Филиалды таңдаңыз:
28.06.2022
Ашық есік күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары мен алушылары үшін дәстүрлі іс-шараға айналып үлгерді. Салымшылар мен алушыларға ыңғайлы болу үшін біздің қызметкерлер оны тағы да виртуалды кеңістікте өткізді.
Кез келген адамның үйінен шықпай-ақ онлайн платформа арқылы іс-шараға қосылып, Ашық есік күніне қатысу мүмкіндігі болды. Басты тақырып – «Зейнетақы активтерін басқару: Зейнетақы активтері қалай және қайда инвестицияланады?».
БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарының үздіксіз инвестицияланып, салымшыға жұмыс істейтіні белгілі. Өткен жылдың өзінде ғана 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі таза инвестициялық табыс есебінен зейнетақы жинақтарының өсімі 1,4 трлн теңгеге жетті. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік – 8,4% инфляция кезінде 11,13%. Инвестициялық табыс құрамына бағалы қағаздар (салымдар мен басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі табыс, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі табыс, валюталық қайта бағалау түріндегі табыс, сыртқы басқарудағы активтер бойынша табыс және т.б. кіретінін еске саламыз.
Іс-шара қонақтары салымшылардың зейнетақы жинақтарының сомасы апта сайын зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесіне сәйкес қайта есептелетінін және қайта бағаланатынын, ал инвестициялық табыс құрамына бағалы қағаздар (салымдар мен басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі табыс, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі табыс, валюталық қайта бағалау түріндегі табыс, сыртқы басқарудағы активтер бойынша табыс және т.б. кіретінін білді. Инвестициялардың 2/3 бөлігіне жуығы теңгемен және 1/3 бөлігіне жуығы шетелдік валютамен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылған. Қаржы құралдарының құны мен валюта бағамдары үнемі құбылып отыратындықтан, нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түсетін табыс бөлек алған кезеңде жағымды болуы да, жағымсыз болуы да мүмкін.
Зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді инвестициялар екенін және инвестициялық табыс мөлшерін кемінде бір жылдық кезең үшін сараптаған дұрыс екенін атап өтейік. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, себебі нарықтық жағдайдың тұрақты ағымдағы өзгерістеріне байланысты.
Қор мамандары БЖЗҚ салымшыларының өз жинақтарының бір бөлігін Ұлттық банкпен қатар инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға аудара алатынымен бөлісті. Қазір БЖЗҚ төрт ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасады. БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алған соң ИПБ да оларды рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайтынын еске саламыз.
Жалпы, ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес мемлекет зейнетақы жинақтарын зейнетақы төлеміне құқық алған сәттегі инфляцияны ескеріп сақтау кепілдігін қамтамасыз етеді. Әлемнің ешбір елінде жоқ бұл норма салымшылардың жинақтарын инфляциядан сақтауға көмектеседі. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ету бойынша кепілдігімен алмастырылады.
Еліміздің барлық жерінде іс-шараға көп адам қатысты. Әрбір қатысушы Ашық есік күнін өткізудің электрондық форматын жақсы бағалап, көпшілігі БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ақпаратты және Қордың зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдарын www.enpf.kz ресми сайтында өз бетінше зерттеуге ниет білдірді.