Филиалды таңдаңыз:
03.06.2020
2020 жылдың 1 мамырына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жарналардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 11 460 521 бірлік болды. 2020 жылдың қаңтар – сәуір айларындағы жарналардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 978 170 бірлікке көбейді, оның ішінде 1 034 627 жаңа шот ашылды.
Жеке зейнетақы шоттарын (бұдан әрі – ЖЗШ) жаппай ашу 2020 жылдың сәуір айына тұспа-тұс келді. Осы айда 954 952 жаңа шот ашылып, соның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) бойынша 941 425 шотты алғаш рет Бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) төлеушілер ашты.
БЖТ төлеу арқылы ЖЗШ-ны алғаш рет ашып отырған адамдардың ішінде ауыл тұрғындары 57,6% (541 867), ал қала тұрғындары – 42,4%; әйелдер – 60,9% (573 376 шот), ерлер - 39,1% (368 049).
БЖТ төлеу арқылы жаңа шоттар ашу бойынша Қазақстанның ең белсенді өңірі Шымкент болды, мұнда 290 мыңнан астам шот жаңадан ашылды, нақтырақ айтқанда – 292 771, одан кейін Алматы облысы – 137 521 шот, Жамбыл облысы көшбасшылардың үштігін түйіндеп, 82 566 шот ашты.
БЖТ төлеу арқылы жаңадан шот ашқан БЖЗҚ салымшыларының ең көп үлесін 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жастар – 57,6% (542 069 шот), 25 жастан асқан және 40 жасқа дейінгі азаматтар – 22,1% (207 721), 40 жастан асқан 50 жасқа дейінгі азаматтар – 10,9% (103 437), 50 жастан асқан азаматтар – 9,4% (88 198 жаңа шот) құрады.
Тек 2020 жылдың сәуір айында ғана 2,98 млн. БЖТ төлеуші жалпы сомасы 1,7 млрд.теңге болатын шамамен 3,02 млн. жарна аударды. Бұл ретте БЖТ төлеушілердің 56% (немесе 1 673 183 БЖТ төлеуші) ауылдық жердің тұрғындары болса, ал 44% (немесе 1 307 891 төлеуші) қалалық тұрғындар.
БЖТ төлеушілердің саны жағынан өңірлер арасында Шымкент қ. көш бастап тұр, мұнда 2020 жылдың сәуір айында 591 390 төлем жасаушы (19,8%) жарна салды, тізімдегі екінші орынға Алматы қаласы 15,5%-бен (461 460 адам) жайғасса, үздік үштікті 10% (300 574) төлем жасаушы тіркеген Алматы облысы түйіндеді. БЖТ ең аз төленген өңір – Атырау облысы, онда 2,1% (63 946 төлем жасаушы) тіркелген.
Өздерінің жеке зейнетақы шоттарын биыл кем дегенде бір рет (2020 жылғы қаңтар – сәуір) толықтырған белсенді салымшылардың жалпы саны 8,1 млн.адамды құрады. Ал 2019 жыл бойғы белсенді салымшылардың саны 6,6 млн. адам болатын.
2020 жылғы қаңтар – сәуір айларында түскен жарналардың жиынтық сомасы 347,09 млрд.теңгені құрады. Бұл салыстырмалы түрде алғанда жоғары көрсеткіш және 2019 жылғы осы тәрізді нәтижеден 15% жоғары.
2020 жылдың сәуірінде жеке тұлға-төлеушілер (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар және басқа да жеке тұлғалар) саны және олардан түскен жарналар сомасы тиісінше 36,5% және 40,5% - ға айтарлықтай төмендегені байқалды.
Бұл ретте 2020 жылдың сәуір айында түскен жарналардың жиынтық сомасы ағымдағы жылдың басындағы орташа айлық түсімдер шегінде қалды, өйткені БЖТ төлеу бойынша жоғары белсенділік байқалды.