Филиалды таңдаңыз:
14.06.2022
1. Мамыр айында БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетімде менің ерікті зейнетақы шотыма ҚДКБҚ-дан белгілі бір соманың түскенін көрдім. Осыны түсіндіріп жібере аласыз ба?
Биыл мамыр айында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мәжбүрлеп таратылған және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы, барлық банктік операциялар жүргізу лицензиясынан айырылған 8 банктің («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ мен «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ) салымшыларына кепілдік берілген өтеуі талап етілмеген соманы БЖЗҚ-ға аударды. Бұл қаражат БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу үшін қолданыстағы немесе жаңадан ашылған жеке зейнетақы шоттарына есептелді.
Бәлкім, Сіз аталған банктердің бірінің салымшысы болған шығарсыз, мұндай жағдайда ЕЗЖ есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) кепілдік берілген өтеудің талап етілмеген сомасы басқа зейнетақы активтері сияқты тәртіппен инвестицияланатын болады.
Сұраным жібергеніңізге рахмет!
2. Кәсіпкер, әрі жұмыс беруші ретінде мен қызметкерлердің басқа жұмысқа ауысуларына байланысты зейнетақы жарналарын есептеп, аудару кезінде жұмыскерлердің бүкіл тізімін қайтадан жиі жаңартып отыруға мәжбүрмін. Мұны қалай жеңілдетуге болады?
Дәл осы мақсатта, яғни жұмыс берушілерге қызметкерлердің зейнетақы аударымдарын жеңілдетіп, оңтайландыру, сондай-ақ, зейнетақы қызметтерін ұсынуды жақсарту үшін БЖЗҚ биыл наурыз айында өз сайтында «Заңды тұлғаның кабинеті» жаңа жобасын іске қосты.
Жаңа жоба қызметкерлердің зейнетақы жарналарын аударуы тиіс салық агенттері болып табылатын жұмыс берушілерге арналған. «Заңды тұлғаның кабинеті» міндетті зейнетақы, міндетті кәсіптік зейнетақы және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша төлем тапсырмаларын қалыптастыруға, редакциялауға және баспаға жіберуге мүмкіндік береді.
«Заңды тұлғаның кабинеті» аясында БЖЗҚ-ға төлемдерді жіберуі қажет қызметкерлердің тізімін көріп, оны редакциялауға ыңғайлы мүмкіндік берілген. Бұдан басқа, төлемдер тарихында бұрын қалыптастырылған төлем тапсырмалары бойынша барлық деректерді қарауға болады.
Жаңа қызметке қолжетімділік Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы беретін заңды тұлғаларға арналған электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде ғана қол қою құқығы бар бірінші басшыға немесе қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғаға беріледі, яғни барлық деректер жақсы қорғалған!
Кәсібіңіздің тасы өрге домалай берсін!
3. Марқұм әкемнің шотынан 7 миллион теңге маған мұраға қалды. Бұл ақшаны зейнетке шыққанда есептелген инвестициялық табыспен бірге пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы МЗЖ шотыма сала аламын ба?
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – агенттер (жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар) міндетті түрде төлеуі тиіс ақша. МЗЖ есептеу нысаны қызметкердің ай сайынғы табысы болып табылады. Ал мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтары жұмыскердің табысы емес. Осыған байланысты мұраға қалдырылған ақшаны МЗЖ-ны есепке алу үшін өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңызға (ЖЗШ) сала алмайсыз.
Алайда, бұл қаражатты ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) түрінде басқа ЖЗШ-ға аударуға мүмкіндігіңіз бар. Осы соманы жеке тұлғалар өз пайдасына және өз бастамасы бойынша төлей алады.
Осылайша, сіз мұраға алған ақшаны БЖЗҚ-ға ЕЗЖ ретінде ғана аудара аласыз.
Сізге ЕЗЖ шотын ашудың қажеті жоқ, өйткені бұл қызмет ЕЗЖ аудару кезінде жеке тұлғаның өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы жарнаның негізінде жүзеге асырылады. Әрі салымшы (алушы) алғашқы жарна түскен күннен бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
4. Мен Украина азаматымын, өз елімдегі соңғы жағдайларға байланысты Қазақстанға көшіп келіп, осында тұруға ықтиярхат алдым. Енді осы жерде жұмысқа шықпақ ойым бар. Зейнетақы аударымдарын қайда және қалай жасасам болады?
Қазақстандық зейнетақы заңнамасы, дәлірек айтқанда ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел азаматтарымен зейнетақымен қамсыздандыру құқығын тең дәрежеде пайдаланады деп көзделген.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаты (шетелдіктер үшін – шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамдар үшін – азаматтығы жоқ адамның куәлігі) болған кезде Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
2019 жылдың басынан бастап агенттер (жұмыс берушілер) БЖЗҚ-ға ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) автоматты түрде ашылады. Бұл тізімде Қазақстанда тұруға рұқсат алған адамдар да бар. Аталған жарна Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен МЗЖ аудару кезінде әрбір қызметкердің пайдасына төленетін табыстың 10% мөлшерінде аударылады. Жеке тұлғаның біздің елде тұруға ықтиярхаты бар-жоғын тексеру үшін оның дербес деректері Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен салыстырылады.
БЖЗҚ-да жеке тұлғада МЗЖ есепке алу үшін ашылған ЖЗШ болмаған жағдайда, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тан келіп түскен МЗЖ бастапқы сомасының негізінде ЖЗШ ашылады. Бұл жарнаны агент БЖЗҚ-ға жеке тұлғаның электрондық төлем тапсырмасында көрсетілген деректемелеріне аударады. Осыған байланысты БЖЗҚ-да МЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашу үшін қандай да бір өтініш беру талап етілмейді.
5. Мен зейнет жасына жеткенімде және ай сайынғы зейнетақы төлемдері тағайындалғаннан кейін менің жинақтарымды инвестициялау жалғастырыла бере ме, соны білсем деп едім?
Сіздің жеке зейнетақы шотыңызға келіп түскен барлық ақша, оның ішінде МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ, сондай-ақ, сіз зейнет жасына толғаннан кейін оларға есептелген инвестициялық табыс, өсімпұл және өзге де түсімдер бұрынғысынша зейнетақы активтерінің бөлігі болып табылады және ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, ҚР Ұлттық Банкі тарапынан инвестициялана беретін болады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы толық ақпаратты enpf.kz ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/инвестициялық қызмет» бөлімінен ай сайын көре аласыздар.