Филиалды таңдаңыз:
26.03.2020
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның 2020 жылдың 1 наурызындағы негізгі көрсеткіштері
Қазақстанның аса маңызды қаржы институттарының бірі «БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы активтері 2020 жылдың алғашқы екі айында 283 миллиард теңгеге ұлғайды. Осылайша азаматтардың зейнетақы жинақтары 11 триллионнан асып, екі айдағы өсім 3% жетті.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша қалыптасты және соңғы 12 айда 17% - ға ұлғайып, 10,8 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 257 млрд теңге (өсім 25%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2 млрд теңгеге (өсім 6%) жуық.
Айта кетейік, «БЖЗҚ» АҚ жарналарының барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны - 10 498 852 бірлік (ЖСН жоқ, деректемелері толық емес техникалық шарттарды есепке алмағанда) болды. Өткен жылдың наурыз айынан бастап өсім 3%. ЖЗШ-лардың басым бөлігін міндетті зейнетақы жарналары – 9,9 млн (өсім 3%), одан кейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – 514 мың шотты (өсім 6%) құрады. Ең үлкен өсім ерікті зейнетақы жарналары бойынша байқалды, 2020 жылдың 1 наурызына БЖЗҚ-да ЕЗЖ бойынша 55 221 шот болды, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 12% жоғары.
БЖЗҚ-ның техникалық шарттар бойынша жұмысын атап өту маңызды. Бұған сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-лары жатады, мұндай шоттарда жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ, сондай-ақ тегі, аты, әкесінің аты мен туған күні бойынша қате деректемелер көрсетілген (ЖСН жоқ ЖЗШ). 2019 жылғы 1 наурыздан бастап 2020 жылғы 1 наурызға дейін БЖЗҚ қызметкерлері осындай 20 мыңнан астам шоттарды анықтап, олардың жалпы санын 11% қысқартуға қол жеткізілді. Осылайша ағымдағы жылдың 1 наурызына БЖЗҚ-да 186,8 мың техникалық шарт қалып отыр.
Салымшылардың (алушылардың) МЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарындағы орташа жинақ көлемі (техникалық шарттарды есепке алмағанда) 1,11 млн.теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% жоғары.
2020 жылдың алғашқы 2 айында салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 175,2 млрд. теңге зейнетақы жарналары түсті, бұл 2019 жылдың алғашқы 2 айындағы көрсеткіштен 20% артық. Төлемдер 32,1 млрд.теңгені құрады, олардың басым бөлігі жасына байланысты (12,2 млрд. теңге), ҚР шегінен тыс жерлерге ТТЖ-ға кету бойынша (8,4 млрд. теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдар (5,4 млрд. теңге), мұрагерлерге (5,2 млрд. теңге) берілген төлемдерден тұрады. Салымшылардың (алушылардың) шоттарына аударылған таза инвестициялық кіріс 139,9 млрд.теңге мөлшерінде есепке алынды.