Филиалды таңдаңыз:
Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды
АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының (МЖЗҚ) базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. Үкіметтің сәйкес қаулысы Қазақстан Республикасының «Әділет» нормативтік-құқықтық актісі ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтында жарияланған, деп хабарлады primeminister.kz.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті белгіленген заңнамалық тәртіпте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі «МЖЗҚ» Жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының акциялар пакетін қабылдасын», - делінген қаулыда.
Бұдан өзге, құжатқа сәйкес, «МЖЗҚ» АҚ «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып аты өзгертілді.
Бұрынырақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов БЖЗҚ-ның меншік иесі ҚР Үкіметі болатынын мәлімдеген еді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру жинақтаушы зейнетақы жүйесінің принциптеріне еш әсер етпейді: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында да жеке жинақтаушы шоттар жүйесі сақталады.
Сонымен қатар, вице-премьер өз мәлімдемесінде «міндетті зейнетақы салымдарының барлық түрлері бойынша олардың біртұтастығы бойынша мемлекеттік кепілдік сақталады. Азаматтардың зейнетақылық жинағын толық көлемде аудару жүзеге асырылатынын» атап өткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 23 қаңтарында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында ЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарының бәрін Бірыңғай зейнетақы қорына беруді тапсырған еді.
Видео: https://www.youtube.com/watch?v=ipEF1NeFoTU