Филиалды таңдаңыз:
Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қызметі бүкіл жұртшылықтың қызығушылығын туғызатыны түсінікті. Сарапшылар зейнетақы жүйесін дамыту жолдары туралы дауласса, салымшылар өз жинақтарының жай-күйіне алаңдаулы. Соған қарамастан қордың көрсеткіштері жүйенің жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. «Жарналар түсуде, төлемдер жүзеге асырылуда, зейнеткерлер өз жинақтарын алуда. БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің көлемі 7 трлн теңгеден асты, ал таза инвестициялық кіріс сомасы 5 айдың ішінде 114 млрд теңгеден асты. Қор беріктік негізі бар, ал жинақтау жүйесі – дамудың әлеуеті», деп санайды «БЖЗҚ» АҚ Басқарма Төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева.
– Нұрбүбі Серікқажықызы, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істей бастағанына 20 жылдай уақыт болып қалыпты. Оның қазіргі күнгі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан – ТМД-да бірінші болып халықты зейнетақымен қамсыздандыру реформасын жүргізген ел. Бұл қажеттіліктен туындаған реформа болды, себебі өткен ғасырдың 1990 жылдарының соңында жас мемлекетіміз, бір жағынан, халықтың демографиялық тұрғыдан қартаю проблемасына тап болса, екінші жағынан, өндірістің қысқаруымен, көптеген компаниялардың көлеңкеге кетуімен, бюджетке төлемдердің қысқаруымен және кешігуімен және соның салдарынан, зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеудің кешігуімен байланыс-ты экономикалық проблеманы бастан кешірді. Экономиканың құлдырауы әлеуметтік қамту дағдарысын одан әрі шиеленістірді. Статистика агенттігінің деректері бойынша салық төлеген жалдамалы жұмысшылардың зейнеткерлерге арақатынасы 1997 жылы 1-ге 1,5 болды. Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген зейнетақы жүйесі ең кем дегенде 1-ге 4 болғанда ғана, яғни 4 жұмыс істейтін адамға бір зейнеткерден келгенде ғана теңгерімді жұмыс істей алады. Олай болмаған жағдайда, теңгерімсіздіктің өсуі шығыстарды мемлекеттің өтеуі қажеттілігіне әкеледі және мемлекет бюджет тапшылығын қысқарту үшін салықты көтеруге мәжбүр болады. Сондықтан да, көптеген елдер зейнетақы жүйесінің жинақтаушы немесе аралас үлгісіне өтуді жүзеге асырады.
Әлеуметтік қамсыздандырудың бөлу (ортақ) жүйесінен жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жеке зейнетақы шоттарында ақша жинақтауды көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне біртіндеп өту Қазақстан жүргізген зейнетақы жүйесіндегі ең негізгісі болды.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 20 жылдай уақыт ішінде өзгерістерге ұшырады, дағдарысты бастан кешірді, бірақ дамуын жалғастырды. 2013 жылы Үкіметтің шешімімен барлық жеке ЖЗҚ-ның шоттары беріле отырып бірыңғай зейнетақы қоры құрылды. Бұл ретте зейнетақы жинақтары – салымшының меншігі және міндетті жарналардың инфляция деңгейі ескеріле отырып сақталатынына мемлекет кепілдік беретін негізгі қағидат сақталды.
Бүгінгі күні Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыруға жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскердің өзінің арасында оңтайлы бөлуге негізделген көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Мемлекет 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты ортақ зейнетақыны және барлық азаматтарға өтіліне қарамастан ең төменгі күнкөрістің 50 пайызы деңгейіндегі базалық зейнетақыны төлейді. Алайда 2018 жылдан бері базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгергеретінін айту қажет, оның мөлшері еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен бірге, мемлекет БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының және міндетті кәсіби жарналардың есебінен зейнетақы жинақтарының сақталатынына кепілдікті қамтамасыз етеді.
Екінші деңгей – бұл 1998 жылдан бері жұмыс істейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Ол жеке шотта жинақталатын жұмыскер кірістерінің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарынан, 2014 жылдың басынан бері енгізілген, қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлердің пайдасына жұмыс беруші қаражатының есебінен салынатын 5 пайыздық міндетті кәсіби зейнетақы жарналарынан тұрады. Бұл жинақтар салымшының меншігі және ол мұрагерлікпен беріледі. Жақын арада жинақтау деңгейіне жұмыс берушінің 5%-дық міндетті зейнетақы жарналары қосылады. Үшінші деңгей – бұл ерікті зейнетақы жарналары, оны жүзеге асыра отырып салымшы өзінің зейнетақы капиталын айтарлықтай ұлғайта алады.
– 2014 жылы «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдама шеңберінде БЖЗҚ алдына қандай нақты міндеттер қойылды?
– Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту қажеттілігі, бірінші кезекте, ортақ зейнетақы алуға құқығы бар азаматтар санының азаюына байланысты болды. Жыл өткен сайын 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адамдар зейнеткерлікке көптеп шыға бастайды.
Әрине, бұл құрауыш басқа қаржы көздерінен – жинақтаумен, шартты-жинақтаумен, ерікті, зейнетақымен қамсыздандыруға жа-уапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасында бөлуді оңтайландырумен алмастыр-уды талап етеді. Осы нәрселердің барлығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылы айтылған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы ескеріле отырып әзірленген тұжырымдамада көрсетілген.
Бірінші кезеңде (бұл 2016-2020 жылдар) құқықтық негізі қалыптастырылып, зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірінші кезектегі шараларын іске асыру қамтамасыз етілу қажет. Дәл осы кезеңде шартты-жинақтаушы құрауыш әзірленіп, енгізілетін болады, зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерінің жүйесі, зейнетақы төлемдерін жүргізу тәртібіне және мемлекеттік кепілдіктер институтына қатысты жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өлшемдері жетілдіріледі. Осы кезеңдегі міндеттердің бірі – халықты зейнетақы жүйесінің қызметтерімен қамтуды кеңейту. Біз оны мемлекеттік органдар – әкімдіктермен, мемлекеттік кірістер министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп шеше бастадық.
Екінші кезеңде (2020-2030 жылдар) жаңғыртылған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Осының бәріне зейнетақы мөлшерінің есептелетін жарналармен өзара байланысын күшейту есебінен, олардың тұрақты түрде есептелумен және салымшының жүйеде болу уақытымен, базалық зейнетақы төлемінен мемлекеттік кепілдікті беру тетігін оңтайландыруға мүмкіндік беретін ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға өтуді қоса алғанда, зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері институтын одан әрі жетілдірумен қол жеткізу жоспарланып отыр.
Зейнетақы төлемдерінің барабарлығы және теңгерімді қаржылық-орнықты зейнетақы жүйесін құру, халықаралық стандарттармен қабылданған жоғалған жалақының кемінде 40 пайызы деңгейіндегі (қазір бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызы (2015 жылы – 30,9 пайыз, 2016 жылы – 29,8 пайыз) жиынтық зейнетақы төлемдерімен ауыстыру коэффициентін 2030 жылға дейін қамтамасыз ету, 2030 жылға қарай жинақтаушы зейнетақы жүйесімен еңбекпен қамтылған халықтың 80 пайызға дейін қамтуды кеңейту тұжырымдаманы іске асыру мақсаты болып табылады.
БЖЗҚ-ның тұжырымдама шеңберіндегі негізгі міндеттері – үздіксіз жұмысты, зейнетақы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, халықты міндетті де, ерікті зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту, зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың ашықтығын арттыру және болашақта салымшылардың өз активтерін басқарушы компаниялар арқылы инвестициялауға біртіндеп тарту.
– Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қалай қорғалған? Салымшылар өздерінің жекелеген кезеңдердегі үзінді-көшірмелерінде «инвестициялық кіріс» деген бағанда неге теріс мәндерді көреді?
– Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берудің бірегей үлгісі бар. Осы үлгіге сәйкес «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының негізінде төлемге құқық туындаған кезде әрбір алушыға инфляция деңгейі ескерілген нақты енгізілген мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) сомасы мен олардың жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы төлеу сомасы жеке-жеке есептеледі. Басқаша айтқанда, төлемге құқық туындаған кезде әрбір алушыға жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған барлық кезеңдегі кірістілік пен инфляция деңгейі жеке-жеке есептеледі және егер зейнетақы жинақтарының кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, бұл айырманы мемлекет өтейді.
Бұл дегеніңіз, егер кейде салымшылардың шоттарында инвестициялық кіріс төмендесе, оған олар ешбір уайымдамайды дегенді білдіреді. Зейнетақы активтері ұзақ кезеңге инвестицияланады және қысқа мерзімде инвестициялық кіріс аламын деп қарау дұрыс емес. Инвестициялық кіріс тұрақты қалыптасқан шама емес, себебі ол инвестициялық портфельдің құрылымына және қаржы құралдарымен жүргізілетін операцияларға байланысты. Қаржы құралдарын қайта бағалау, валюталар бағамдарының өзгеруі және т.б. сияқты бірқатар факторларға байланысты шама күн сайын өзгереді. Алайда, мұндай ауытқулар, әдетте, қысқа мерзімді әрі уақытша болып келетінін тағы бір рет айтқым келеді. БЖЗҚ-дағы шоттарға қызмет көрсету кезінде жинақталған инвестициялық кірістің көлемі оң болып отыр.
Егер салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-ға жеке-жеке есептелетін инвестициялық кірісінің мөлшерін қарайтын болсақ, онда ол жинақ ақшаның өзінің мөлшеріне байланысты – жинақ ақша көп әрі оны толықтыру кезеңділігі тұрақты болған сайын, есептелетін инвестициялық кіріс те жоғары болады. 2016 жылы инвестициялық кіріс 472,4 млрд теңгені құрады.
– Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасының бүгінгі күні көлемі қандай? Қанша қазақстандықтың жеке зейнетақы шоты бар?
– Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің, менің ойымша, экономикамыздың дамуын көрсететін көрсеткіштері оның жалпы алғанда тұрақты екенін көрсетіп отыр. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6,69 трлн теңге болды. Зейнетақы жинақтарының өсімі 2016 жылы 14,7 пайызды құрады. БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы активтері сомасының ҚР ІЖӨ сомасына арақатынасы 2016 жылы 14,6 пайыз болды. Ағымдағы жылдың басындағы жағдай бо-йынша салымшылардың ЖЗШ-ға есептелген инвестициялық кірістің жинақтардың жалпы сомасындағы үлесі 30 пайыздан сәл жоғары (немесе шамамен 2,2 трлн теңге) болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ның зейнетақы және меншікті активтері бойынша қаржылық есептілігіне аудит жүргізілді. Тәуелсіз аудиторлық компанияның қорытындысына сәйкес зейнетақы активтері бойынша қаржылық есептілік барлық маңызды аспектілер бойынша белгіленген стандарттарға сәйкес келеді, бұл зейнетақы активтерінің сақталғанын, олардың дұрыс есепке алынғанын, зейнетақы активтері инвестицияланған қаржы құралдары әділ құнының шынай бағаланғанын білдіреді.
Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 6,99 трлн теңгені құрады, ал 2 маусымда 7 трлн теңгеден асты. Осы жылдың бес айында зейнетақы жинақтары 310 млрд теңгеге ұлғайып, өсім 4,6 пайызды құрады.
Барлық шарт түрлері бойынша салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарының саны жыл басынан бері 14,4 мың бірлікке ұлғая отырып, ағымдағы жылғы 1 маусымда 10,06 млн бірлікті құрады. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша шоттар саны 9,59 млн бірлікті құрайды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 429 мың бірлік болды. Айта кету қажет, бұл жарнаны кәсіптері үкіметтің қаулысымен белгіленген тізбеге кіретін жұмыскерлер жұмыс істейтін барлық ірі мемлекеттік өнеркәсіп кәсіпорындары мен ұйымдар төлейді. Көріп отырғанымыздай, жұмыс берушілер жалпы алғанда өз жұмыскерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті бөле көтерісіп отыр. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жағдай көптеген жылдар бойы іс жүзінде өзгерген жоқ. 1 маусымдағы жағдай бойынша жарналардың осы түрі бойынша шоттар саны шамамен 39,5 мың бірлікті құрады. Сонымен қатар, бұл өз зейнетақы капиталыңды айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі.
Салымшылар үшін маңызды көрсеткіштердің ішінен, әрине, инвестициялық кіріс туралы айту қажет. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың ЖЗШ-ға есептелген таза кірісінің сомасы 1 маусымдағы жағдай бойынша 114,4 млрд теңгені құрады.
– Жұмыс істейтін тұрғындардың барлығы дерлік жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартылды ма?
– Еліміздің жұмыс істейтін тұрғындарының барлығы – әсіресе, бұл өзін өзі жұмыспен қамтыған халық үшін өзекті мәселе – жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өз шоттарына жүйелі түрде ақша аударады дегенге сену қиын екендігін мойындаған жөн. 2016 жылы қор базасындағы МЗЖ бойынша 9,6 млн шот бар болған кездің өзінде тек 5,8 млн шотқа ғана зейнетақы жарналары ұдайы жүзеге асырылды. Егер халық жарналарының кезеңділігі мен жиілігін қарастырсақ, онда, мысалы, 2016 жылы жеке зейнетақы шоты жарналарының орташа жиілігі 8,06 есені құрағанын байқауға болады.
Біз республика өңірлері, салымшылардың санаттары бойынша жарналардың түсу серпінін ұдайы талдап отырамыз. Жалпы алғанда, зейнетақы шоттарының саны экономикалық тұрғыдан белсенді халық жөніндегі деректермен байланыста болады, бірақ жұмыс істейтін тұрғындардың барлығы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жүйелі түрде және толық көлемде қатыспайтын жекелеген өңірлер де бар. Қазір біз халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту сияқты маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуде өзара ынтымақтастық пен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін талқылайтын облыс әкімдерімен кездесулер өткізіп жатырмыз. Сонымен қоса, БЖЗҚ ақпараттық-түсіндіру жұмысын өз бетінше жүргізеді. Осы жылдың бес айында бүкіл республика бойынша 136 мыңнан астам адам қатысқан кәсіпорындар мен ұйымдарда 4 мыңнан астам таныстыру өткізілді. Қордың барлық филиалдарындағы «ашық есік күндері» салымшылармен және алушылармен қарым-қатынас жасаудың тағы бір тиімді форматына айналды.
– Сіз БЖЗҚ-ға қиын-қыстау кезде, бірақ қордың қызметін дамыту жөніндегі өз бағдарламаңызбен келдіңіз. Содан бері қандай жұмыс жасалды?
– Мені Басқарма Төрайымының лауазымына тағайындағаннан кейін мен жұмыстағы негізгі қағидат ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару жүйесін күшейту арқылы қор салымшылары мен зейнетақы төлемдерін алушылардың мүдделерін қорғау болып табылатындығына баса назар аудардым. Бұл ретте, қордың жұмысы салымшылар үшін барынша айқын және түсінікті болуы тиіс.
Жыл басындағы қор жұмысының маңызды бағыттарының бірі ішкі бизнес-процестерді, тәуекелдерді басқару процестерін қайта қарау, ішкі бақылау жүйелерін күшейту болды. 2017 жылғы бірінші тоқсанда, бірінші кезекте, әкімшілік және операциялық шығыстарды қысқартуға, сонымен қатар, қызмет тиімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған ұйымның құрылымын оңтайландыру процестері іс жүзінде аяқталды. Қор жұмысына қажетті көптеген ішкі нормативтік құжаттар қайта қаралды және жаңа редакцияда әзірленді. Сонымен қоса, Директорлар кеңесі жыл басында зейнетақы активтері сияқты БЖЗҚ меншікті активтерін басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беру туралы шешім қабылдады. БЖЗҚ меншікті активтерін Ұлттық Банктің басқаруына беру процесі аяқталды.
Қордың ішкі аудиті күшейтілді. Әр филиалдың штат кестесіне қордың өңірлік бөлімшелерінің операциялық қызметіне бақылау жүйесін қамтамасыз ететін ішкі аудиторлар енгізілді.
– Бастапқы кезеңде қиындық туғызған мәселе қандай?
– Өткен жылдың соңындағы БЖЗҚ-пен болған теріс оқиға баршамызға белгілі. Олар жалпы зейнетақы жүйесіне деген сенімсіздікті туындатып, жағымсыз түсінік аясын шектен тыс шиеленістіріп жібергені де түсінікті. Біз ахуалды талдап, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жиырма жылға жуық тарихына қарамастан, біздің еліміздің халқы әлі күнге дейін толық ақпаратты білмейді, зейнетақы жүйесінің құрылымы қандай, ол қалай жұмыс істейді, осы жүйенің қатысушылары кімдер, осы жүйедегі мемлекеттің рөлі мен кепілдігі қандай, тіпті зейнетақы жарналары не үшін бөлінетіні туралы толық түсінік қалыптаспаған деген тұжырымға келдік. Кейбіреулер осы уақытқа дейін оларды салықтар деп қабылдайды. Ал бұл – әрбір салымшының белсенді еңбек қызметі аяқталғаннан кейін өз өмірін қамтамасыз ету үшін жинақталатын жеке қаражаты. Зейнетақы ақшасы қалай сақталып, қалай инвестицияланады деген сұрақтар көптеп түсіп жатыр (көбінесе осы сұрақтар қазір де келіп түсуде).
Зейнетақы жүйесі бойынша деректерді толық түсінбегендіктен, көбінесе дұрыс қабылдамағандықтан сенімсіздік туындайды, ол зейнетақы жүйесіне қатысудың төмен деңгейде ынталандырылуына алып келеді. Сондықтан, біз халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуге, қор қызметіндегі барынша айқындылыққа бағыт алдық.
Біз салымшылар мен алушыларға зейнетақы активтері жан-жақты бақылауда болатындығын және олардың сақталуына, қайталап айтамын, мемлекет кепілдік беретінін түсіндіреміз. Сондай-ақ, осы ақпаратты барлық салымшылар мен алушыларға дейін әрбір баспасөз-конференцияларында, таныстыруларда, халықпен кездесулерде жеткізіп отырамыз.
Әрине, зейнетақы активтерін басқару процестері, зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы есептіліктің форматтары бұдан әрі жетілдіріліп, дамып отырады.
Қордың ішкі жұмысына келсек, бөліктері бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз болған бизнес-процестерді жөнге келтіру ең маңызды міндет болып табылады. Қазір процестердің көпшілігі жолға қойылды, бұл қордың штат кестесіндегі 290 бірлікті қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта ұйымның ішкі бақылау, мәдени-тәуекел жүйелерін енгізу процесі де басталып кетті. Барлық бизнес-процестердің әрқайсысы өз рөлін, мәнін түсініп, ұғынып әрі белгіленген тәртіпке сәйкес өз функциялары мен міндеттерін нақты орындайтын жүйеге құрылуы өте маңызды.
Әрине, көптеген шешімдер, әсіресе қызметкерлерді қысқартуға қатысты шешімдер жан-жақты талқылаудан кейін және түрлі нұсқаларды қарастырған соң қабылданып, іске асырылды. Ағымдағы жылғы 2 мамырдан бастап БЖЗҚ жаңа құрылымы бекітілді, бөлімше мамандарынан бастап басшыларға дейінгі барлық деңгейлердегі қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары арттырылды, мотивация және еңбекақы төлеу жүйелері оңтайландырылды.
– БЖЗҚ қызметіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы мен айқындылық нақты түрде қалай күшейтілді?
– БЖЗҚ қызметінің айқындылығы зейнетақы жүйесіне деген сенімнің негізі болып табылады. Ал сенім мен түсіністік, өз кезегінде, жүйеге қатысуға ынталандыру құралы болмақ. Ағымдағы жылғы ақпаннан бастап БЖЗҚ бастамасы бойынша қаржы сарапшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, салымшылар мен алушылар, журналистер белсенді мүшелері болып табылатын БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Кеңес өзінің әрбір отырысында қордың, жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қызметін жақсарту жөніндегі ұсыныстарды беріп, қызу талқылап отырады.
Сонымен қоса, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма басшысының қоғамдық қабылдау бөлмесі мен ресми блог-платформасы сияқты жобалар іске асырылды. Төрағаның блогын іске қосқан сәттен бастап наурыздың соңына дейін 180-нен астам сұрақ келіп түсіп, оларға уақтылы жауап берілді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынымдарын ескере отырып, оны барынша көрнекі ету мақсатында қордың сайтын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде: БЖЗҚ қызметінің көрсеткіштері, инвестициялық портфельдің құрылымы диаграммалар мен кестелер түрінде ұсынылды, зейнетақы калькуляторының интерфейсі жеңілдетілді. Қазіргі уақытта біз ағымдағы есептілік пен инвестициялық қызмет туралы ақпарат халық үшін түсінікті, сол сияқты сараптамалық қауымдастықтың өкілдері үшін барынша толық әрі жан-жақты болуы үшін жұмыс істеудеміз. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша біз зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі туралы ақпаратты берудің жаңа нысанын әзірледік. Қазір ол тестілеуден өтуде және жуырда біздің сайтымызда портфельдің бағалы қағаздары жөніндегі ақпарат ыңғайлы форматта: елге тәуелділігі, эмитенті, сатып алу күні, күтілетін кірістілігі, өтеу күні және басқа ақпарат ұсынылатын болады. Жаңа сервистер – жаңалықтарға жазылу, мобильдік қосымшалардағы пуш-хабарлар енгізілді, қордың қызметі мен қызметті дамыту және жетілдіру үшін ақпаратты тоқсан сайын жинап әрі талдап отыратын сайттың қанағаттандыру деңгейі туралы қоғамдық пікірге сауалнама өткізілді. Қордың қызметтерін барлық өңірдің тұрғындары үшін барынша қолжетімді ету мақсатында филиалдық желіні оңтайландыру негізгі міндеті болып табылатын БЖЗҚ Корпоративтік стратегиясы, Қорды дамыту жос-парлары қайта қаралуда.
Салымшы үшін ең басты ақпарат – бұл жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы мәлімет. Осы деректерді барынша қолжетімді ету үшін қор зейнетақыны алу үшін БЖЗҚ офисіне бару қажеттілігі туындамайтын қашықтан көрсетілетін қызметтерді дамытып жатыр. 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша шамамен 754,5 мың адам электрондық мекенжайына үзінді-көшірмелерді алады және шамамен 3,3 млн адам ақпаратты сайт немесе «ENPF» мобильдік қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды. 2017 жылы ақпараттың электрондық нысанына кем дегенде 1,3 млн адамды көшіру қордың жоспарындағы жұмыс болып табылады.
2017 жылғы маусымда қор зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті беру, беруге немесе аударуға арналған өтініштердің мәртебесін бақылау және электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен сайтта жеке кабинет арқылы БЖЗҚ офисіне бармастан, міндетті зейнетақы жарналарын есептеу бойынша ЖЗШ ашуға өтініш беру сияқты қызметтерді іске асырды. Бұдан әрі осындай сервистерді электрондық үкімет порталы арқылы енгізу ұйғарылып отыр. Сонымен қоса, қордың сайты арқылы ЭЦҚ көмегімен салымшының негізгіге жатпайтын деректемелеріне өзгерістер енгізу сияқты қызметті енгізу жоспарланып отыр.
Қордың жоспарлары көп, олар кезең-кезеңімен орындалатын болады. Әрине, болашақта жаңа мәселелер туындауы да мүмкін, өйткені зейнетақы жүйесі біздің экономикамыз сияқты тұрақты түрде дамып келеді. Біздің міндетіміз – салымшылардың зейнетке шыққанда қаржылық қорғалуын қамтамасыз ету үшін оларға жағдай жасау мақсатында осы дамуды эволюциялық, үдемелі әрі табысты ету.
Ақпараткөзі: egemen.kz