Филиалды таңдаңыз:
22.07.2020
БЖЗҚ ресми сайтының «Көрсеткіштер» – «Инвестициялық қызмет» бөлімінде зейнетақы активтерінің портфелін басқару бойынша инвестициялық қызмет туралы 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша толық есеп орналастырылған.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдың 1 шілдесіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері жыл басынан 985,69 млрд. теңгеге ұлғайып, 11 784,0 млрд. теңгені құрады.
2020 жылдың алғашқы 6 айында ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес 2020 жылға мақұлдаған бағыттар шеңберінде зейнетақы активтері есебінен нарықтық жағдайларда мынадай борыштық бағалы қағаздар сатып алынды:
- ҚР Қаржы министрлігі шығарған орташа алынған кірістілігі жылына 10,5% болатын ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздары, 823,3 млрд. теңге сомасына;
- «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның орташа алынған кірістілігі жылына 10,97% құрайтын облигациялары, жалпы сомасы 14,9 млрд. теңге;
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигациялары, кірістілігі жылына 12,5%, сомасы 64,3 млрд. теңге;
- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облигациялары, кірістілігі жылына 11,75%, сомасы 5,6 млрд.теңге.
Ағымдағы өтімділікті басқару аясындағы кірістілікті ұстап тұру мақсатында зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттарына инвестициялау жүзеге асырылды (орташа алынған кірістілік жылына 10,0%).
2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша шетелдік басқарушы компаниялардың сыртқы басқаруына берілген зейнетақы активтерінің көлемі 970 млн. долларды құрады:
- Aviva Investors компаниясына «Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары» мандаты бойынша 220,0 млн. доллар көлеміндегі АҚШ доллары
- HSBC Global Asset Management, «Жаһандық пассивті акциялар» мандаты бойынша 250,0 мөлшеріндегі АҚШ доллары
- PGIM, 300,0 млн. АҚШ доллары және Principal Global Investors, «АҚШ долларымен номинирленген жоғары капиталдандыруға ие инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар» мандаты бойынша 200,0 млн. АҚШ доллары
Зейнетақы активтерін беру процесі бірнеше жыл бойы жүзеге асырылатын болады, бұл акциялар мен облигациялар нарығына кірудің қолайсыз сәттері тәуекелдерінің төмендеуіне байланысты.
Есептелген инвестициялық кірістің құрылымы төмендегідей сипатқа ие:
- бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бойынша 389,8 млрд теңге;
- бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер (шығындар) (8,52) млрд теңге;
- шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер (шығындар) 163,85 млрд теңге;
- басқа активтерді қайта бағалаудан түскен кірістер (БҚҚ) (3,91) млрд теңге;
- сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер (шығындар) 20,85 млрд теңге;
- өзге кірістер – 3,6 млрд теңге.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарына номинацияланған валюталар бөлінісіндегі қаржы құралдарының инвестициялық портфелі мынадай көрініске ие:
ұлттық валютадағы инвестициялар – 67%, АҚШ долларымен – 32,29 %, басқа валюталарда – зейнетақы активтері портфелінің 0,71 %.
Жыл басынан бергі жалпы инвестициялық табыс 565,67 млрд. теңгені құрады. Инвестициялық кірістің 69% - ы (389,8 млрд.теңге) қаржы құралдары бойынша сыйақы түрінде есептелді.
БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін соңғы 12 айда (2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы маусымға дейін) зейнетақы активтерінің табыстылығы 8,94% - ды құрады. яғни, соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік оң болып табылады және 1,94% құрады.
ҚР Ұлттық Банкі 2013 жылғы қыркүйектен бастап жүзеге асырып келе жатқан БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару кезеңінде азаматтардың зейнетақы жинақтары құрылымындағы инвестициялық табыс шамамен 30% - ға немесе 3,8 трлн. теңгеге тең.
БЖЗҚ-ның сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелін құрылымдық тұрғыда бөлу БЖЗҚ инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес келеді. Зейнетақы жинақтарының инвестицияларын әртүрлі валюталардағы сенімді қаржы құралдарына әртараптандыру валюталық және нарықтық қайта бағалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте зейнетақы активтерін инвестициялау ұзақ уақыт аралығында (бір жыл және одан да көп) жүзеге асырылатындықтан, олардың кірістілігі ұзақ мерзімді перспективада бағалануы тиіс.