болуы тиіс.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын қалыптастырған ЕАЭО елінің еңбекшісі, азаматы қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасында жинақталған жарналардың жағдайы не болады? Оның жинақтары мұрагерлерге беріледі ме?

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматы, еңбекшісі қайтыс болған жағдайда, оларды біржолғы алу құқығы БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған құқық белгілейтін құжаттар ұсынылған кезде, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арқылы мұрагерлеріне ауысады.

Қазақстан Республикасында уақытша жұмыс істейтін (тұруға ықтиярхатсыз/бейрезидент) Ресей Федерациясының азаматы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-ға МЗЖ/МКЗЖ есебінен зейнетақы жарналарын еңгізуге міндетті ме?

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 196-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақымен қамсыздандырылу құқығына ие болады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Келісім халықаралық шарт болып табылады, оның нормалары еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында басқа ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттерге уақытша келетін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне, азаматтарына қолданылады.

Бұл ретте ЕАЭО-ға мүше мемлекет еңбекшісінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында уақытша болу (тұру) мерзімі мүше мемлекеттің еңбекшісінің жұмыс берушімен немесе жұмыстарға (қызметтерге) тапсырыс берушімен жасаған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартының қолданылу мерзімімен айқындалады.

Келісімнің 2-бабына сай ЕАЭО елдері еңбекшілерінің - азаматтарының зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының зейнетақы құқықтары қалыптастырылатын дәл сондай шарттарда және дәл сондай тәртіппен зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады.

Келісімнің 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналарына БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналары жатады.

Осылайша Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында уақытша жүрген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары ҚР азаматтары сияқты міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасында белгіленген мөлшерлемелер бойынша және тәртіппен аудару арқылы өз зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға міндетті.

Бұл ретте қызметкерге (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматына, соның ішінде РФ азаматына) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ төлеу үшін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаудың қажеті жоқ, өйткені жеке тұлғаның БЖЗҚ-да МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есепке алу үшін жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) болмаған жағдайда, ЖЗШ деректері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан келіп түскен, пайдасына МЗЖ және (немесе) МКЗЖ аударылатын жеке тұлғалардың тізімі негізінде автоматты түрде ашылады.

Түсіндіріп беруіңізді өтінемін, Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатсыз еңбек шарты не азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде жұмыс істейтін ЕАЭО елдерінің азаматтары ҚР-да міндетті зейнетақы жарналарын қай кезеңнен бастап төлеуі тиіс?

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 196-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақымен қамсыздандырылу құқығына ие.

Мұнымен қоса, еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында басқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында уақытша жүрген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына Қазақстан Республикасымен 2020 жылғы 7 желтоқсанда ратификацияланған Келісімнің нормалары қолданылады.

Келісім 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, сондықтан еңбек шарты не азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде ЕАЭО елдерінен (атап айтқанда Армения Республикасынан, Беларусь Республикасынан, Ресей Федерациясынан және Қырғыз Республикасынан) еңбекшіні тартқан жұмыс беруші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-ға еңбекшінің ай сайынғы табысының 10%-ы мөлшерінде (ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспайтын) міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекет еңбеккерлерінің Қазақстандағы еңбек өтілі туралы мәліметтерді кім береді?

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА ЕАЭО-ға мүше мемлекет еңбеккерлерінің Қазақстандағы еңбек өтілі туралы мәліметтерді кім береді? Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы №163, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №304 бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасында 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді іске асыру бойынша құзыретті органмен Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының өзара іс - қимыл реттемесіне - (бұдан әрі – Реттеме) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Реттеме Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 04.03.2021 ж. № 62, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 28.04.2021 ж. №249 бұйрығымен бекітіліп, 26.05.2023 ж. күшіне енген. Реттемеге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес: 

  1. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбек өтілін растау жөніндегі Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар – "БЖЗҚ" АҚ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті және олардың аумақтық бөлімшелері; 
  2. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органынан Қазақстан Республикасының аумағында еңбек өтілі туралы "Сұраныс" деректемесі төмендегі кезеңде түскен кезде: 
    • 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының құзыретті органы сұраныс жолдап отырған мүше мемлекеттің құзыретті органына ақпараттық жүйедегі міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы деректер негізінде "Жұмыс өтілі туралы" деректемені қоса тіркей отырып, жауап жібереді; 
    • 1992 жылғы 13 наурыздан бастап 1997 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының құзыретті органы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген мерзімдерде жұмыс берушіден (оның құқықтық мирасқорынан) немесе мұрағат мекемелерінен қажетті мәліметтерді, құжаттарды талап ету жөнінде іс-шаралар жүргізеді. 

Оларды алғаннан кейін "Жұмыс өтілі туралы" деректемені толтыру арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органына жібереді. 

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісім (бұдан әрі – Келісім) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді және еңбекшілер мен оның отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады. Келісім ережелеріне сәйкес: 

  • еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының зейнетақы құқықтарын қалыптастыру шарттары мен тәртібі сияқты жағдайда зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады (3-бап); 
  • Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналарына БЖЗҚ-ға аударылған зейнетақы жарналары жатады (1-бап); 
  • еңбекшілерге (отбасы мүшелеріне) зейнетақы тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтары үшін қолданылатын шарттарда жүзеге асырылады (3-бап); 
  • Келісім шеңберінде тағайындалатын зейнетақы түрлері Келісімнің 2-бабында айқындалған. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. 
БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. 

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).