Филиалды таңдаңыз:
02.03.2021
2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аударуға 238 өтініш түсті. Аударымның жалпы сомасы 692 млн теңгеден асады. Орташа сомасы 3 млн теңге.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 50% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан келіп түсті. Олар орта есеппен 2,5 млн теңге аударады. Елорда тұрғындарынан аударымға өтініштердің шамамен 19% түсті және олар ИПБ-ға орта есеппен 3,8 млн теңгені сеніп тапсыруға дайын. Берілген өтініштердің саны бойынша үшінші орында – Қарағанды облысы (4,2%). Аударымның орташа сомасы 1,2 млн теңгені құрайды. ИПБ-ға жасалатын аударымның ең көп орташа сомасы – 11,4 млн теңгеден астам сома Солтүстік Қазақстан облысында мәлімделген. Мұнда тек 2 өтініш берілді, бірақ жалпы сомасы 23 млн теңге.
Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:
- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе
- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылатын болады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.
Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты үш ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.
1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану туралы 737 өтініш берілген. Аударымның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. 271 өтініш орындалып, уәкілетті операторларда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 277,7 млн теңге аударылды. Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге аударады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,9%), Нұр-Сұлтан қаласы (18,6%) және Атырау облысының (7,3%) тұрғындарынан келіп түсті.
2021 жылғы 1 наурызға уәкілетті операторлардан («Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ «Банк ЦентрКредит» АҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 181 842 өтініш түсті.
Жалпы сомасы 643,1 млрд. теңгеден асатын 121 809 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану туралы өңірлер бөлінісі бойынша толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде ұсынылған. Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатта пайдаланатынын enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсаттары бойынша» бөлімінен білуге болады.