Филиалды таңдаңыз:
22.09.2021
БЖЗҚ-ның 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі негізгі көрсеткіштері
2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,9 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. 01.09.2020 жылдан бастап 01.09.2021 жылға дейінгі бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарының сомасы 704 миллиард теңгеге немесе 6% өсті.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,6 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 5%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 342,6 млрд теңге (өсім – 17%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,6 млрд теңгеге жетті.
2021 жылдың толық сегіз айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда көбірек қаражат салды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 1,1 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 397,4 млрд теңгеге немесе 58% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 95,6% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды, ол 812,9 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім - 24%), МКЗЖ бойынша 36,5 млрд теңге (өсім 16%), 432 млн теңге (өсім 38%) ЕЗЖ бойынша аударылды.
Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2021 жылғы 1 қаңтар айынан 1 қыркүйекке дейін 938,9 млрд теңге болған таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8% немесе 67 млрд теңгеге артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 1 қыркүйекке 7,65%, ал инфляция 5,8% құрады. Бұл ретте соңғы 12 айдағы кірістілік – 10,68% , осы кезеңдегі инфляция – 8,7% көрсетті.
БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 11,6 млн бірлікке тең. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған, олардың саны – 10 905 014 бірлік. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар - 531 323 бірлік. БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 51 645 бірлік болды.
Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2,0 трлн теңге төленді, төлемдердің басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады, оның көлемі – 1,8 трлн теңге. Төлемдер сомасы бойынша екінші орында жасы бойынша төлемдер – 62,0 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар, ол шамамен 44,0 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 38,8 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 25,1 млрд теңге, жерлеуге – 3,4 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 1,4 млрд теңге.
Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 568 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 673 643 теңге болды.