Филиалды таңдаңыз:
11.06.2021
2021 жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 313 411 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,4 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңге.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,46%), Маңғыстау облысының (16,21%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,97%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімдері).
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ болып табылады.
Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 157,4 млрд теңге қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Бұған қоса, БЖЗҚ-ға емделуге барлығы 13 595 өтініш келіп түсті, оның ішінде 9 млрд теңгеден аса сомаға 9 530 өтініш орындалды, орташа сомасы – шамамен 1 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 1,8 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.
Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес) ұсынады.
Уәкілетті операторға растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуы тиіс.
Салымшы, сондай-ақ аударылған соманы «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға тиісті өтініш беру арқылы қайтара алады, оны банк алушыдан қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Салымшылардың назарын олар сұратқан зейнетақы жинақтарының сомасы БЖЗҚ-дан уәкілетті оператордағы арнайы шотқа аударылғаннан кейін бұл қаражаттың инвестициялық басқарудан алынатынына, демек, оған инвестициялық табыстың есептелмейтініне аударғымыз келеді.
Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттің заңда көзделген кепілдігі қолданылмайды. Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтінішінде көрсетілген тәсілге сәйкес жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және ұстап қалу жүргізіледі
Жалпы алғанда, салымшылар жалпы сомасы 159,2 млрд теңгеге 46 222 өтінішті (тұрғын үй/емделу) қайтарды. Осыған орай, БЖЗҚ-ға қаражатты қайтару, инвестициялық табыс пен мемлекет кепілдігін жоғалту, сондай-ақ, ЖТС-ты мерзімінен бұрын есептеу жағдайларын болдырмау үшін салымшыларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды жауапкершілікпен әрі мұқият жоспарлауды ұсынамыз. Зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін өтінім бергенге дейін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.
Инвестициялық портфельді басқарушыларға ағымдағы жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша 3,9 млрд теңгеге жуық қаржы аударылды. БЖЗҚ келіп түскен 2352 өтініштің 1813-ін орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 2,1 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика да enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру» бөлімінде жарияланып отырады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы төрт ИПБ-мен шарт жасасты, олар – «Jysan Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ. Сіз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен көре аласыз.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-нан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.