Филиалды таңдаңыз:
Елімізде азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алайда әлеуметтік және еңбек құқығының толық пакетін ұсыну үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастыру қажет. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі енгізілді. Аталмыш жүйе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялап, олардың барлық әлеуметтік қызметтерді пайдалануына мүмкіндік береді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген кімдер?
Әуелі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кімдер жататынын анықтап алсақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген түсініктемеге сәйкес, бұл санатқа табыс табу мақсатында бейресми кәсібін жүргізіп отырған, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбай, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін немесе олардың жұмысын атқаратын азаматтар енеді екен. Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар да бұл қатарға қосылады. Тиісінше, аталған азаматтар БЖТ төлемшілері болып саналады.
Жаңа жүйенің берері не?
Анығына келгенде, бірыңғай жиынтық төлем – салық түрі емес. Ол өзі үшін қызмет етіп, кәсібін тіркемеген, табысы туралы есеп бермейтін жеке тұлғаларға мемлекеттен берілетін тегін әлеуметтік көмектерді алуға жол ашады. Жалпақ тілмен айтқанда, еш жерде ресми жұмыс істемейтін азаматтарға келесі көмектерді алуға мүмкіндік береді:
Бірінші: міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдауға құқылы болады.
Екінші: Зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен тиісті көлемде зейнетақы алатын болады. Бұл орайда БЖТ төлеушілердің базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне сәйкес есептеледі.
Үшінші: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысады және еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылу жағдайларына, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер алу құқығын береді.
Жиынтық төлемді төлеу міндетті ме?
БЖТ төлеу өз еркімен, азаматтардың өз қалауымен жүзеге асырылады. Бұл жүйеге қатысу, қатыспау құқығы азаматтың өз шешіміне байланысты болады. Бұл орайда БЖТ төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмаған.
БЖТ ай сайынғы мөлшері қала тұрғындары үшін – 2 525 теңге, ауыл тұрғындары үшін – 1262,5 теңгені құрап отыр. Бұл ретте аталған қаражаттың 10 пайызы жеке табыс салығына, 20 пайызы әлеуметтік сақтандыру мен мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдарға, 30 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 40 пайызы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына бөлінетінін айтып өту қажет.
Төлем қалай жүзеге асырылады?
БЖТ Мемлекеттік корпорацияның есебіне екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта бөлімшелері және терминалдары, сондай-ақ kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады. БЖТ құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттік корпорация тиісті әлеуметтік қорларға бөлуді дербес жүзеге асырады. Төлемдер айына бір рет немесе тоқсандық, алты айға және бір жылға алдын ала төлеуге болады.
Атауы | Жаңа реквизиттер |
Бенефициар | «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ |
Бенефициар банкі | «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ |
Бенефициар БСН | БСН 160440007161 |
Бенефициар БСК | БСК GCVPKZ2A |
Бенефициар ЖСК | ЖСК KZ47009ESP0163609911 |