Филиалды таңдаңыз:
31.05.2021
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың басынан бастап 01.01.2021-01.05.2021 аралығындағы кезеңде өз салымшыларына 15 миллион қызмет көрсетті. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39% артық.
Электрондық форматта 11,1 миллионнан астам қызмет көрсетілді, бұл қызметтердің жалпы көлемінің 74% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердің танымалдығы екі есеге дерлік өсті. Қызмет көрсетудің екінші танымал тәсілі – автоматты формат (мәлімдемесіз өтініштер). Оның үлесі 14,5% немесе 2,2 миллион қызмет болады.
Салымшылар 1 миллионға жуық қызметті тікелей Қордың қызмет көрсету кеңселерінен алды. Еліміз бойынша 183 қызмет көрсету нүктесінде 2021 жылдың төрт айында салымшыларға 968,3 мың қызмет көрсетілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 321 мың қызметке (немесе 49,6% ) артық.
«БЖЗҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ-ның шалғайдағы елді мекендерде орналасқан ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде көрсетілетін қызмет түрлері бойынша бірлескен жобасының танымалдығы арта түсуде. Естеріңізге сала кетейік, «Қазпошта» бөлімшелерінде төмендегі қызмет түрлерін жүзеге асыруға болады:
· cалымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің деректемелері, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту (толықтыру) туралы өтініш беру);
· хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін) туралы келісімге қол қою.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері 1 мамырдағы жағдай бойынша пошта операторының бөлімшелерінде осы операциялар 5,5 мың рет пайдаланылды.
Салымшылар арасында көшпелі қызмет көрсету бөлімдері де аса танымал. Олар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып жұмыс істейді. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның ішінде қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін тексеру) жүзеге асырылады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу (оның ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу туралы өтініштер) және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсету (1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар) туралы өтініштерді ресімдеу үшін барып қызмет көрсетуге қажеттілік туындаған жағдайда, Қордың мамандары барлық санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, сапарға шығады. Барып қызмет көрсету барысында 2021 жылдың 1 мамырына 20 043 операция жүзеге асырылды.
БЖЗҚ сапалы кеңес беру қызметтерін ұсынуға және Қордың салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық арналарды дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2021 жылдың төрт айында кері байланыс арналары арқылы салымшылардың өтініштерінің саны бір жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есеге артты. 2021 жылғы 1 мамырға 714 мыңға жуық өтініш, ал 2020 жылғы 1 мамырға барлығы 440,8 мың өтініш қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмірі (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) арқылы байланыс орталығында кеңес ала алады. Сондай-ақ, ақыл-кеңестерді www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боты арқылы алуға болады, түрлі ақпараттар Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларында да жарияланған.