Филиалды таңдаңыз:
26.03.2021
2021 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне еніп, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге ақы төлеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқығы берілді.
25 наурыздағы жағдай бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін уәкілетті операторлардан («Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, сондай-ақ, «Altyn Bank» АҚ) 245 264 өтініш түсті. Жалпы сомасы 865,3 млрд теңгеден асатын 168 534 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына келіп түскен төлемдердің орташа сомасы 5,1 млн теңгеден асады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану туралы өңірлер бөлінісі бойынша толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде ұсынылған. Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатта пайдаланатынын enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсаттары бойынша» бөлімінен білуге болады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (17,7%), одан кейін Маңғыстау облысы (16,5%) және Нұр-Сұлтан (14,6%) қаласының тұрғындарынан келіп түсті.
3314 өтініш зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану үшін берілген. Оның ішінде 2201 өтініш орындалып, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ уәкілетті операторында ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 2,1 млрд теңгеден аса сома аударылды. Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге пайдаланады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (21%), Нұр-Сұлтан қаласы (17,5%) және Қарағанды облысының (7,8%) тұрғындарынан келіп түсті. Өзекті статистикамен «Көрсеткіштер» - «Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде танысуға болады.
25 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аудару бойынша 924 өтініш келіп түсті.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 39% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан түсті, одан кейін Нұр-сұлтан қаласы (21,7%) мен Маңғыстау облысының (5,8%) тұрғындары тұр.
Қазіргі сәтте берілген өтініштердің 615-і орындалып, ИПБ-ға аударылған қаржының жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд теңгені құрады, бұл ретте аударымның орташа сомасы 2,4 млн теңге болды.
130 өтініш өңдеуге қабылданды, бұл ретте 179 өтінішті қабылдаудан және (немесе) орындаудан бас тартылды. Бас тартудың негізгі себептері – өтініште көрсетілген сұрау салынған сома аударуға қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасынан асып түседі; өтініште көрсетілген сұрау салынған сома өңдеуге қабылданған өтініштерді ескере отырып, аударым үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасынан асып түседі; ИПБ-ға аудару құқығының болмауы және т. б
Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:
- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе
- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылатын болады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.
Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.