Филиалды таңдаңыз:
31.05.2022
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылдың басынан бері салымшылар мен алушыларға 14,4 миллионнан астам қызмет көрсетті. Оның ішінде 9,8 млн-нан астам операция электрондық форматта, 3,4 млн-нан астамы – автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, қазақстандықтар зейнетақы қызметтерінің 93% қашықтан алды.
Естеріңізге сала кетейік, Қор қызметтерін санаулы минуттың ішінде үйден шықпай-ақ алуға болады. Мысалы, enpf.kz сайтында және БЖЗҚ мобильдік қосымшасындағы жеке кабинет арқылы салымшылар кез келген уақытта және кез келген жерде жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме, ЖЗШ-ның бар-жоғы туралы анықтама алып, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша өтініш беріп, төлемге өтініштің мәртебесін қадағалап және т.б. қызмет түрлерін ала алады. Онлайн-форматта 2022 жылдың төрт айында 9,8 млн-нан астам қызмет көрсетілді.
Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу – өтінішсіз қызмет көрсету форматында жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашық ЖЗШ болмаған жағдайда, ол алғашқы жарна келіп түскен кезде БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру МЗЖ, МКЗЖ немесе ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Салымшының қолданыстағы құжатының деректемелері мен тұрғылықты жері туралы барлық қажетті мәліметті БЖЗҚ Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Автоматты түрде 3,4 млн-нан астам қызмет көрсетілді.
Кейбір қызметтерді алу үшін (мысалы, мұрагерлік бойынша немесе тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу) құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажет, оларды пошта арқылы немесе жеке өзі не БЖЗҚ кеңсесінде сенім білдірілген адам арқылы ұсынуға болады. Сонымен қатар, әлі күнге дейін Қор мамандарына жеке жүгінуді жөн көретін салымшылар да бар. Сондықтан, жыл басынан бері БЖЗҚ бөлімшелері арқылы Қазақстан бойынша салымшылар мен алушыларға дәстүрлі түрде 595,2 мың қызмет көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, Қордың жақын жердегі бөлімшесін enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы оңай табуға болады.
«БЖЗҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ-ның шалғайдағы елді мекендерде ұлттық пошта операторының Қор салымшыларына зейнетақы қызметтерін ұсыну жөніндегі бірлескен жобасы аясында 2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 347 пошта бөлімшесінде 5 мыңдай қызмет көрсетілді.
Көшпелі қызмет көрсету барысында шамамен 26,4 мың операция жүргізілді. Қордың мұндай қызмет көрсету түрі, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (мерзімсіз белгіленген 1 және 2 топтағы мүгедектер) салымшылар (алушылар) үшін көзделген.
Атап кету керек, БЖЗҚ салымшыларының ең жиі қолданатын қызметі – жеке зейнетақы шоттарынан үзінді көшірме алу. 2022 жылдың төрт айында ЖЗШ-дан шамамен 12 млн үзінді көшірме берілді, бұл барлық жүргізілген операциялардың 84% құрайды. Осы ретте 9,8 млн жуық үзінді көшірме (немесе барлық берілген үзінді көшірмелердің 81,5%) электрондық түрде алынды.
БЖЗҚ сапалы кеңес беру қызметтерін ұсынуға және Қор салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық арналарды дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша салымшылар мен алушылардан түрлі байланыс арналары арқылы түскен 396 мыңнан астам өтініш өңделді.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары байланыс орталығына 1418 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) хабарласу арқылы, сондай-ақ, enpf.kz корпоративтік сайты, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber мессенджерлеріндегі чат-бот, БЖЗҚ-ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында ақыл-кеңес ала алады.
БЖЗҚ еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Жыл басынан бері кәсіпорындар мен ұйымдарда 8,6 мыңнан астам таныстырылымдар өткізіліп, оларға 190 мыңнан астам адам қатысты.