Филиалды таңдаңыз:
29.04.2022
Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлтттық Банкі (ҚРҰБ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) инвестициялауы туралы толық ақпарат, сондай-ақ, инвестициялық қызметке 2022 жылдың 1 cәуіріндегі жағдай бойынша шолу enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер – Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланған.
Көрсетілген есептерге сәйкес, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша инвестициялық басқарудағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 13,0 трлн теңге болды. Бұл ретте ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 12 982,64 млрд теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 8,6 млрд теңгеге жетті.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
2022 жылдың 1 сәуірінде ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңес мақұлдаған бағыттар шеңберінде ҚРҰБ (сенімгерлік басқарушы ретінде) инвестициялауының негізгі бағыттары былайша берілген:
- ҚР Қаржы министрлігі шығарған, ағымдағы құны 5 182,93 млрд теңгені (портфельдің 39,92%) құрайтын ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздары. 2022 жылдың 1 сәуіріне теңгеге номиналданған ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 9,7%, ал АҚШ долларында – жылына 3,4% құрады.
- ҚР квазимемлекеттік ұйымдары облигацияларының ағымдағы құны 1 700,04 млрд теңге (портфельдегі үлесі – 13,09%). ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының теңгемен номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 10,8%, АҚШ долларымен жылына 5,5%.
- ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары 928,04 млрд теңге (7,15%). ҚР ЕДБ теңгеге номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік есепті күнге жылына 10,2%.
- шетелдердің мемлекеттік бағалы қағаздары 713,74 млрд теңге болды. Олардың портфельдегі үлесі – 5,50%. БЖЗҚ-ның ЗА портфеліндегі есепті күндегі шет мемлекеттердің МБҚ өтеуге орташа алынған кірістілік жылына 0,4%.
- халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары 399,54 млрд теңге. Олардың портфельдегі үлесі 3,08%. Халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылдық 10,0% болды.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісінде қаржы құралдарының инвестициялық портфелі былайша берілген:
- ұлттық валютадағы инвестициялар – 66,78%, АҚШ долларында – 33,15%, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,06%.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 2022 жылдың басынан бері 304,90 млрд. теңгеге жетті.
2022 жылдың басынан бері салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2,19% .
Бұл ретте 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін соңғы 12 айда (2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың наурызы аралығы) зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,43%.
Эмитенттер көрсетілген қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы мен инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған.
Инвестициялық портфельді басқарушылар
Қазақстандық басқарушы компанияларға берілген қаражаттың жалпы көлемі 8,6 млрд теңге.
"Jýsan Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 3,93 млрд теңгені құрады. Оларға Exchange Traded Funds (ETF) пайлары (29,02%), инвестициялық шоттарда ақшалай қаражатта қалған активтер – 28,18%, ҚРҰБ ноттары (портфельдің 20,24%), ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ (18,68%), Репо – 3,84% сатып алынды. Портфельдің 56,93% теңгемен, 43,07% АҚШ долларында.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде «Jusan Invest» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 5,05% болды.
«Jusan Invest» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
«Halyk Global Markets» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 2022 жылдың 1 сәуірінде 2,42 млрд теңгені құрады. Портфельдің құрылымында кері РЕПО операциялары 44,68%, шетелдік эмитенттер құралдары (ETF пайлары) 18,74%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары 12,23%, шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары 7,62%, ҚР екінші деңгейдегі банктердің облигациялары 6,49%, ҚР ұйымдарының корпоративтік облигациялары 5,05%, ХҚҰ (5,09%) және шоттардағы ақша қаражаты 0,05% мен басқа да активтер (дебиторлық берешек, мерзімі өткен берешек, провизиялар) 0,04%. Портфельдегі ұлттық валютадағы инвестициялар 73,59%, АҚШ долларында 26,41%. «Halyk Global Markets» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 01.01.2022ж. – 31.03.2022ж. аралығында 4,04% болды.
«Halyk Global Markets» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің нақты құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
«BCC Invest» АҚ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 1,41 млрд теңгені құрады. Олар РЕПО 29,49%, пайларға (ETF индекстерге) 25,84%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигацияларына 14,67%, шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына 10,77%, ХҚҰ облигацияларына 6,89%, ҚР ЕДБ облигацияларына 6,11%, ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына 5,80%, инвестициялық шоттардағы ақша қаражатына 0,34%, өзге де активтерге (дебиторлық берешек, мерзімі өткен берешек, провизиялар) 0,09% бөлінген. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 63,28%, АҚШ долларында 36,72% инвестицияланған.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде «BCC Invest» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі ағымдағы жылдың басынан бері 5,54% құрады.
«BCC Invest» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 0,87 млрд теңгені құрады. Олар ҚР ҚМ МБҚ-ға 63,11%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигацияларына 16,56%, шетелдік эмитенттердің үлестік құралдарына (ETF пайлары) 5,09%, инвестициялық шоттардағы ақша құралдарына 3,38% инвестицияланды. Барлық инвестициялар ұлттық валютада жүргізілді.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде «Сентрас Секьюритиз» АҚ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 2022 жылдың басынан бері (-0,72%) құрады.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің толық құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.