Сұрақ - жауап
Зейнетақы жүйесі
Ұсталған (есептелген) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға аударылады.
МЗЖ, ЖМЗЖ, МКЗЖ төлеуді:
1) дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының, 9 тармағы, 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдардан басқа), жеке практикамен айналысатын адамдар нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскерлерге, сондай-ақ жеке тұлғаларға төленген кірістерден кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
2) дара кәсіпкерлер (ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының, 9 тармағы, 3-тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлерден басқа), шаруа және фермер қожалықтары, жеке практикамен айналысатын адамдар өз пайдасына - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
3) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер патент құнын төлеу үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мерзімде;
4) Мемлекеттік корпорация - әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей;
5) сақтандыру ұйымы - жалақыны (кірісті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
6) ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының 4-тармағында аталған тұлғалар - егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
7) Оператор - егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей жүзеге асырады.
Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ), оның ішінде берешектерді аударуды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізеді. Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-ға МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ-ын жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес аударады.
Мемлекеттік корпорация шотына, салымшылардың МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ-ның сомасы түскен күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық төлем тапсырысымен аударылады
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар санатынан:
Әлеуметтік Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес
1) зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ төлеуден босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
Агент:
1) зейнет жасына толған адамдар үшін;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің өтуіне байланысты өкілеттіктері тоқтатылған, ай сайынғы өмір бойы жабдықталымдарды алатын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, ай сайынғы ақшалай жабдықталымдарды алатын отставкадағы судьялар үшін;
6) 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады
Сіз БЖЗҚ-мен ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасап, өз бетіңізше ерікті зейнетақы жарналарын сала аласыз.
Бұл ретте жарналардың мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.
Мемлекеттік зейнетақы және жәрдемақы тағайындаған кезде, сондай-ақ банктерде кредит ресімдеу үшін ерікті зейнетақы жарналарының есепке алынбайтынын ескерген жөн.
Агент міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және (немесе) өсiмпұлды есептеу, аудару кезінде жіберілген қателерді анықтаған немесе МЗЖ салымшысының қателердің анықталғаны туралы жазбаша өтінішін алған жағдайларда қателерді МЗЖ-ның және (немесе) өсімпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен түзетеді.
МЗЖ-ның және (немесе) өсiмпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен қателерді түзету мүмкін болмаған кезде агент қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді.
Қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішке МЗЖ салымшысының жеке зейнетақы шотынан қате есептелген сомаларды есептен шығаруға келісетіні туралы нотариат куәландырған өтініші қоса беріледі.
Агенттің өтініші негізінде Мемлекеттік корпорация қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға электронды түрде өтінім құрады және БЖЗҚ-ға жібереді.
БЖЗҚ қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға электронды түрдегі өтінімді Мемлекеттік корпорациядан алғаннан кейін қайтаруды жүзеге асырады.
Қолданыстағы зейнетақы жүйесі 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Агенттердің міндеттеріне 1975 жылғы 1-қаңтардан кейін туылған өз қызметкерлері үшін резиденттер (Қазақстан Республикасында тұрақты болатын; Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға), сондай-ақ ЕАЭО-ға қатысушы елдердің азаматтары болып табылатын бейрезиденттер үшін ЖМЗЖ төлеу кіреді.
ЖМЗЖ – бұл агенттің, өзге де ақы төленетін жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдардың меншікті қаражаты есебінен аударылатын ақша, Мемлекеттік корпорация арқылы өзі үшін ЖМЗЖ аударылатын жеке тұлғалардың тізімі қоса беріледі және ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын жұмыскерлердің ай сайынғы табысынан:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 1,5 пайыз мөлшерінде;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 2,5 пайыз мөлшерінде;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 3,5 пайыз мөлшерінде;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 4,5 пайыз мөлшерінде;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс ең төмен жалақы мөлшерінен (ЕТЖМ) кем болмауы тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ай сайынғы ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері шартты зейнетақы шотына (ШЗШ) түседі және агенттің (немесе) өзі үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаның меншігі болып табылмайды.
Осыған орай, ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары:
- мұраға қалмайды;
- БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде алынбайды;
- Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамдар ретінде алуға жатпайды;
- инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына аударылмайды;
- мемлекеттік кепілдік берілмейді.
ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық - мемлекеттен, жинақтаушы - БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы - жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын болады.