Филиалды таңдаңыз:
04.05.2019
Жыл сайын жүргізілетін тәуелсіз әлеуметтік зерттеу қорытындысы шығарылды. Сол арқылы халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) деген сенім деңгейі айқындалды.
Зерттеу қорытындысы бойынша:
– бір жыл ішінде Қорға деген сенім деңгейі 10 баллдық шәкілде 5,7-ден (2017 ж. желтоқсаны) 6,4 баллаға дейін өсті;
– бір жыл ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейі 10 баллдық шәкілде 5,9-дан (2017 ж. желтоқсаны) 6,3 баллға дейін өсті;
– жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы базалық деңгейге ие тұрғындардың үлесі 60,2 пайызды құрады (2017 ж. желтоқсанында бұл көрсеткіш 58,2 пайыз болған).
Зерттеу Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызға ие 3 қаласының тұрғындарына жаппай сауалнамалық сұрақтар қою әдісі бойынша жүргізілді.
Халықтың отандық зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейін анықтау аясында сауалнамаға қатысушыларға сенім деңгейін он баллдық шәкіл бойынша бағалау ұсынылды. Мұнда «10» саны – толық сенімді, ал «1» - зейнетақы жүйесіне мүлдем сенбеушілікті білдіреді.
Зерттеу көрсеткендей, халықтың Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің орташа көрсеткіші 6,3 балл деңгейінде қалыптасты. Жалпы БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейінің көрсеткіші Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің көрсеткішімен тығыз байланысты. БЖЗҚ шын мәнінде қазіргі зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады және сауалға жауап берушілердің көпшілігі Қорды жүйе жұмысын жүзеге асыру құралы ретінде қарайды. Соған қарамастан, сұхбат берушілердің БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейін анықтауға бағытталған сауалнама Қорға деген сенім деңгейінің, аз да болса, Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің жиынтық көрсеткішінен жоғары екендігін көрсетті.
БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейінің орташа көрсеткіші 6,4 балл болды.
Облыстар мен республикалық маңызға ие қалалар тұрғысынан алып қарағанда зейнетақы жүйесіне ең көп сенім білдіргендер Алматы (7,19 балл) мен Жамбыл (7,13 балл) облысы және Алматы қаласының (7,10 балл) тұрғындары болды. Шығыс Қазақстан (5,16 балл), Ақтөбе (5,01) және Қарағанды облысының (4,71) респонденттері Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне аз сенім білдіретіндер болып шықты.
Егер қала және ауыл тұрғындарының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейін салыстырып қарайтын болсақ, онда Қазақстанның 10 облысында (14 облыстың ішінде) бұл көрсеткіш қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындары тарапынан жоғары. Ауыл халқының сенім деңгейінің орташа көрсеткіші – 6,4 балл болса, ал қала тұрғындарына қатысты көрсеткіш – 6,09 балл.
Тұрғындардың 78,3 пайызы (2017 жылдың қорытындысы бойынша 61 пайыз) еңбек қызметі аяқталған соң, қаржылық әл-ауқаттың негізі зейнетақы болады деген пікірмен келіседі. Бұл ретте тұрғындардың көпшілігі (сауалнамаға жауап бергендердің 44,9 пайызы) өздерінің қаржылық әл-ауқатының негізгі көзі Қордан төленетін зейнетақы жинақтары болады деген сенімде. Ал сауалнамаға жауап берушілердің 33,4 пайызы мемлекеттен төленетін зейнетақыға үміт артады. Бұдан басқа, сауалнамаға қатысушылардың пікіріне сүйенсек, болашақ қаржылық әл-ауқаттың тағы бір үшінші негізі – кәсіпкерлік. Яғни, жауап берушілердің 9,1 пайызы өз бизнесіне үміт артады. Мұндай жауапты негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен өз бизнесін басқарып жүргендер беріп отыр.
Сауалнама нәтижесі жауап берушілердің басым бөлігі БЖЗҚ-ның рөлі мен оның жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін маңыздылығы туралы хабардар екендігін көрсетті. Бұл ретте респонденттердің басым бөлігі БЖЗҚ-ның негізгі атқаратын қызметін жақсы біледі. Демек бұл олардың жинақтаушы зейнетақы жүйесінде Қордың атқаратын рөлін жақсы түсінетіндігін көрсетеді. Жауап берушілер үшін Қор – оның кеңселері мен ресми сайты – жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша негізгі ақпарат көзі екендігі сөзсіз үлкен маңызға ие.
Зерттеу барысында тұрғындарға қосымша түсіндіруді талап ететін тақырыптар анықталды. Мысалы, олар ерікті зейнетақы жарналары мен бірыңғай жиынтық төлем аясында төленетін міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері мен оларды төлеу шарты, инвестициялық басқару және зейнетақы активтеріне есептелетін инвестициялық табыстың қалыптасу қағидалары секілді сұрақтар. Бұдан басқа, республикалық және жергілікті телеарналарды ақпарат беру арналары ретінде қолдану, сондай-ақ ақпаратты халыққа ұялы қосымша мен дербес кеңес беру арқылы жеткізу бойынша ұсыныстар берілді.
Зерттеу тұжырымдары Қорға деген сенімді одан әрі нығайту және халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы хабардарлығын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру барысында ескерілетін болады.