Филиалды таңдаңыз:
29.12.2020
Эпидемиологиялық жағдайға және коронавирустық індетке (COVID-19) байланысты БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің он бесінші отырысы онлайн-форматта өтті.
Күн тәртібінде бес мәселе қаралды:
1) Қоғамдық кеңестің төрағасы мен төрағаның орынбасарын сайлау.
2) Кеңес құрамын қайта қарау. ҚК жұмысындағы белсенді емес мүшелерді ҚК туралы ережеге сәйкес Кеңес құрамынан шығару. Жаңа кандидатураларды ұсыну.
3) Кеңес туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар жобасын қарау.
4) БЖЗҚ-ның демографиялық трендтер бойынша актуарлық есептері және олардың Қазақстандық зейнетақы жүйесінің дамуына тигізетін әсерін бағалау.
5) Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстардың ағымдағы жағдайы және БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тетігін іске асырудағы рөлі туралы.
Бірінші мәселеге қатысты, Қоғамдық кеңестің бұрынғы төрағасы Евгений Сейпульник өз еркімен қызметінен кетті, Кеңес төрағасының орынбасары Алевтина Донскихты қайта сайлау мерзімі келді. Көпшілік дауыспен БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев сайланды. Төрағаның орынбасары журналист Ирина Ледовских болды.
Екінші мәселе бойынша еске сала кетейік, БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес туралы Ережеге сәйкес (25-тармақ) Кеңес мүшесінің өкілеттігі, егер Кеңестің осы мүшесі Кеңес отырыстарында дәлелсіз себеппен қатарынан екі және одан да көп рет болмаған жағдайда, Кеңестің шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылады. Осыған байланысты Кеңестің ағымдағы құрамынан Н. Ахшабаева, Е. Игібаев, С.Кожухова, А. Моисеева және Е. Шайхутдинов шығарылды. Олардың орнына жаңа мүшелер сайланатын болады. Сарапшы ретінде Кеңеске қаржы талдаушысы, @FINANCEkaz телеграм-арнасының бас редакторы Андрей Чеботарев шақырылды.
Кеңес туралы қолданыстағы ережеге өзгерістер мен толықтырулар ҚК өкілеттіктері мен міндеттерінің ара жігін ажыратуды, Кеңес мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын нақтылауды және оның қызметінің ашықтығын күшейту жөніндегі қосымша нормаларды көздейді. Кеңес мүшелері өз ұсыныстарын білдірді, олардың ұсыныстарын ескере отырып, түзетулер жобасын қабылдау туралы шешім қабылданды.
Бұдан әрі Кеңес мүшелеріне демографиялық болжамдарға құрылған БЖЗҚ-ның актуарлық есеп-қисаптары туралы ақпарат ұсынылды. Кеңес мүшелері демографиялық трендтерге және әлем халқының, оның ішінде Қазақстанның қартаю үрдісіне байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуі қазіргі және болашақ ұрпақтарды лайықты төлемдермен қамтамасыз етудегі дұрыс және маңызды қадам болғанына бірауыздан келісті. Атап айтқанда, мынадай тұжырымдар жасалды: Қазақстанда халық санының өсуі ақырндаса да, 2050 жылдың соңына қарай 24 млн адамға жетеді. Бұл ретте:
1) болжамды өсудің 2/3 бөлігіне «демографиялық импульс» арқылы қол жеткізіледі;
2) болжамды өсудің 1/3-іне туудың жай алмастыру деңгейінен жоғары көрсеткіші мен өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы есебінен қол жеткізілетін болады.
60 және одан жоғары жастағы қазақстандықтардың үлесі 2050 жылға қарай ағымдағы 12%-дан 20%-ға дейін өседі, ал 65 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2050 жылға қарай ағымдағы 7,7%-дан 14%-ға дейін өседі. Бұдан басқа, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25-64) зейнеткерлерге (65+) шаққандағы арақатынасы 2050 жылға қарай ағымдағы 7,0-ден 3,5-ке дейін, екі есеге төмендейді. Бұл мемлекеттік бюджетке әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру бөлігіндегі жүктемені арттырады.
Қорытындылай келе, «БЖЗҚ» АҚ Басқармасының төрағасы Жанат Құрманов ағымдағы жылдың ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделуге ақы төлеу немесе инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына аудару мақсатында пайдалану мүмкіндігі туралы айтып берді. Жанат Құрманов мақсатты пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар үшін көзделетінін атап өтті. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.
Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге және емделуге пайдалану үшін азаматтар уәкілетті операторға («Отбасы банк») не Үкімет айқындаған екінші деңгейдегі банктер атынан әрекет ететін бірнеше операторға жүгінетіні айтылуда. БЖЗҚ өз тарапынан зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебін жүргізуді, жеке зейнетақы шотының жай-күйі және пайдалануға қолжетімді сомалар туралы ақпарат беруді, уәкілетті оператордың сұранысы бойынша салымшы дербес айқындаған жинақ сомасын жіберу арқылы аталған мақсаттарға жұмсалатын біржолғы төлемдерді жүзеге асыруды жалғастырады.
Жинақтардың белгілі бір шектен асатын бөлігін басқарушы компанияларға аудару құқығы салымшыларға өз жинақтарын басқаруға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте салымшы ИПБ-ның инвестициялық стратегиясын зерделей отырып өзі таңдайды.