Филиалды таңдаңыз:
28.06.2019
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаржы журналистикасы бойынша БЖЗҚ мектебі аясында осымен бесінші рет БАҚ өкілдері, блогерлер және журналистика факультетінің студенттері үшін мемлекеттік тілде қарқынды оқыту курсын өткізді. Шымкент қаласында өткізілген бұл жолғы курс тақырыбы: «Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы қажетті мағлұматтар» деп аталды.
Мектепті өткізудегі мақсат:
– Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша журналистердің біліктілігін арттыру;
– талдамалы контент жасау үшін зейнетақы жүйесі бойынша құзырет пен кәсіби білімді тереңдету;
– білім алуға, өзара тәжірибе алмасуға, сонымен қатар журналистер, блогерлер, журналистика факультетінің студенттері және БЖЗҚ өкілдерінің кәсіби тұрғыда бірлесе әрекет жасауына мүмкіндік беру.
Биылғы курста оқыту модульері мына тақырыптар бойынша ұсынылды: зейнетақы жүйесінің модельдері, отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері, зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер, жинақтаушы зейнетақыны жоспарлау және есептеу, қолданыстағы электрондық сервистер, зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық қызмет, «БЖЗҚ» АҚ ақпараттық жұмысы.
Шара барысында БЖЗҚ басшылығы мен мамандары ашық ақпарат көздеріндегі ақпараттармен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік кеңестер беріп, күрделі қаржылық көрсеткіштер мен статистикалық деректерді түсінуге көмектесті. Сонымен қатар Қор сайтындағы зейнетақы калькуляторының көмегімен зейнетақыны жоспарлау және төлемдерді болжамдау бойынша ақыл-кеңес беріп, зейнетақы жүйесінің дамуы жайында әңгімеледі.
Оқыту курсының соңында қатысушылар алған білімдерін қорытындылау үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша Kahoot интерактивтік ойынына қатысты.
Курс соңында қатысушыларға қаржы журналистикасы бойынша оқыту бағдарламасынан өткендіктері туралы сертификаттар табыс етілді.
Айта кетелік, журналистика мектебі – бұл сертификаттаушы бағдарлама. Ол мерзімді басылымдар, радио, телеарналар және онлайн тәртібінде бұқаралық ақпарат құралдарына сапалы журналистік материалдар дайындау үшін негізгі құралдармен жұмыс істеу дағдысын дамытады. Сонымен қатар бұл өзара білім және тәжірибе алмасуға, БЖЗҚ мамандарынан тікелей ақпарат алуға мүмкіндік беретін бірегей тұғырнама.