Филиалды таңдаңыз:
Таяуда Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Бұл жөнінде жұртшылықтың біле жүргені абзал. Аталмыш заңмен мынадай жайлар қарастырылады:
1. Базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту
2017-жылғы 1-шілдеден базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты зейнеткерлік жасына жеткенде ғана (әйелдер – 58 жаста шығады, ары қарай: 2018-жылдың 1-қаңтарынан – 58 жас 6 ай; 2019-жылдың 1-қаңтарынан – 59 жаста; 2020-жылдың 1-қаңтарынан – 59 жас 6 айда, тағы сол сияқты зейнетақымен қамсыздандыру Заңнамасына сәйкес белгілі кезеңдер бойынша арттырылып отырылады, ал ерлер – 63 жастан шығады) тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998-жылғы 1-қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйедегі еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары және/немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жұмыс кезеңдері қосылады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін анықтау барысында қатысу өтілінің толық жылдары есептеледі.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50 пайызы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгіленеді.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде белгілеу ұсынылады, ал 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2 пайызға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.
Осылайша, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі көп болса – базалық зейнетақы мөлшері көп, қатысу өтілі аз болса – базалық зейнетақы мөлшері аз, ал егер еңбек өтілі болмаса – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болатын әлеуметтік зейнетақы тағайындалады.
Сонымен қатар, ана болуды ынталандыру және азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мақсатында қатысу өтіліне:
- 3 жасқа дейінгі балаларға күтім жасаған уақытын;
- 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасаған уақытын;
- әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің қызмет өткерген кезеңдерін;
- әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің жұбайларының жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрған кезеңдерін;
- Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің жұбайларының шет елдерде тұрған кезеңдерін есептеу ұсынылуда.
2017-жылғы 1-шілдеге дейін базалық зейнетақы төлемі тағайындалған зейнеткерлердің базалық зейнетақы төлем мөлшері зейнетақы жеке іс-құжаттарындағы құжаттар негізінде қайта есептелінеді. Сондықтан зейнеткерлерге ЗТМО бөлімшелеріне барып құжат өткізудің қажеттілігі жоқ, қайта есептеу зейнетақы құжаттарындағы деректер бойынша жасалады.
2. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен 5 пайыз қосымша зейнетақы жарнасын енгізу
Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруда жұмыс берушінің ролін күшейту мақсатында 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу көзделген. Бұл жағдайда жұмыс беруші жарнаны жұмыскердің 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы түсетін шотына қосымша ашылған шартты жеке зейнетақы шотына аударады.
Жұмыскерден түсетін жарналар жеке тұлғалардың меншігі болып табылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек зейнетақы мөлшерін есептеу үшін назарға алынады.
Зейнетақы төлемінің бұл түрі (шартты-жинақтаушы құрамдауышы) міндетті зейнетақы жарнасы 5 жылдан кем емес аударылған жағдайда тағайындалады. Төлемдер заңнамамен белгіленген зейнеткерлік жасыне жеткенде өмір бойы төленеді.
Бүгінге дейін зейнетақымен қамсыздандыруда жұмыс берушінің қатысуы қарастырылмаған еді. Мемлекет базалық зейнетақы төлемін төлейді, жұмыскер өз табысынан 10 пайызын міндетті зейнетақы жарнасына аударады. Енді 2018-жылғы 1-қаңтардан бастап жұмыс беруші өз есебінен 5 пайыз жарна аударады.
3. Әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды реформалау
Заң жобасында бұдан өзге әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша шаралар кешені қарастырылған.
2016-жылғы 1-қаңтардан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекет тарапынан қамтылуға ауыстырылады. Олардың зейнетақы мөлшері еңбек сіңірген жылдары мен қызметтен кеткен уақытындағы ақшалай қаражатына байланысты есептеледі. 2016-жылғы 1-қаңтардан бастап оларға міндетті зейнетақы жарнасын аудару тоқтатылады.
4. Халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту
Бір уақытта зейнетақы төлемдері жүйесі де жетілдіріледі, осылайша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақы төлемдері кесте бойынша ай сайынғы төлемдермен зейнеткерлік жасына жеткен соң немесе зейнетақы аннуитетіне ие болу арқылы, сол сияқты сақтандыру мекемесіне жинақтарын аудару арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Қордан зейнетақы жинақтауларын бір мезгілде алу жинақтаулар 12 ең төменгі зейнетақыдан аспаған жағдайларды қоспағанда тоқтатылады.
Жоғарыда айтылған өзгерістер нәтижесінде азаматтарға зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады:
- зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі;
- 1998-жылғы 1-қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері;
- қызметкердің БЖЗҚ-нан жеке 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің 5 пайыз міндетті кәсіби зейнетақы жарналары мен 5 пайыз қосымша міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері;
- ерікті зейнетақы жинақтары.
Сағира БАЙТАНАЕВА, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.