Филиалды таңдаңыз:
17.07.2018
«БЖЗҚ» АҚ осымен үшінші рет БАҚ өкілдері, студенттер және блогерлер үшін зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржы журналистикасы бойынша «ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: қорытындылар және даму бағыттары» тақырыбында оқыту бағдарламасын өткізді.
Биыл оқыту модульдері мына тақырыптар бойынша ұсынылды: зейнетақы құқығын қалыптастыру және жүзеге асыру, қолданыстағы электрондық қызметтердің қалай жұмыс істейтіндігін көрсету, әлем елдерінің жинақтаушы зейнетақы жүйелерімен таныстыру, болашақ зейнетақыны жоспарлау және есептеу, сондай-ақ, «БЖЗҚ» АҚ ақпараттық жұмысы.
Сарапшы ретінде Қордың және Ұлттық Банктің мамандары қатысты. Олар Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер, зейнетақы құқығын қалыптастыру және жүзеге асыру мәселелері және халықаралық зейнетақы жүйелерінің модельдері туралы әңгімеледі.
Бұдан басқа, «Болашақ зейнетақыны қалай жоспарлауға болады?» деген тақырыпта шеберлік сыныбы өткізілді. Қатысушылар Қордың көрсететін қызметтері және өңірлік желісінің жұмыстарымен жете танысты. Сондай-ақ, сарапшыларға өздерін мазалаған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
Мектепке қатысушылар оқыту бағдарламасы аясында тәжірибелік сабақтарға қатысып, Қор филиалы бойынша экскурсия жасады және алған білімдерін пысықтау үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша Kahoot желілік ойынына қатысты. Курс соңында қатысушыларға қаржы журналистикасы бойынша оқыту бағдарламасынан өткендіктері туралы сертификаттар және жүлделер табыс етілді.