Филиалды таңдаңыз:
14.12.2022
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) 1927 жылы Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен құрылды және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік мекемелерді, ұйымдар мен ведомстволарды біріктіретін халықаралық жетекші ұйым болып табылады. Ұйымның штаб-пәтері Женева қаласында (Швейцария) орналасқан, оған әлемнің 150 елінде 320-дан астам мүшелік ұйым тіркелген. БЖЗҚ 2015 жылғы 1 мамырдан бастап ХӘҚҚ-ға мүше.
2022 жылдың қазан айында өткен дүниежүзілік ХӘҚҚ форумында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Бостанұлы Құрманов 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі үш жылдық кезеңге ХӘҚҚ Еуропалық желісінің (IEN) Басқарушы комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Келесі күні бұл мәртебенің құжаттық растамасы келіп түсті.
IEN басқару комитеті ХӘҚҚ мүше елдердің еуропалық ұйымдарының бас директорларынан тұрады. Комитет еуропалық аймақта ХӘҚҚ іс-шаралар бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыстармен айналысады. Оның қызметі Еуропадағы қатысушы ұйымдар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оны IEN Хатшылығы мен ХӘҚҚ Бас хатшылығы бірлесіп қолдайды.
Басқару комитеті IEN іс-шараларын жоспарлау және жүзеге асыру бойынша ұсыныстар береді. Ұйым мүшелерін ХӘҚҚ Бюросының қазіргі мүшелері тағайындайды.
IEN еуропалық қатысушы ұйымдардың басым тақырыптары бойынша іс-шаралар ұйымдастырады. Олардың негізгі бағыты заманауи интерактивті әдістемелерді қолдана отырып, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.