Филиалды таңдаңыз:
Зейнетақы төлемінің лайықтылығын қамтамасыз ету кез келген елдің зейнетақы жүйесінің маңызды міндеттеріне жатады. Бұл мәселені шешудің маңыздылығын барлық халықаралық беделді ұйымдар айтып та жүр. MCGPI [1] жаһандық зейнетақы индексінде Қазақстандағы зейнетақының лайықтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға берілген негізгі ұсынымдардың бірі - "жағдайы нашар қарттарды/ зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру".
Халықаралық тәжірибе мен актуарлық есептеулерді негізге ала отырып, қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрған қазақстандық сарапшылар тобы [2] Мемлекет басшысына зейнетақы жүйесі бойынша бірқатар ұсыныстар жолдады.
1) Сарапшылар мемлекеттік зейнетақының қандай мәселелерін көрсетті?
Сарапшылар Қазақстандағы мемлекеттік зейнетақының лайықтылығына қатысты мынадай жүйелі мәселелерді атап берді:
1. Зейнеткерлердің нақты табысының төмендеу тәуекелдері (ортақ зейнетақының біртіндеп азаюына және базалық зейнетақының жеткіліксіз мөлшерде өсуіне байланысты).
2. Зейнетақы жүйесінде төлемдерді есептеуге арналған тұрақты стандарттың болмауы.
2) Сарапшылардың мемлекеттік зейнетақы бойынша ұсыныстары қандай?
Мемлекеттік зейнетақының лайықты болуын қамтамасыз ету үшін сарапшылардың ұсынысы:
1. Зейнетақы жүйесіндегі барлық төлемдерді есептеу және болжау үшін бірыңғай әлеуметтік стандарт ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) орнына ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) пайдалану.
2. Мемлекеттік бюджеттің зейнетақыға жұмсалатын шығыстарын ЖІӨ-нің 3% - нан төмен емес деңгейде ұстау.
3) Жалпы Қазақстандағы зейнетақы жүйесі дұрыс құрылған ба?
Иә, дұрыс. Қазақстанның зейнетақы жүйесі - көпдеңгейлі. Әлемде мұндай жүйелер неғұрлым орнықты деп танылған. Себебі мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші де қатысатын болғандықтан, зейнетақының көпқұрамдылығы қамтамасыз етіледі.
Көпдеңгейлі жүйе зейнетақының мемлекеттік және жинақтаушы құрамдауыштарын қамтиды. Екі құрамдауыш та маңызды, бірін-бірі толықтырып, барлық санаттағы азаматтардың мүдделері үшін одан әрі дамуды талап етеді.
4) Мемлекеттік зейнетақы дегеніміз не?
Мемлекеттік зейнетақы ортақ және базалық зейнетақыны қамтиды және тікелей бюджеттен төленеді. Бұл тәсіл жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өйткені таратушы (ортақ және базалық) зейнетақыларды қаржыландыру бюджетке түсетін жалпы түсімдерден (бюджеттен тыс қорларды құрмай) жүргізіледі.
Атап кеткен жөн, әлемде жинақтаушы зейнетақы қорлары (оларға БЖЗҚ да жатады) бюджеттен тыс қорлар болып есептелмейді. Өйткені азаматтардың жеке зейнетақы жинақтары олардың жеке жинақтары мен меншігі болып табылады.
5) Ортақ зейнетақының болашағы қандай?
КСРО-дан мұраға қалған және "ұрпақтар ынтымақтастығына" негізделген ортақ зейнетақы (жасына байланысты зейнетақы төлемі) азаматтарға 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде тағайындалады. Оның көлемі де ішінара еңбек кірісінің мөлшеріне байланысты. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі біртіндеп азайып жатқандықтан, тағайындалатын ортақ зейнетақы мөлшері де тұрақты түрде кеміп келеді. Нәтижесінде, зейнетке 2040 жылдан кейін шығатын азаматтардың мемлекеттік зейнетақысы тек базалық зейнетақыдан тұратын болады.
6) Базалық зейнетақы қалай есептеледі?
Базалық зейнетақы барлық азаматтарға тағайындалады және оның мөлшері 1998 жылға дейінгі және кейінгі еңбек өтіліне байланысты. 1998 жылдан кейінгі еңбек өтіліне міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) жүзеге асырылған кезеңдер, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі (жалпы алғанда 12 жыл) балаларға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және т. б. күтім жасау кезеңдері ғана есептеледі.
Базалық зейнетақы (БЗ) біртіндеп өсуде. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап БЗ шамасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 65%-нан (мин.) 105%-на (макс.) дейінгі мөлшерінде есептеледі. Алдағы уақытта, 2024-2027 жылдар аралығында ҚР Әлеуметтік кодексінде ең төменгі БЗ-ны ЕТК деңгейінің 65%-нан 70%-на дейін, ал ең жоғары БЗ-ны 105%-дан 120%-ға дейін арттыру көзделген. Ең жоғары мөлшердегі БЗ (ЕТК-нің 120%) жалпы еңбек өтілі 35 жылдан кем болмаған жағдайда төленеді.
7) Ортақ зейнетақы болашақта қысқарған жағдайда, базалық зейнетақы мемлекеттік зейнетақының лайықты мөлшерін қамтамасыз ете ала ма?
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бюджеттен ай сайынғы мемлекеттік зейнетақының орташа мөлшері - 132 110 теңгеге тең (оның ішінде ортақ зейнетақы – 89 479 теңге, базалық зейнетақы – 42 631 теңге). Қазір ортақ зейнетақы мемлекеттік зейнетақының көп бөлігін (шамамен 2/3) құрайды. Алайда, ортақ зейнетақының біртіндеп жойылуына байланысты мемлекеттік зейнетақының мөлшері де айтарлықтай төмендейді. Бұған жол бермеу үшін базалық зейнетақының өсу қарқынын ортақ зейнетақының төмендеу қарқынына сәйкес келетіндей деңгейде қамтамасыз ету қажет.
8) Сарапшылардың ұсыныстарын елемеу салдары қандай?
Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттің базалық зейнетақыға жұмсайтын шығыстары болашақта ортақ зейнетақыға жұмсалатын шығыстардың төмендеуін өтей алмайды. Бұл жағдайда мемлекеттік зейнетақыға жұмсалатын жалпы шығыстардың үлесі ағымдағы 3%-дан 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-нан да аз деңгейге дейін төмендейді (1-диаграмма). Атап өткеніміздей, бұл 2040 жылдан кейін ортақ зейнетақы төлемдерінің төмендеуіне және тоқтатылуына байланысты, ал базалық зейнетақы мөлшерінің өсу деңгейі - жеткіліксіз.
Сонымен қатар, базалық зейнетақы тек болжамды (нақты емес) инфляция деңгейінде ғана индекстеледі (ЕТК-ге байланысты). Бұл халықтың зейнетақы кірістерінің еңбек кірістерінен жүйелі түрде артта қалуына және зейнеткерлердің әл-ауқатының төмендеуіне әкеледі.
9) Мемлекеттік зейнетақы бойынша халықаралық тәжірибе қандай?
Мемлекеттік зейнетақы шығындары зейнетақы жүйесінің түрін таңдауға байланысты.
ЭЫДҰ елдерінде[3] мұндай шығыстар орташа есеппен ЖІӨ-нің 7,7% тең, 3%-дан 16%-ға дейін (2-Диаграмма) өзгеріп отырады. Бұл ретте, негізінен жинақтаушы жүйелері бар елдерде (сары түспен бөлінген) неғұрлым төмен шығыстар және таратушы (ортақ, сақтандыру) жүйелері бар елдерде (жасыл түспен белгіленген) неғұрлым жоғары шығыстар белгіленген.
Қазақстандағы мемлекеттік бюджеттің ағымдағы зейнетақы шығыстары (ЖІӨ-нің шамамен 3%) ішінара көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылғандықтан (қызыл түспен белгіленген) ЭЫДҰ бойынша орташа деңгейден төмен.
10) Мемлекеттік зейнетақының лайықты болуы үшін сарапшылар қандай ұсыныс жасады?
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстандағы мемлекеттік зейнетақы:
- ортақ зейнетақының үлесі мен мөлшерінің төмендеуі;
- базалық зейнетақы мөлшерінің өсуіндегі артта қалушылық және оны индекстеу (тек болжамды инфляцияға байланысты индекстеледі) салдарынан төмендеп барады.
Мемлекеттік зейнетақының лайықты деңгейін қолдау үшін мынадай ұсыныстар жасалды:
- еңбек және зейнетақы саласындағы бірыңғай стандарт ретінде ЕТЖ (ЕТК орнына) пайдалану,
- мемлекеттік зейнетақыға арналған шығыстарды (ЭЫДҰ тәжірибесін ескере отырып) ағымдағы көлемнен төмен емес (ЖІӨ-нің шамамен 3%) деңгейде тұрақтандыру.
11) Зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде ең төменгі жалақыны бірыңғай әлеуметтік стандарт ретінде пайдалану не үшін маңызды?
Қазіргі уақытта зейнетақы төлемдері болжамды инфляция деңгейі бойынша индекстелетін және еңбек нарығындағы жалақының (оның медиандық та, орташа да мөлшерінен) өсуінен тұрақты түрде артта қалып отырған ЕТК шамасы негізінде есептеледі. Нәтижесінде бұл халықтың нақты зейнетақы кірістерінің төмендеуіне әкеледі.
Халықаралық тәжірибеде (ЭЫДҰ елдері) мемлекеттік зейнетақы мен ЕТЖ мөлшері медиандық жалақының (Кейц индексі) өсуіне лайықты деңгейде белгіленіп, қолдау көрсетіледі. ЭЫДҰ елдері бойынша орташа есеппен: ЕТЖ медиандық жалақының шамамен 50%, ең төменгі мемлекеттік зейнетақы ЕТЖ-ның шамамен 60% -на тең.
Сондықтан барлық зейнетақы төлемдерін бірыңғай стандарт – ЕТЖ-ға байланыстыру маңызды. Бірақ медиандық жалақының өсуін ескере отырып, ЕТЖ мөлшерінің лайықты деңгейін одан әрі қамтамасыз ету керек.
12) Сарапшылар ұсыныстарының азаматтар үшін қандай пайдасы бар?
Ұсыныстар азаматтар үшін біртіндеп, тұрақты және болжамды мемлекеттік орташа зейнетақының өсуін (медианалық жалақының өсуін ескере отырып) және халықаралық стандарттар деңгейінде (Халықаралық еңбек ұйымына сәйкес 40%-дан төмен емес) кірісті алмастырудың ең төменгі коэффициентін[4] қолдауды қамтамасыз етеді (3-диаграмма).
Бұл:
- базалық зейнетақыны (БП) кезең-кезеңмен көтеру және оны ЕТЖ-ға байланыстыру;
- жыл сайын БЗ нақты индекстеу +2% (яғни инфляциядан ілгері) арқылы жүзеге асырылады.
13) Сарапшылар ұсыныстарының мемлекет үшін жалпы қандай пайдасы бар?
Сарапшылардың ұсыныстары зейнетақыға кететін мемлекеттік бюджеттің ұзақ мерзімді шығыстарын шамамен ЖІӨ-нің 3%-на тұрақтандыруға мүмкіндік береді (ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып). Бұл ортақ зейнетақының объективті қысқаруы жағдайында маңызды және БЖЗҚ-ның ұзақ мерзімді есептерімен расталады (4-диаграмма). 4-диаграммада мемлекеттік зейнетақыға кететін бюджет шығыстарын бағалау (қолданыстағы заңнама және сарапшылардың ұсыныстары бойынша) ұсынылған.
Бұдан басқа, ұсыныстар жұмыспен қамтуды ынталандыруға (өйткені азаматтардың базалық зейнетақысының мөлшері олардың МЗЖ аударымдары бойынша айқындалатын еңбек өтіліне байланысты), «көлеңкеден» шығу (бюджетке салықтар мен аударымдардың өсуіне), зейнетақы жүйесіне қатысуға және зейнетақы жинақтарының өсуіне (оларды еліміздің экономикасына инвестициялау арқылы) мүмкіндік береді.
[1] 2023 жылы Қазақстанның зейнетақы жүйесі әлем халқының 64% құрайтын 47 елдің ішінде 20-шы орынға ие болып, алғаш рет MCGPI (Mercer CFA Institute Global Pension Index) зейнетақы индексіне енгізілді.
[2] Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова, Гульфайрус Шайқақованың қатысуымен.
[3] Ақпарат көзі: https://data.oecd.org/socialexp/pension-spending.htm
[4] Кірісті алмастыру коэффициенті (КАК) – азаматтардың зейнетақы табысы мөлшерінің (зейнеткерлік жаста) олардың еңбек табысы мөлшеріне (зейнеткерлік жасқа дейінгі) қатынасы.