Филиалды таңдаңыз:
11.03.2022
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 2022 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) күшіне енеді. Бұған дейін Президент Қасымжомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №875 қаулысымен 2021 жылға есептелген ТЖШ қолдану мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін салымшы (алушы) тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алуға қолжетімді зейнетақы жинақтарының бар-жоғына көз жеткізуі тиіс. Мұны enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинетте, сондай-ақ, egov порталы мен мобильді қосымшасында көруге болады.
Одан әрі салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтініш бергені жөн. Бүгінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштер қабылдайтын уәкілетті операторлар: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ, емделуге «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ болып табылады. Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті қарағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді қаражат уәкілетті оператордан электрондық хабарлама келіп түскен күнгі ТЖШ ескеріле отырып тексеріледі. БЖЗҚ электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады.
Назар аударатын жәйт, 2022 жылға арналған ТЖШ 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, БЖЗҚ уәкілетті операторлардан БЖЗҚ-ға 2022 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін келіп түскен өтініштер бойынша 2021 жылға есептелген ТЖШ шамаларына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін жүргізетін болады.
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында ТЖШ – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері деп айқындалған. ТЖШ айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен (2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістері мен толықтыруларымен) бекітілген.
Әдістемеге сәйкес, ТЖШ мөлшері жыл сайын әр жас үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылады.
ТЖШ шамалары туралы ақпарат БЖЗҚ сайтында келесі сілтеме бойынша жарияланған https://www.enpf.kz/kz/services/withdrawal/withdrawal-check.php