Филиалды таңдаңыз:
19.09.2019
Қазақстанда зейнетақы жүйесінің көпдеңгейлі моделі жұмыс істейді. Ол зейнет жасына толған барлық зейнеткерлерге төленетін базалық зейнетақыны, 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға төленетін ортақы зейнетақыны, сондай-ақ зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін және ерікті зейнетақы жарналарын қамтиды. Базалық зейнетақы мен ортақ зейнетақы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Міндетті және ерікті жинақтаушы құрамдауыштар БЖЗҚ-ның құзыретіне кіреді.
Халықаралық еңбек ұйымының стандартына сәйкес, құрметті демалыстағы азаматтардың зейнетақы төлемдері олардың зейнет жасына дейін алып жүрген айлық табысының орташа мөлшерінің кемінде 40 пайызын құрауы керек. Алмастыру коэффициенті деген осы. Қазақстанда табысты алмастырудың жиынтық коэффициенті халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
2018 жылдың қорытындысы бойынша ерлер бойынша орташа алмастыру коэффициенті – 44,9 пайызды, ал әйелдер бойынша – 46,4 пайызды құрайды.
Қазіргі уақытта жиынтық зейнетақы құрамында мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылардың үлесі басымдыққа ие. Алайда жылдар өткен сайын Қордағы зейнетақы жинақтарының үлесі мен маңыздылығы арта түсетін болады.
Қазақстанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша алмастыру коэффициентінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтаушы бөліктің үлесі – 12,4 пайызын құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер үшін алмастыру коэффициентінің көрсеткіші орта есеппен 12,3 пайызды құрайды.
Қазақстан Республикасында жинақтаушы бөліктің алмастыру коэффициентіндегі үлесінің төмен болуы міндетті зейнетақы жарналарының (бірқатар елдермен салыстырғанда 10%, ал 1998 жылға дейін елімізде зейнетақы жарнасы 25,5% болған) мөлшері мен зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңінің (1998 жылдан бері) әлі толық еместігіне байланысты орын алып отыр.
БЖЗҚ актуарлық есептеулеріне сүйенер болсақ, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне толық мерзімде қатысқан (40 жыл) және міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған (жылына 12 рет) салымшы үшін МЗЖ есебінен алмастыру коэффициенті орта есеппен 30 пайызды, ал 2050 жылға қарай 46-60 пайызға дейін өседі.
Осылайша болашақта міндетті зейнетақы жинақтары ортақ зейнетақының орнын басып, оның алмастыру коэффициентіндегі үлесі арта түседі.