Филиалды таңдаңыз:
31.01.2020
Қазақстанның маңызды қаржы институттарының бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2019 жылды қорытындылады.
Былтырғы жылдың 12 айы барысында барлық көрсеткіштер оң сипатта дамыды. Нақты айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарына қарай Қордың зейнетақы жинақтары 10,8 триллион теңгеге жетті. Жарналардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 10 миллионнан асты. Дәлірек – 10 672 567 бірлікті құрап, бір жыл ішінде 3 пайызға өсті. Жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған – 9,9 млн бірлік. Бұдан кейінгі орында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша ашылған шоттар – 0,5 млн бірлік. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша да өсім байқалады. 2019 жылдың соңына қарай ЕЗЖ бойынша ашылған шоттардың саны – 54 365 бірлікке жетіп, 2018 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 14 пайызға көбейді.
Еске саламыз, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңына сәйкес жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ-ның жергілікті кеңсесіне келудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна келіп түскен сәтте, шот автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаның аты-жөні, басқа да жеке деректемелері жарнаға қатысты төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша расталады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Осылайша 2019 жылы Қорда МЗЖ бойынша автоматты түрде барлығы 398 376 шот ашылды.
Зейнетақы жинақтарының басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. МЗЖ есебінен жиналған жинақ ақша 10,6 трлн теңгені құрап, 2019 жылдың басынан бері 15 пайызға өсті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 246,1 млрд теңгеге (өсім – 25%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 1,9 млрд теңгеге (өсім – 4%) жетті.
Салымшылардың МЗЖ есебінен ашылған шоттарындағы жинақтардың орташа сомасы – 1,1 млн теңге (2018 жылмен салыстырғанда өсім – 11%), МКЗЖ бойынша – 500,2 мың теңге (өсім – 17%) және ЕЗЖ бойынша – 48,6 мың теңге болды.
2019 жылы БЖЗҚ-да белсенді салымшылардың саны – 6,6 млн адамды құрады.
Зейнетақы шоттарына жарналар орташа есеппен – 8,13 рет аударылды.
МЗЖ бойынша қалыптасқан жинақтардың орташа сомасы ерлерде – 1,2 млн теңге (жыл басынан бергі өсім – 10%), ал әйелдерде – 942,2 мың теңге (жыл басынан бергі өсім – 12%). Алайда бұл барлық салымшылардың шоттары бойынша алынған сан.
Міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына 1998 жылдан бері тұрақты аударып келе жатқан салымшылардың шоттарындағы орташа жинақ сома ерлерде – 5,8 млн теңге, әйелдерде – 4,4 млн теңге.
2019 жылдың басынан бері салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс – 641,8 млрд теңге. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы – 6,57 пайыз. Ал инфляция деңгейі – 5,4 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы оң сипатқа ие.
2019 жылдың 12 айында 314 мыңнан астам алушы үшін 210 миллиард теңгеден астам зейнетақы төлемдері мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар жүзеге асырылды. Оның ішінде:
- зейнет жасына толуға байланысты – 69,8 млрд теңге;
- мүгедектігі бар жандарға – 1,8 млрд теңге;
- Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты – 50,5 млрд теңге;
- мұрагерлік бойынша – 27,9 млрд теңге;
- жерлеуге байланысты – 3,2 млрд теңге;
- өмірді сақтандыру бойынша ұйымдарға – 56,9 млрд теңге;
- басқа тұлғаларға – 0,1 млрд теңге төленді.
Кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 21 165 теңге, ай сайынғы ең жоғары төлем – 514 666 теңге болды. Салыстыра қарасақ, 2018 жылы БЖЗҚ-дан 168,6 млрд теңге төленді. Бұл жерде өсім сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдарға байланысты болып отыр. Мысалы, 2018 жылы 26 млрд теңге, ал 2019 жылы бұдан екі есе жоғары – 56,9 млрд теңге аударылды. Оған басты себеп – былтырғы жылы зейнетақы аннуитетін алу үшін міндетті зейнетақы жарналарымен (МЗЖ) бірге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан (МКЗЖ) қалыптасқан жинақтарды пайдалану мүмкіндігі туындады.
Салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету мәселелері бойынша электрондық үлгіде көрсетілетін қызметтердің өскендігін баса атап кеткен жөн. 2019 жылы БЖЗҚ-да зейнетақы қызметтерін көрсету аясында 16,9 млн операция орындалса, олардың 80 пайызы (13,6 млн) электрондық форматта жүзеге асырылды.
2018 жылмен салыстырғанда өсім 36 пайызға жетті. Дейтұрғанмен көптеген салымшылар зейнетақы қызметтерін алу үшін тікелей Қор мамандарына жүгінгенді қалайды. Еліміз бойынша күн сайын БЖЗҚ-ның барлық кеңселерінде шамамен 13 мың операция орындалады.
2019 жылы сәуір айында БЖЗҚ шалғай елдімекендерді зейнетақы қызметтерімен қамту үшін Қазпоштамен бірге осы ұлттық оператордың бөлімшелері арқылы зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша ортақ жобаны іске қосқан еді.
Қордың қызмет көрсету орталықтары жоқ елдімекендерде орналасқан Қазпошта бөлімшелерінің операторлары оқыту курсынан өткен соң, келушілерге зейнетақы қызметтерін көрсете бастады. Осылайша қазіргі және болашақ салымшылар БЖЗҚ-ның әр түрлі қызметтерін, оның ішінде зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілін интернет-байланысы тәсіліне ауыстыру қызметін алуға қол жеткізіп, Қазпошта бөлімшелері арқылы транфер-агенттік қызмет көрсету аясында барлығы – 1 298 операция жүзеге асырылды.