Филиалды таңдаңыз:
28.02.2019
2019 жылдың 1 ақпанына қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,4 трлн теңгені құрап, соңғы 12 ай ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейді. Еске сала кетелік, былтырғы жылдың 1 ақпанына қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,8 трлн теңге болған еді. Осы кезең ішінде салымшылардың шоттарына үлестірілген зейнетақы активтерінің өсімі 21 пайызға жетті. Бұл ретте зейнетақы активтері зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстан құралатындығын еске саламыз.
2019 жылдың қаңтар айында зейнетақы түсімдерінің сомасы 70,8 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 65,3 млрд теңге болды. Сәйкесінше бір жыл ішіндегі өсім 5,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл ретте түсімдердің басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ) тиесілі – 66,5 млрд теңге. Қаңтар айында барлығы 4,9 млн міндетті зейнетақы жарналары түскен. Жарналардың орташа сомасы 13,7 мың теңгені құрады.
2019 жылдың алғашқы айында салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 15,4 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 млрд теңгеге (немесе 57%-ға) жоғары.
12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,3 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,2 пайызды көрсетті. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыстылық – 6,1 пайызды құрады.
2019 жылдың 1 ақпанына қарай, ҚР Ұлттық Банкінің басқаруына берілген зейнетақы активтері портфеліндегі мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 44,09 пайызды құрады. Олардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (01.02.2018 ж. – 44,47%) өзгерген жоқ деуге болады. Теңгеде номиналданған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша өтелуіне қарай орташа өлшемдік табыстылық жылдық 7,0 пайызды, АҚШ долларында – жылдық 4,4 пайызды құрады.
Ал Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдары облигацияларының үлесі 13,80 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен біршама жоғары (01.02.2018 ж. – 10,11%). ҚР теңгеде номиналданған квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары бойынша өтелуіне қарай орташа өлшемдік табыстылық жылдық 10,3 пайызды, ал АҚШ долларында – жылдық 5,0 пайызды құрады.
Зейнетақы активтерінің портфелінде ҚР екінші деңгейдегі банктері облигацияларының үлесі – 13,3%-ға пайызға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда (01.02.2018 ж. – 15,82%) төмендеді. ҚР екінші деңгейдегі банктерінің теңгеде номиналданған облигациялары бойынша өтелуге қатысты орташа өлшемді табыстылық жылдық 10,0 пайызды, ал АҚШ долларында жылдық 6,6 пайызды көрсетті.
Шет мемлекеттердің шетел валютасында номиналданған мемлекеттік құнды қағаздарына жасалған инвестициялар үлесі 12,81 пайызды құрап (01.02.2018 ж. – 12,61%), өтеуге қатысты орташа табыстылық жылдық 3,7 пайызды көрсетті.
Қордың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының қай валютада номиналданғаны былайша келтірілген: зейнетақы активтерінің 67,61 пайызы ұлттық валютада, 31,97 пайызы АҚШ долларында, 0,42 пайызы өзге валюталарда инвестицияланған.
Зейнетақы активтері портфелінің 72,7 пайызы – рейтингі «AAA»-дан «BBB» дейін болатын қаржы құралдарына, 12,2 пайызы – рейтингі «BB+»-тен «B-»-қа дейін болатын қаржы құралдарына орналастырылған.
БЖЗҚ-ның сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелінің құрылымдық үлестірілімі БЖЗҚ Инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес келеді.
2019 жылдың 1 ақпанына қарай шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,4 млн бірлікті құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған шоттар 9,9 млн бірлік (95 пайыз), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша ЖЗШ саны 0,5 млн бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 0,05 млн бірлік болды. 2019 жылдың қаңтар айында МЗЖ бойынша ашылған шоттардың саны 11 293 бірлікті құрады. Олардың ішінде 9 409 шот автоматты түрде ашылды. Зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылу тәртібі 2019 жылдың 08 қаңтарында енгізілген.
2019 жылдың қаңтар айында зейнетақы қоры тарапынан тұрғындарға 2,4 млн операция көлемінде қызмет көрсетілді, оның ішінде электрондық қызметтердің үлесі 86 пайызды құрады. Осы кезеңде азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша 58,7 мың өтініші қаралды. Кәсіпорындар мен ұйымдарда 1955 көшпелі таныстырылымдық шара өткізіліп, оларға 65,3 мың адам қатысты.
2019 жылдың алғашқы айында зейнетақы төлемдері 31,53 млрд теңгені, оның ішінде жасына байланысты төлемдер 23,64 млрд теңгені, сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 2,65 млрд теңгені, ҚР шегінен тысқары жерлерге тұрақты кетуге байланысты төлемдер 2,66 млрд теңгені, мұрагерлік бойынша төлемдер 1,89 млрд теңгені құрады.