Филиалды таңдаңыз:
17.09.2018
2018 жылдың 17 қыркүйегінде «БЖЗҚ» АҚ Басқарма Төрайымы Нұрбибі Наурызбаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысына қатысты.
Өз сөзінде Нұрбибі Серікқажықызы Қор қызметінің негізінде сенімділік, ашықтық, тұтынушыларды бағдар тұту, салымшылар алдында жауапты болу секілді құндылықтар жатқандығын атап өтті. Бұдан басқа, тікелей және алыстан қызмет көрсету, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесін дамыту арқылы тұрғындардың зейнетақы қызметтеріне бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш салынып жатыр. Сонымен қатар 2018 жылдың қыркүйегінде «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы трансфер-агенттік қызмет көрсету жоспарланған.
2018 жылдың алғашқы жартысында орындалған операциялардың жалпы көлемі 10,5 миллион бірлікті құрады. Ал бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға көп (8,3 млн операция). Көрсетілетін қызметтер саны электрондық қызметтерді белсенді түрде дамытудың арқасында өсті. Егер 2014 жылдан бастап 2017 жылдың басына дейін тек шоттан берілетін үзінді-көшірмелер ғана электрондық форматта қолжетімді болса, 2017 жылдың екінші жартысынан күні бүгінге дейін негізгі қызметтердің барлығы дерлік электрондық форматта қолжетімді. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Осылайша көрсетілетін бүкіл қызметтердің ішінде электрондық форматтағы қызметтердің үлесі 45 пайыздан (2016 жыл) 62 пайызға дейін өсті (2018 жылдың бірінші жартысына қарай).
«2017 жыл мен 2018 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция қарқынынан жоғары болды, - деді өз сөзінде Нұрбибі Наурызбаева, - жалпы қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бүкіл кезеңінде жинақталған табыстылық деңгейі 481,1 пайызға жетті. Ал бұл кезеңде жинақталған инфляция деңгейі 474,2 пайыз болды».
Бұл ретте зейнетақы жинақтарының жылдық өсу қарқыны едәуір жоғары және бұл орта есеппен 20 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының көлемі 8,4 трлн теңгеге жетті. Оның 63 пайызы енгізілген жарналардан тұрса, 37 пайызы инвестициялық табыс есебінен құралған.
Еске саламыз, ҚР Ұлттық Банкі ұзақ мерзімді келешекте табыстылықтың тұрақты деңгейін қамтамасыз ету мақсатында өзінің инвестициялық стратегиясында әртараптандырылған инвестициялық портфель тұжырымдамасын ұстанады. Инвестициялық портфель әр түрлі қаржы құралдарынан тұрады. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша портфельдің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына тиесілі. Олардың пайыздық үлесі – 46,7% болды. Одан кейін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары. Олардың портфельдегі үлесі – 19%. Портфельдің валюталық құрылымына келетін болсақ, зейнетақы активтерінің 68 пайызы теңгелік қаржы құралдарына, ал 32 пайызы шет мемлекеттердің валютасында номинирленген қаржы құралдарына салынған.
Өз сөзінде БЖЗҚ Басқарма төрайымы Қордың жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін және тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту жұмыстары одан әрі жалғаса беретіндігін жеткізді. Өйткені болашақта зейнетақымен қамсыздандыру - зейнетақы жарналарының толық көлемде және тұрақты аударылып тұруына тікелей байланысты. Еске сала кетелік, Қор биыл ақпан айынан бастап зейнетақы жарналары түспейтін шоттарды өңдеу жұмыстарын бастады. Осылайша бірде-бір рет жарна түспеген, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бірақ соңғы жылдары жарна ешқандай түспеген шоттар анықталды. Сөйтіп, Қор 218 мыңнан астам салымшымен нақты байланыс орнатты. Олардың ішінде 51 мыңға жуық адам өз шоттарына жарна ретінде 1 миллиардтан астам теңге аударды.
Алайда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуы, оның табыстылығы, барабарлығы көп жағдайда елдегі экономикалық ахуалға тікелей байланысты: нақты экономика секторларының дамуы еңбек өнімділігінің және халық табысының өсуіне септігін тигізеді. Инфляцияның төмендеуі, экономикадағы бағаның тұрақтылығы зейнетақы жинақтарының нақты бағасына оң әсер етеді. Халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру оларға болашақ зейнетақы үшін өз табыстары есебінен Қорға тұрақты түрде жарна аударып тұруларына мүмкіндік береді.
Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша зейнет жасына толған кезде жоғалтатын табыстың орнын басу коэффициенті зейнет жасына дейінгі табыстың кемінде 40 пайызын құрауы керек. БЖЗҚ-ның жасаған актуарлық болжамдары бойынша 2042 жылға қарай ең кең тараған табыстар тобындағы (73 мың теңгеден 147 мың теңгеге дейін) әйелдер арасында орнын басу коэффициенті 46,23 пайызды, ал ерлер арасында 49,13 пайызды құрайды. Бұл ретте жүйедегі зейнетақы жарналарының ағымдағы орташа кезеңділігі (жылына 8 рет) негізге алынды. Егер жарналар Қорға жылына 12 рет аударылатын болса, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары да төленетін болса, орнын басу коэффициенті ерлер үшін 57,1 пайызға және әйелдер үшін 54,8 пайызға дейін өседі.