Сұрақ - жауап
Зейнетақы жүйесі
БЖЗҚ-ның https://kids.enpf.kz/ сайтындағы «Қатысушыны іздеу» бөліміне баланың ЖСН енгізіп, «Тексеру» батырмасын басу керек.
Бала нысаналы талаптарға қатысушы болған есепті жыл және оның нысаналы талаптарының жалпы сомасы көрсетілген ақпарат беріледі.
Ұсталған (есептелген) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға аударылады.
МЗЖ, ЖМЗЖ, МКЗЖ төлеуді:
1) дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының, 9 тармағы, 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдардан басқа), жеке практикамен айналысатын адамдар нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскерлерге, сондай-ақ жеке тұлғаларға төленген кірістерден кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
2) дара кәсіпкерлер (ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының, 9 тармағы, 3-тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлерден басқа), шаруа және фермер қожалықтары, жеке практикамен айналысатын адамдар өз пайдасына - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
3) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер патент құнын төлеу үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мерзімде;
4) Мемлекеттік корпорация - әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей;
5) сақтандыру ұйымы - жалақыны (кірісті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
6) ҚР Әлеуметтік кодексінің 248-бабының 4-тармағында аталған тұлғалар - егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
7) Оператор - егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей жүзеге асырады.
БЖЗҚ сайтына немесе мобильді қосымшасына жеке тұлғаның Жеке кабинетіне құпия сөзді пайдалана отырып, немесе ЭЦҚ арқылы немесе eGov ұялы қосымшасы арқылы кіріңіз.
Авторлану сәтті аяқталғаннан кейін, «Қызметтер» бөліміне өтіп, «Қосымша деректемелерге/банк деректемелеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу» қызметін пайдаланыңыз.
Тиісті өзгерістерді енгізіп, «Сақтау» түймесін басыңыз, монитор экранында «Деректер сәтті өзгертілді» деген хабар пайда болады.
ЖСН-ның дұрыс енгізілгенін тексеру қажет.
Егер ЖСН дұрыс көрсетілсе және кәмелетке толмаған бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылса, бала туралы мәліметтер «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмауы мүмкін. Баланың ата-анасына немесе басқа заңды өкіліне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ (ХҚКО) жүгінуге кеңес береміз.
«Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін БЖЗҚ балаға нысаналы талаптар мен инвестициялық кірісті 2026 жылғы ақпанда өткізіп алған кезеңді ескере отырып, толық көлемде есептейді.
Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ), оның ішінде берешектерді аударуды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізеді. Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-ға МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ-ын жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес аударады.
Мемлекеттік корпорация шотына, салымшылардың МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ-ның сомасы түскен күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық төлем тапсырысымен аударылады
Нысаналы жинақтау шоты бала кәмелетке толған жылы ашылады. Бұған дейін тек нысаналы талаптар есептелетін болады.
БЖЗҚ-ның https://kids.enpf.kz/ сайтындағы «Қатысушыны іздеу» бөліміне баланың ЖСН енгізіп, «Тексеру» батырмасын басу керек. Бала нысаналы талаптарға қатысушы болған есепті жыл мен өтініш білдірген жылға нысаналы талаптардың жалпы сомасы көрсетілген ақпарат көрінеді.
Нысаналы талаптарды есепке алу АҚШ долларымен жүргізіледі. Сондай-ақ, мәлімет үшін ағымдағы күнге ҚРҰБ бағамы бойынша ұлттық валюта – теңгемен жасалған есеп те ұсынылады.
Маңызды!!! Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс оларға пайдалану құқығынсыз есептелетін болады!
Қолданыстағы зейнетақы жүйесі 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Агенттердің міндеттеріне 1975 жылғы 1-қаңтардан кейін туылған өз қызметкерлері үшін резиденттер (Қазақстан Республикасында тұрақты болатын; Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға), сондай-ақ ЕАЭО-ға қатысушы елдердің азаматтары болып табылатын бейрезиденттер үшін ЖМЗЖ төлеу кіреді.
ЖМЗЖ – бұл агенттің, өзге де ақы төленетін жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдардың меншікті қаражаты есебінен аударылатын ақша, Мемлекеттік корпорация арқылы өзі үшін ЖМЗЖ аударылатын жеке тұлғалардың тізімі қоса беріледі және ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын жұмыскерлердің ай сайынғы табысынан:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 1,5 пайыз мөлшерінде;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 2,5 пайыз мөлшерінде;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 3,5 пайыз мөлшерінде;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 4,5 пайыз мөлшерінде;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте ЖМЗЖ есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс ең төмен жалақы мөлшерінен (ЕТЖМ) кем болмауы тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ай сайынғы ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері шартты зейнетақы шотына (ШЗШ) түседі және агенттің (немесе) өзі үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаның меншігі болып табылмайды.
Осыған орай, ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары:
- мұраға қалмайды;
- БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде алынбайды;
- Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамдар ретінде алуға жатпайды;
- инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына аударылмайды;
- мемлекеттік кепілдік берілмейді.
ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық - мемлекеттен, жинақтаушы - БЖЗҚ-ға аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы - жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын болады.
Егер ЖСН көрсетілген жеке тұлға ҚР азаматы болып табылмаса, демек, оның ҚР заңнамасына сәйкес нысаналы талаптарға құқығы жоқ.
БЖЗҚ-ның https://kids.enpf.kz/ сайтындағы «Қатысушыны іздеу» бөліміне баланың ЖСН енгізіп, «Тексеру» батырмасын басқан кезде «Жеке тұлға ҚР азаматы емес, сондықтан оның ҚР заңнамасына сәйкес нысаналы талаптарға құқығы жоқ» деген ақпарат беріледі.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар санатынан:
Әлеуметтік Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес
1) зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ төлеуден босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
БЖЗҚ-ның https://kids.enpf.kz/ сайтындағы «Қатысушыны іздеу» бөліміне баланың ЖСН енгізіп, «Тексеру» батырмасын басқан кезде «Осы ЖСН бойынша нысаналы жинақ шоты (НЖШ) ашылып, оған нысаналы жинақтар есептелді» деген ақпарат беріледі.
18 жасқа толғаннан кейін алушы оларды уәкілетті операторға жүгіну арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу үшін пайдалана алады.
Алушы өзінің нысаналы жинақ шотынан үзінді көшірмені БЖЗҚ интернет-ресурсындағы жеке кабинеті арқылы ала алады, онда ол электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып кіруі керек.
Агент:
1) зейнет жасына толған адамдар үшін;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің өтуіне байланысты өкілеттіктері тоқтатылған, ай сайынғы өмір бойы жабдықталымдарды алатын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, ай сайынғы ақшалай жабдықталымдарды алатын отставкадағы судьялар үшін;
6) 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады
Қосымша деректемелерді өзгерту туралы ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз:
https://www.enpf.kz/kz/services/pension/ups/331/22032/
Бала бағдарламаның қатысушысы болып табылады. Бала 2025 жылы туылғандықтан, оған нысаналы талаптар 2026 жылдың ақпан айынан кешіктірілмей беріледі.
Агент міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және (немесе) өсiмпұлды есептеу, аудару кезінде жіберілген қателерді анықтаған немесе МЗЖ салымшысының қателердің анықталғаны туралы жазбаша өтінішін алған жағдайларда қателерді МЗЖ-ның және (немесе) өсімпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен түзетеді.
МЗЖ-ның және (немесе) өсiмпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен қателерді түзету мүмкін болмаған кезде агент қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді.
Қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішке МЗЖ салымшысының жеке зейнетақы шотынан қате есептелген сомаларды есептен шығаруға келісетіні туралы нотариат куәландырған өтініші қоса беріледі.
Агенттің өтініші негізінде Мемлекеттік корпорация қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға электронды түрде өтінім құрады және БЖЗҚ-ға жібереді.
БЖЗҚ қате аударылған МЗЖ және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға электронды түрдегі өтінімді Мемлекеттік корпорациядан алғаннан кейін қайтаруды жүзеге асырады.
2006 жылдың 01 қаңтарына дейін туылған жеке тұлға Нысаналы талаптарға қатысушы бола алмайды.
«Ұлттық қор–балаларға» бағдарламасына Қазақстан Республикасының 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап туылған азаматтары ғана қатысады.
Болашақта алатын зейнетақыңыздың мөлшерін арттыра түскіңіз келсе, зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын да аударып отырсаңыз болады. Ерікті зейнетақы жарналарының артықшылығы көп. Мәселен, Сіз жарна мөлшері мен төлеу кезеңділігін, жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті аударымдарды екінші деңгейдегі банктердің ұялы қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бұл БЖЗҚ салымшылары үшін тиімді әдіс.
Айта кетелік, өзіңіздің ғана емес, кез келген үшінші тұлғаның – мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тіпті кәмелетке толмаған балаңыздың да ерікті зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсеңіз жетіп жатыр.
ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ, зейнетақы жарналарының басқа түрлері сияқты ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ алғашқы жарна аударылған сәтте автоматты түрде ашылады.
Ерікті зейнетақы жарналары да, міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрлері сияқты инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Егер инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50% дейінгі мөлшерін аударуға рұқсат етілсе, ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде сеніп тапсыруға болады.
Сондай-ақ, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап алуға болады.
Салымшының ЕЗЖ аудару туралы дер кезінде қабылдаған шешімі зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және болашақта жоғары мөлшердегі төлемдер алуға негіз бола алады.
Мемлекеттік зейнетақы және жәрдемақы тағайындаған кезде, сондай-ақ банктерде кредит ресімдеу үшін ерікті зейнетақы жарналарының есепке алынбайтынын ескерген жөн.
Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) агенттер төлейді. Агент – БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ, ЕЗЖ аударатын, ұстап қалатын (есептейтін) жеке немесе заңды тұлға. Оларға Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар да жатады.
МЗЖ-ны мына санаттарға жататын азаматтар өз бетінше төлейді:
· жеке кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа немесе фермерлік қожалықтардың басшылары, олардың 18 жасқа толған мүшелері, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдар өз пайдасына төлей алады;
Бұл ретте, МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыс дегеніміз – МЗЖ төленбейтін табысты қоспағанда, әлеуметтік аударымдарды төлеу үшін тұлғаның өзі айқындайтын табыс. Бірақ Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын табыстан аспауы тиіс.
Сонымен қатар, МЗЖ есептеу үшін қабылданатын айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер аталған адамдардың табысы республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген ең төменгі жалақының 1 еселенген мөлшерінен кем болса, олар МЗЖ-ны республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген ең төменгі жалақының 1 еселенген мөлшерінен төлеуге құқылы;
· салық агенттері болып есептелмейтін жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар.
Бұл ретте, МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыс – бұл МЗЖ төленбейтін табысты қоспағанда, әлеуметтік аударымдарды төлеу үшін тұлғаның өзі айқындайтын табысы. Бірақ Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын табыстан аспауы тиіс.
МЗЖ есептеу үшін қабылданатын айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексі "Қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызметтерін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету" бабымен толықтырылды.
Интернет-платформалардың және (немесе) мобильдік қосымшалардың операторы арнайы мобильдік қосымша пайдаланылатын арнайы салық режимін (АСР) қолданатын жеке кәсіпкерлердің (ЖК) кірістерінен міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) ұстап қалуды жүргізеді және ұсталған сомаларды БЖЗҚ-ға аударады. МЗЖ мөлшерлемесі МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыстың 1% мөлшерінде немесе МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыстың 10 пайызы мөлшерінде орындаушының өз қалауы бойынша айқындалады. МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыс деп орындаушылардың көрсетілген қызметтер немесе орындалған жұмыстар үшін алған табысы түсініледі.
Интернет-платформа операторы – интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету бойынша (оның ішінде үшінші тұлғаларды тарта отырып) байланыс орнату үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және өзге де мүмкіндіктер беретін жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға.
Орындаушы – интернет-платформада тіркелген, тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін немесе жария шарт негізінде интернет-платформаны пайдалана отырып жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға.
МЗЖ есептеу үшін қабылданатын табыс дегеніміз – арнайы мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР қолданатын жеке кәсіпкер-орындаушылардың көрсеткен қызметтері немесе орындаған жұмыстары үшін алған табысы.
Бұл ретте МЗЖ есептеу үшін қабылданатын айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Бала бағдарламаның қатысущысы болып табылады. Ол туралы ақпарат 2025 жылы «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорында өзектендірілгендіктен, өтіп кеткен кезеңді ескере отырып, нысаналы талаптар және (немесе) нысаналы жинақтар оған 2026 жылғы ақпанда толық көлемде есептелетін болады (қажет болған кезде).
2023 жылдың аяғындағы жағдай бойынша 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы бола алады. Келесі жылдары туылған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады.
Жыл сайын балаларға есепті жылдан кейінгі жылдың басында бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін Ұлттық қордан он сегіз жасқа толғанға дейін инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түріндегі қаражат есептелетін болады.
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға сәйкес нысаналы жинақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында беріледі. Төлемдер бағдарламаға қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін қол жетімді.
Нысаналы жинақ төлемдерін пайдаланудың егжей-тегжейлі шарттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін нысаналы жинақ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім беру ақысын төлеу мақсатында пайдаланудың тиісті қағидаларында реттелген.