Филиалды таңдаңыз:
25.12.2018
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үздік эссе байқауының қорытындысын шығарды. Оған 250-ден астам адам қатысты.
Еске саламыз, 2018 жылдың қыркүйегінде БЖЗҚ 12 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар арасында «Менің атам/менің әжем – белсенді зейнеткер» тақырыбы бойынша үздік эссе байқауын жариялаған болатын. Оған қатысушылар өз шығармаларында зейнетке шықса да белсенді өмір салтын ұстанатын ата-әжелері туралы Қормен сыр бөлісті. Осылайша қарттық шақтың да адам өмірінің белсенді әрі жемісті кезеңі екендігіне тағы да көз жеткіздік. Бұған жасөспірімдердің зор ықыласпен жазған жүрекжарды шығармалары куә.
Жүздеген әсерлі де шынайы жұмыстардың ішінен үздік эссені таңдау қиын болды. Алайда қазылар алқасы қазақ және орыс тілдерінде 12 – 14 және 15 – 18 жас санаты бойынша әр топтан үш жеңімпазды анықтады. Қазылар алқасының құрамында БЖЗҚ мамандары, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділдә, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Әлімжан Акбаров, «Жыл он екі ай» балалар журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы және балалар жазушысы Лиля Калаус бар.
Атап өту керек, еліміздің түкпір-түкпірінен келген хаттарды іріктеу жұмыстары: антиплагиат бойынша тексеру, мәтін мазмұнының шығарма тақырыбына сәйкестігі, шығармашылық тәсіл, сонымен қатар байқау шартын сақтау секілді бірнеше кезеңнен тұрды.
Сонымен мына оқушылар жеңімпаз атанды:
12-14 жас (мемлекеттік тілде):
1. Темірбек Жүргенов атындағы (Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы) №123-ші мектеп-лицейінің 7 «Ә» сыныбының оқушысы Ысқақ Ғалия;
2. Жітіқара қаласындағы (Қостанай облысы, Жітіқара ауданы) №1-ші мектептің 7 сынып оқушысы Янгильдина Алина;
3. Арал қаласындағы (Қызылорда облысы, Арал ауданы) Тарас Шевченко атындағы №13-ші мектептің 7 «А» сынып оқушысы Қаниева Маржан.
14-18 жас (мемлекеттік тілде):
1. Есбол ауылының (Атырау облысы, Индер ауданы) Қалам Есқалиев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Меңдіқұлова Әйгерім;
2. Лисаковск қаласындағы (Қостанай облысы) №1-ші орта мектептің 10 «А» сынып оқушысы Гросс Александр;
3. Олжабай батыр ауылындағы (Ақмола облысы, Ерейментау ауданы) орта мектебінің 9 «Б» сынып оқушысы Герц Виктор.
12-14 жас (орыс тілінде):
1. Федосеевка ауылындағы (Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы) орта мектептің 7 сынып оқушысы Баранова Карина;
2. Қырық құдық ауылындағы (Ақмола облысы) орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ербол Аяжан;
3. Петровка ауылындағы (Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) орта мектептің 6 сынып оқушысы Жингель Андрей.
14-18 жас (орыс тілінде):
1. Қадыр Мырзалиев атындағы (Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы) орта мектептің 9 сынып оқушысы Толқынова Томирис;
2. Искра ауылындағы (Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы) орта мектептің 9 сынып оқушысы Писалева Софья;
3. Белов ауылындағы (Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы) орта мектептің 10 сынып оқушысы Деянова Дарья.
Қазақ тілінде жеңімпаз атанғандардың эсселері балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» республикалық газетінде, ал орыс тіліндегі жеңімпаздардың эсселері «Дружные ребята» республикалық газетінде жарияланады. Бұдан басқа, бірінші орын алған оқушылардың жұмыстары Қордың «PRO ЕНПФ» корпоративтік журналының 11 шығарылымында жарық көреді. Сондай-ақ әрбір жас мөлшері мен тіл санаты тобындағы жеңімпаздар кітап дүкендеріне арналған тартулық сертификаттармен марапатталады:
1 орын үшін – 20 000 теңге:
2 орын үшін – 15 000 теңге:
3 орын үшін – 10 000 теңге.
Сонымен қатар байқау комиссиясы әрбір жас санаты бойынша 10 адамды ата мен әжеге деген мейірімге толы шынайы эсселері үшін құрмет грамоталарымен марапаттауды ұйғарды.✉
БЖЗҚ барлық қатысушыларды шығармашылық табыстарымен шын жүректен құттықтайды және қазылар алқасының барлық мүшесіне шексіз ризашылығын білдіреді.