Сұрақ - жауап

Мысалы: Жинақтар

Зейнетақы жүйесі

«БЖЗҚ» АҚ-ның онлайн көрсетілетін жаңа қызметтері туралы толығырақ айтып беріңізші. Бұл қандай қызметтер? Оларды қалай пайдалануға болады?

"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) өз салымшылары үшін enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасындағы жеке кабинет арқылы алуға болатын жаңа цифрлық сервистерді қолданысқа енгізді. 

Мысалы:

  • зейнетақы жинақтары бар, қайтыс болған адамның отбасы мүшелері енді қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары төлемін алуға (жерлеуге) өтініш бере алады;
  • БЖЗҚ салымшылары дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім бере алады, сондай-ақ, шоттардың болуы туралы анықтамаларды, МКЗЖ бойынша анықтамаларды, зейнетақы жинақтарының 50% қайтарылғанын растайтын анықтамаларды бір бөлімде қалыптастыра алады. 

Жаңа қызмет түрлерін рет-ретімен таныстырайық.

БЖЗҚ-ға дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді ме?

Заңнамада көзделген қызметтерді көрсету кезінде БЖЗҚ мемлекеттік органдар және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалар жататын ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) ақпарат алмасады. Бұл ретте салымшылардың деректері жеке не өзге де заңды тұлғаларға БЕРІЛМЕЙДІ.

БЖЗҚ-дан қызметті алмас бұрын салымшы (алушы) / сенім білдірілген тұлға / заңды өкіл Қазақстан Республикасының "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңына сәйкес өзінің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісімін растайды. Көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жеделдігін, сондай-ақ, ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялылығын жақсарту мақсатында, БЖЗҚ сайттағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеттің арнайы бөліміне салымшылар үшін "Өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім беру" жаңа қызмет түрін енгізді.

Ол үшін enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасындағы жеке кабинетке кіріп, "Қызметтер" бөліміндегі "Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру" ішкі бөлімін таңдау қажет. Егер бұрын өтініш беруші осындай келісімді берген және оған қол қойған болса, тиісті хабарлама шығады. Ал бұлай болмаған жағдайда (егер салымшы бұрын дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге қол қоймаған болса) ҚР "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңының хабарламасы ашылады. Әрі қарай, "Таныстым" батырмасын басқан соң, келісім беру терезесіне ауысады, онда "ұялы нөмір" бағанын толтырып, көрсетілген нөмірге келетін SMS кодты тіркеу қажет.      

БЖЗҚ салымшылары үшін сайтта да, ұялы қосымшада да қолжетімді болған тағы бір қызмет - анықтамаларды бір бөлімде алу.  Енді барлық қолданыстағы зейнетақы шоттарының болуы туралы мәліметтерді, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген айлар саны туралы анықтамаларды бір терезеден алуға болады. Бұған қоса, бұрын әскери қызметкер болған МЗЖ салымшылары МЗЖ-ның 50% қайтарылғаны туралы растаушы анықтама ала алады.

Бұл қызмет түрін пайдалану үшін де БЖЗҚ сайтындағы немесе ұялы қосымшасындағы жеке кабинетке кіріп, "Қызметтер" бөліміндегі тиісті терезені таңдау қажет.

Осылайша, БЖЗҚ қызметтерінің желісі күн санап, кеңейіп келеді. Оларды 24/7 режимінде үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн-форматта жылдам пайдалануға болады.

Неге мен дербес деректерін жинау және өңдеу үшін келісімімді беруім керек?

БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) дербес деректерін жинау және өңдеу үшін келісімдері неліктен қажет? Қазіргі кезде көптеген қызмет түрлерін алған кезде мемлекеттік және қаржылық құрылымдар пайдаланушының дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімін сұрайды. Салымшы (алушы) enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасында Жеке кабинетіне кірген кезде БЖЗҚ осындай келісім беру туралы неге бір рет сұраныс жасайтынын біліп жүрейік. БЖЗҚ өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде 2013 жылғы 21 мамырдағы N 94-V "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауға міндетті. Заңға сәйкес меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ, үшінші тұлға дербес деректерді жинау мен өңдеуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырады. Заңның 7-бабының 5-тармағында және 9-бабында (7-бабының 1-тармағы) көзделген жағдайлар бұған жатпайды. Атап айтсақ, егер ақпаратты жариялау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, дербес деректерді жинау және өңдеу әкімшілік құқық бұзушылық, атқарушылық іс жүргізу туралы істерді қозғап, қарайтын құқық қорғау органдарының, соттардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыру үшін қажет болса, сондай-ақ, мемлекеттік органдар дербес деректерді міндетті түрде иесіздендіру шартымен статистикалық мақсаттар үшін пайдаланған кезде, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайлар. Дербес деректер туралы заңның 1-бабына сәйкес "Дербес деректерді өңдеу" ұғымы дербес ақпаратты жинауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға бағытталған әрекеттерді білдіреді. Бұл әрекеттерді БЖЗҚ қолда бар дербес деректерді қорғау және құпиялылық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырады. Сонымен бірге жекелеген зейнетақы қызметтерін ұсыну БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде сақталатын мәліметтер негізінде ғана жүзеге асырылып қоймай, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүгінуді, мемлекеттік органдар және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалар жататын үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) ақпарат алмасуды талап етеді. Мысалы, өтініш білдірген адамның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері осындай ақпарат алмасудың арқасында БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі өзектілігін жоғалтқан емес. Мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылдың және ақпарат алмасудың арқасында БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін көрсету кезінде өтініш білдірген адамнан құжаттардың көшірмелерін және (немесе) қосымша ақпараттарды талап етпейді. Әрине, ол үшін, қажетті деректер мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерінде болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, БЖЗҚ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жедел және тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, алаяқтық деректерінің орын алуына жол бермейді. Сіздің деректеріңіз жеке немесе басқа заңды тұлғаларға берілмейтінін де ерекше атап өткіміз келеді. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).