Филиалды таңдаңыз:
«Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу
Міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агент (бұдан әрі – агент) – Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналарын есептейтiн, ұстап қалатын (есебіне жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) аударатын жеке немесе заңды тұлға, сонымен қатар қызметiн Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалардың тұрақты мекемесi, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға.
Сақтандыру ұйымы агент ретінде қарастырылады.
Мәні жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың агенттері ретінде Қазақстан Республикасының салықтық заңнамасында белгіленген салық агенттері қарастырылады.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабы 2-тармағына сай, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі құқықтық қатынастарға қатысуға:
1) салық агенттері болып есептелмейтін жеке тұлғалармен жасалған, мәні жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын;
2) Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін;
3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары құқылы.
Міндетті зейнетақы жарналары – БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, Заңға сәйкес салынатын ақша;
БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу «Салық және басқа бюджетке міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып есептелетін агенттер, жеке тұлғалар, сондай-ақ Заңның 39-бабы 2-тармағында көрсетілген жеке тұлғалар міндетті зейнетақы жарналарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен аудару кезінде ұсынатын жеке тұлғалардың тізімі негізінде жүзеге асырылады.
Салымшы (алушы) Заңда көзделген құқықтарды, міндеттер мен жауапкершілікті, сондай-ақ БЖЗҚ мен міндетті зейнетақы жарналары салымшысы (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге ерекшеліктерін белгілейтін Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа (қосылу шарты) (бұдан әрі – Шарт) БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаған жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізілгендігі туралы электрондық хабарлама алған күннен бастап қосылған болып есептеледі.
Салымшы (Алушы) 01.01.2019 жылға дейін жасаған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт Шартқа және БЖЗҚ зейнетақы қағидаларына қайшылық тудырмайтын бөлігінде әрекет ете алады.
Міндетті зейнетақы жарналарын агенттер Заңда белгіленген мөлшерлемелер бойынша төлеуі тиіс.
Міндетті зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.