Филиалды таңдаңыз:
07.08.2018
БЖЗҚ 2018 жылдың 1 шілдесіне қарай салымшыға шот ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін алуға дейін оған электрондық форматта барлық негізгі қызметтерді көрсете алады. Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру бойынша компанияларға аудару және ерікті жарналар бойынша төлемдер алу секілді онлайн-сервистер әзірленіп жатыр. Шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер, жерлеуге және мұрагерлерге берілетін төлемдер осы қызметтер бойынша құжаттар ұсынудың ерекшелігіне байланысты электрондық сервистер қатарына енгізілмеді.
Электрондық цифрлық қолтаңбаға ие бола отырып, Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беруге, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға, жеке деректемелерге өзгерістер енгізуге, интернет хабарландыруды таңдай отырып, ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш жолдап, оның орындалу барысын қадағалауға болады.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жаңа «Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтініштің көшірме-нұсқасын алу» электрондық қызметі, сондай-ақ «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен өз пайдасына шарт жасасу» сервисі әзірленіп, іске қосылды.
Одан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2018 жылдың мамырында танымал Telegram мессенджері үшін өзінің ботын іске қосты. Пайдаланушылар жаңа қызметтің көмегімен қысқа үзінді-көшірме алу немесе үзінді-көшірмені электрондық поштасына жіберу, Жеке кабинетке кіру паролін қайта қалпына келтіру, Қордың маңызды жаңалықтары және ағымдағы көрсеткіштерімен танысу, сондай-ақ, оның ең жақын бөлімшесін табу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар салышылар және алушылармен өзара байланысты нығайту және кеңейту мақсатында есепті кезеңде жаңа «WhatsApp» қызметін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Ол салымшылар мен алушыларға, олардың ішінде шетелде жүргендерге жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ қызметі туралы қажетті ақпаратты автоматты түрде тез алуға мүмкіндік береді. Жаңа арна шілде айында іске қосылды.
2018 жылдың алғашқы жартысында электрондық арналар арқылы 7,5 млн қызмет көрсетілді. Бұл есепті кезеңде көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 72 пайызын құрады. Бұл ретте Қор кеңселерінде және көшпелі қызмет көрсету барысында 2,9 млн операция орындалды.
Электрондық сервистерді енгізу және дамыту Қор қызметтерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бүгінде Қор қызметтерінің басым бөлігі қашықтықтан көрсетіледі.
Қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде екендігін халықаралық сарапшылар растап отыр. 2018 жылдың наурыз айында «БЖЗҚ» АҚ Сапа Менеджменті Жүйесі бойынша (СМЖ) сертификациялық аудиттен сәтті өтті. Мақсат – оның ISO 9001:2015 халықаралық стандартының зейнетақы қызметтерін көрсету саласындағы талаптарына сәйкестігін растау. Аудитті алдыңғы қатарлы TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) еуропалық компаниясының халықаралық аудиторлары жүргізді.