Филиалды таңдаңыз:
06.03.2019
2019 жылдың 1 ақпанына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны – 10,4 млн бірлікті құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған шоттар – 9,9 млн бірлік (95%), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша ЖЗШ саны – 0,5 млн бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 0,05 млн бірлік болды.
2019 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ базасында МЗЖ бойынша ашылған шоттардың саны шамамен – 11,3 бірлікті құрады. Бұл ретте МКЗЖ есепке алу бойынша ЖЗШ саны шамамен – 2,9 мың бірлік болса, ЕЗЖ бойынша 1,1 мыңнан астам шот ашылды. Сонымен қатар 3,3 мыңға жуық шот жабылды.
Жалпы 2019 жылдың қаңтар айында жеке зейнетақы шоттарының саны бойынша өсім 12 мыңнан астам бірлікті құрады және шоттар санының көбеюі одан әрі жалғасуда.
2019 жылдың қаңтар айында МЗЖ есепке алу бойынша 11,3 мың шот ашылған болса, олардың ішінде 9,4 мың шот алғашқы жарна түскен сәтте автоматты түрде ашылды. Зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылу тәртібі 2019 жылдың 08 қаңтарында енгізілгендігін айта кеткен жөн.
Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ашылған шоттардың арасында сәйкестендірілмеген, яғни иелерінің қарауынсыз қалған шоттар да бар. Олар кезінде «үнсіз келісім бойынша» ашылған, жұмыс берушілер тарапынан жарналарды аудару барысында салымшылардың деректемелері қате жазылған шоттар. Бұл мәселе жинақтаушы зейнетақы жүйесінің алғашқы жылдарынан бастау алады. Ол кезде егер жұмыскер қандай да бір жеке зейнетақы қорымен шарт жасаспаған болса, жұмыс беруші оның міндетті зейнетақы жарналарын автоматты түрде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға тиісті болды. Яғни, аталмыш Қор салымшымен қағаз жүзінде шарт жасаспай-ақ, яғни «үнсіз келісім бойынша» оның міндетті зейнетақы жарналарын қабылдауға міндеттенді. Бұл ретте жұмыс берушілердің есепшілері міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына аудару барысында салымшылардың жеке деректемелерін енгізуде (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні) қателікке жиі жол беретін. Салымшы кейін дұрыс деректемелері бойынша басқа қормен жаңадан шарт жасасқан кезде бұрынғы мемлекеттік қордағы шоты сол күйі жабылмай қалып қойып жатты. Ал бұл шоттарға одан әрі күн сайын инвестициялық табыс есептеледі.
Жеке қорлардағы зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырғанан кейін салымшылардың деректемелері қате жазылған шоттардың саны шамамен 820 мың бірлікті құрады.
Қазіргі кезде Қор мамандары шоттарды өңдеу, иелерін анықтау жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыруда. Бұл ретте салымшылардың деректемелері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен салыстырылады. Биылғы жылдың қаңтар айында 5 мыңнан астам қате ашылған шоттар, яғни техникалық шоттар сәйкестендірілді.
2019 жылдың 1 ақпанына қарай БЖЗҚ дерекқорында шамамен осындай 211 мың техникалық шот қалды.
Қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыстар одан әрі жалғасуда және Қордың стратегиялық мақсаттарының бірі – үнсіз келісім бойынша ашылған шоттардың толығымен сәйкестендіру.