Филиалды таңдаңыз:
28.06.2019
«БЖЗҚ» АҚ 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2019 жылдың 14 сәуірі аралығында жеке табыс салығын (ЖТС) ұстай отырып БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері төленген, табысты түзету немесе салық шегерімін қолдануға құқығы бар зейнетақы төлемдерін алушыларға қайта есептеу жүргізіліп, оларға бұрын ұсталған ЖТС қайтарылып жатқандығын тағы да ескертеді. Бұған негіз болатын құжат: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 241-VІ Заңы. Оның нормалары 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап орын алған қатынастарға таратылады.
Осыған байланысты БЖЗҚ мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ жерлеуге байланысты біржолғы төлемдерді алушыларға бағытталған хабарлау науқанын жүргізуде. Өйткені Қор олардың жоғарыда аталған санатқа жататындығы туралы ақпаратқа ие.
Қор ұсталған ЖТС-тың өтелетіндігі туралы хабарламаны алушыларға мынадай әдіспен жібереді:
1) зейнетақы төлемдерін алушылардың ұялы телефондарына SMS-жіберілім жолдау (егер телефон нөмірі төлемді тағайындау туралы өтініште көрсетілген болса);
2) электрондық пошта мекенжайына (электрондық пошта зейнетақы тағайындау туралы өтініште көрсетілген болса);
3) пуш-хабарлама (зейнетақы шоты бойынша ақпарат алудың электрондық тәсілі таңдалған болса).
Салық шегеріміне құқығы бар зейнетақы төлемдерін алушылар ұсталған ЖТС-ты қайтару үшін Қорға мынадай құжаттар ұсынады: табысты түзетуді немесе салық шегерімін қолдану құқығын растайтын құжаттардың көшірмесі (жерлеуге байланысты біржолғы төлемдерді алушылар мен мүгедектерді қоспағанда, себебі БЖЗҚ бұған дейін жерлеуге байланысты біржолғы төлемдерді алушылардан Қорда зейнетақы жинақтары бар салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік алған және мүгедектердің орталықтандырылған базасына қол жеткізу құқығына ие); табысты түзетуді немесе салық шегерімін қолдану жөніндегі өтініш (оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемді төлеу жөніндегі өтініш те бар).
Ұсталынған жеке табыс салығының өтелуіне қатысты құқық зейнетақы төлемдері, оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемдер жүзеге асырылған күннен бастап 5 жыл бойы сақталады.
Айта кетелік, бұл құқық табыстардың басқа түрлері бойынша салық заңнамасында көрсетілген шекте табысты түзетуді немесе салық шегерімін пайдаланбаған тұлғаларға таратылады.
Зейнетақы төлемдерін алушылар өтірік ақпарат бергені және Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін заң алдында жауап береді.
Табысты түзетуге немесе салық шегеріміне құқығы бар жеке тұлғалардың тізімі БЖЗҚ www.enpf.kz сайтында («Қызметтер»/Алушыларға/Зейнетақы төлемдеріне салық салу тәртібі бөлімінде) көрсетілген. Толық ақпаратты 1418 тегін нөмірі, сондай-ақ Қор кеңселері мен сайты арқылы алуға болады.