Филиалды таңдаңыз:
11.03.2020
БЖЗҚ салымшылары ерікті зейнетақы жарналары есебінен жасалған шарт бойынша жарналарды электрондық әдіспен қалай төлейді?
Соңғы уақытта Қазақстан азаматтары ақшасыз аударымдар жасау барысында әр түрлі банк қосымшаларын жиі пайдалануда. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл үрдістен қалыс қалмай, өз қызметтерін әр түрлі электрондық сервистерге ауыстырып жатыр. Осылайша Қор өз жүйесін мемлекеттік органдармен ғана емес, екінші деңгейдегі банк жүйелерімен де ықпалдастыруды қолға алды.
Ерікті зейнетақы шоттарына жарналарды Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аудару – БЖЗҚ салымшылары үшін керемет жаңалық болды. Қазіргі уақытта Kaspi.kz қосымшасын пайдаланатын кез келген азамат ерікті зейнетақы шотына жарналарды ешқандай комиссиясыз аудара алады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және Kaspi.kz қосымшасы жүктелген әрі интернетке қосылған смартфоны немесе планшеті болса жеткілікті. Әрі қарай жарна аудару өте тез, жеңіл әрі ыңғайлы. Бұл үшін Kaspi.kz қосымшасына кіріп, «Төлемдер» бөліміндегі іздеу жолағына – «Ерікті зейнетақы жарналары» деп жазу керек. Бұдан кейін ЖСН бағанын толтырып, қажетті соманы енгізсеңіз болғаны.
Айта кетелік, өзіңіздің ғана емес, кез келген үшінші тұлғаның – мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тіпті жас балаңыздың да ерікті зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсеңіз жетіп жатыр. Ерікті жарналарды кәмелетке толмағандардың атына да аударуға болады.
Бұдан басқа ерікті зейнетақы шотын өзіне-өзі қызмет көрсетуші Halyk Bank терминалы арқылы да толықтыруға мүмкіндік бар. Мұндай құрылғылар аталмыш банктің әрбір бөлімшесінде орнатылған. Бұл жерде төлем сомасының 0,3 пайызы көлемінде комиссия ұсталынады (комиссия 100 теңгеден төмен болмайды).
Сонымен қатар ерікті жарналарды дәстүрлі тәсілмен – екінші деңгейдегі банктердің кассасы немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Бұл жағдайда да тиісті комиссия қарастырылған.