Филиалды таңдаңыз:
07.06.2021
2021 жылдың 4 маусымынан бастап Алматыда «Әлеуметтік қызметтер үйі» өз жұмысын бастады.
Бұл жобада мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының жұмысы біріктірілген, олардың мақсаты – әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік үйдің ашылуында қала тұрғындарын әлеуметтік дамыту мен қолдау – Алматы әкімдігінің басым және стратегиялық міндеті екенін, ал бұл жобаның мақсаты –Алматыны тең мүмкіндіктер қаласы, яғни, басты орталық – адам болып есептелетін, барлығы қамтылған қалаға айналдыру екенін атап өтті.
Осы жоба шеңберінде ағымдағы жылы 124 мыңға жуық адамды әлеуметтік қолдаумен қамту жоспарлануда, оның ішінде тірек-қимыл аппараты зақымдалған адамдар үйге кедергісіз келе алады. Ғимарат заманауи көтергіш құрылғымен және бірінші қабатта кең операциялық залмен жабдықталған.
776 әлеуметтік маңызы бар қызметтермен қатар, бұл жерде БЖЗҚ-ның зейнетақы қызметтері де қолжетімді болады, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасындағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша кеңес беру-түсіндіру қызметтері;
2) БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін тұтынушылардың деректемелерін өзгерту/толықтыру туралы өтініштерін ресімдеу;
3) ақпарат беру тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісімді ресімдеу;
4) салымшылардың / алушылардың жеке зейнетақы шоттарынан үзінді көшірмелер беру;
5) жеке зейнетақы шоттарын ашу туралы өтініштің көшірмесін / жаңа редакциясын беру;
6) төлемге өтініштерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген тәртіпте ресімдеу.
Барлық қызметтер дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 9:00 мен 18:00 аралығында көрсетіледі, түскі үзіліс – сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін.
БЖЗҚ әрдайым өз салымшылары мен алушыларының қамын ойлайды, әлеуметтік жобаларды қолдайды және азаматтарға зейнетақы қызметтерінің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Әлеуметтік қызметтер үйінің мекенжайы: Алматы қ., Медеу ауданы, Достық даңғылы, 85