Филиалды таңдаңыз:
15.11.2019
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға, кастодиандық қызметтерге, зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша шығындарға, БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтарды инвестициялық және дербес есепке алуға қатысты комиссия шамамен екі есеге қысқарады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаулысымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының комиссиялық сыйақысының 2020 жылға арналған шамасы:
1) инвестициялық табыс сомасының 2,0 пайызы;
2) зейнетақы активтерінің айына 0,011 пайызы көлемінде бекітілді.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы: инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленетіндігін атап өткен жөн.
2014 жылдан бері комиссиялық сыйақының аталған шамалары талай рет азайтылды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіленетін комиссиялық сыйақының нақты шамалары заңда белгіленген шекті шамалардан:
– инвестициялық табыс сомасынан – 3,75 есеге;
– зейнетақы активтерінен – 2,3 есеге төмен.
Комиссиялық сыйақының салыстырмалы және абсолюттік шамаларын азайтуға зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаратын Ұлттық Банктің, сонымен қатар қаржы құралдарын инвестициялық есепке алу, жеке зейнетақы шоттарын дербес есепке алу, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша бірыңғай оператор – БЖЗҚ-ның атқарып жатқан тиімді жұмыстарының арқасында қол жеткізілді.
Инвестициялық шығындар мен кастодиандық қызметтерге қатысты комиссиялық шығындар азайтылды. Бұдан басқа БЖЗҚ әкімшілік шығындары бизнес-үдерістерді автоматтандыру және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, зейнетақы қызметтерін электрондық форматқа ауыстыру және операциялардың жалпы көлемінде олардың үлесін көбейту бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында, сондай-ақ әкімшілік шығындардың бір бөлігін меншікті активтерді инвестициялаудан түскен табыстар арқылы өтеу есебінен қысқартылды.
Комиссиялық сыйақының шамаларын едәуір азайту – инвестициялық табыс пен салымшылар мен алушылардың зейнетақы жинақтарының артуына септігін тигізеді.