Филиалды таңдаңыз:
18.01.2022
Қазақстанның бірқатар өңірінде төтенше жағдай тәртібінің тоқтатылуына байланысты Қор кеңселері ішінара бұрынғы жұмыс кестесіне оралды. Мәселен, 2022 жылдың 14 қаңтарынан бері Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында, 17 қаңтардан бері Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы қызмет көрсету кеңселері әдеттегі кесте: сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету тәртібін жандандырды.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, сондай-ақ Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында 2022 жылдың 19 қаңтарына дейін төтенше жағдай тәртібінің сақталуына байланысты салымшылар мен алушыларға Қор кеңселері сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін қызмет көрсетуін жалғастырады.
Бұл ретте, өңірдегі жағдайдың жалпы тұрақтануын ескере отырып, Алматы қаласында Сейфуллин көшесі, 168 Б, Ақсай 1 ықшамауданы, Төле би көшесі, 15 «Б» мекенжайында орналасқан бөлімшелер күндізгі қызмет көрсету тәртібіне кірісті, сондай-ақ, Қордың Жамбыл облыстық филиалының Шу қаласындағы, Қордай және Меркі ауылдарындағы қызмет көрсету орталықтарында салымшыларға жеке қызмет көрсету қайта басталды.
БЖЗҚ байланыс орталығы салымшылар мен алушылардың сұрақтарына 9:00-ден 18:00-ге дейін жауап береді.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ қызметтерін онлайн-форматта да алуға болады. Салымшылар БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшадағы жеке кабинет арқылы кез келген уақытта, әрі кез келген жерде қызмет ала алады. Мысалы, бұған жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша өтініш беру, төлемге өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау және т.б қызметтер жатады.