Филиалды таңдаңыз:
26.03.2021
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың басынан бастап 01.01.2021-01.03.2021 аралығындағы кезеңде өз салымшыларына 7,2 миллион қызмет көрсетті. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп. Айта кету керек, өсім электрондық қызметтер бойынша да, БЖЗҚ филиалдарында тікелей көрсетілген қызметтер бойынша да болды.
Виртуалды кеңістікте Қордың 6,6 миллион қызметі көрсетілді, бұл көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінің 91,8% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердің танымалдығы үш есе өсті. Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ сайтында да, мобильді қосымшасында да бар жеке кабинеттің көмегімен салымшылар үйден шықпай-ақ жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме, ЖЗШ-ның бар-жоғы туралы анықтама ала алады. Зейнетақы жинақтарының сомасын ішінара пайдалану және (немесе) ИПБ-ға аудару үшін тексеріп, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру және тағы да басқа көптеген қызметтерді ала алады.
Салымшылардың бір бөлігі бұрынғысынша Қазақстан бойынша орналасқан біздің филиалдарымызға өтініш білдіреді. 1 наурыздағы жағдай бойынша салымшылар БЖЗҚ бөлімшелерінде 581,8 мың қызмет алды, бұл өткен 2020 жылмен салыстырғанда 37,8 мың қызметке (немесе 6,9% - ға) артық.
БЖЗҚ міндеттерінің бірі – сапалы кеңес беру қызметтерін көрсету және Қордың салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық арналарды дамыту екенін атап өту маңызды. 2021 жылдың алғашқы екі айында кері байланыс арналары арқылы салымшылардың өтініштерінің саны бір жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда үш есеге артты. 2021 жылғы 1 наурызға 461,9 мың өтініш, ал 2020 жылғы 1 наурызға 146,8 мың өтініш түсті.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмірі бойынша call-орталықтан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) кеңес ала алады, сондай-ақ, кеңестерді www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары арқылы және Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ ресми парақшаларынан алуға болады.