Филиалды таңдаңыз:
26.07.2019
БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жаңа енгізілімдер туралы жиі келіп түсетін сұрақтарға байланысты келесі түсініктеме береді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылдың 2 тамызында қабылданған № 342-V Заңына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру мақсатында Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған қосымша шартты-жинақтаушы құрамдауышты енгізу көзделіп отыр.
Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс берушілердің ай сайынғы кірісінің 5 пайызы мөлшерінде БЖЗҚ-дағы қызметкерлердің шартты зейнетақы шоттарына аударылатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖБМЗЖ) есебінен қалыптастырылатын болады.
Зейнетақы жасына жеткен азаматтар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары аударылған I және II топ мүгедектігі барлар (мүгедектігі мерзімсіз белгіленген жағдайда) жаңа құрамдауыштан зейнетақы төлеу құқығына ие болады. Бұл ретте шартты-жинақтаушы құрамдауыштан төленетін зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберіндегі зейнетақы төлемдері азаматтарға өмір бойы төленетіні маңызды артықшылық болып табылады.
Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберінде зейнетақы жарналары жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүргізілетіндіктен, оларға қызметкерлердің меншік құқығы және мұрагерлік құқығы қолданылмайды. Қайтыс болғандардың, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен және өмір бойы төлем үшін жеткіліктілік сомасынан асатын зейнетақы жинақтары бар адамдардың шартты зейнетақы шоттарындағы қаражат, шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалған қатысушылары арасында қайта бөлінетін болады. Осылайша шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі жинақтаушы ғана емес, тарату жүйесінің де элементтерін біріктіреді.
Нәтижесінде, шартты зейнетақы жинақтарына жұмыс берушінің белгілі бір қызметкердің пайдасына жасаған зейнетақы жарналары ғана емес, сонымен қатар жүйеден мерзімінен бұрын шыққан басқа қатысушылардың шартты зейнетақы шоттарынан қайта бөлінген сомалар, сондай-ақ, шамадан тыс жинақтары бар қатысушылардың шоттары қосылады. Қаражатты қайта бөлу сәйкес жастағы топтар арасында теңдей жүзеге асырылады (жас топтары туған жылы бойынша қалыптасады).
Осылайша шартты зейнетақы жүйесі әлеуметтік құрамдас бөлікке ие, себебі, кірісі жоғары азаматтардың пайдасына тиесілі жинақтар табысы аз азаматтардың пайдасына ішінара қайта бөлінеді.