Филиалды таңдаңыз:
Қордағы жарна сенімді қолда, оның болашағына алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен баспасөз брифингін өткізген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылары.
Осыдан жиырма жыл бұрын құрылып, ертең зейнет жасына жеткенде емін-еркін өмір сүруді қамтамасыз етеді деп үміттендірген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегінде бүгінде алыпқашпа әңгіменің өріп жүргені жасырын емес. Тіпті, сол қордағы азын-аулақ қаражаттарын алып, жұмсаймыз дегенге жұрттың көбінің сенімі де аз. Өйткені, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы жарты жылға ұзартылса, азаматтарымыздың БЖЗҚ жинаған жарнаны беру тәсілдері де өзгертілді. Демек, жаңа жылдан бастап салымшылар қордағы жарнасын бұрынғыдай бірнеше рет бөліп емес, ол енді ай сайын бөліп төленетін болды. «Бұл шетелдік тәжірибеде бар тәсіл, сондықтан біз халықтың қарттығын қамтамасыз ету мақсатында осындай қадамға барып отырмыз», – деген еді, халықтың әлеуметтік жағдайына жауапты министрліктің өкілдері халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезекті бір кездесулерінде. Бір қарағанда, дұрыс шешім де шығар, дейтұрғанмен, бұл халықтың өз еркімен тірнектеп жинаған азын-аулақ болса да қоры еді ғой, оны бір күнде немесе бір жыл ішінде қолданып, бір керегіне жұмсаса да өз еркіндегі шаруа еді ғой дейсің ғой. Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында болған журналистермен болған брифингке қатысқан БЖЗҚ АҚ Өңірлік желіні дамыту және ілеспе қызмет көрсету департаментінің басшысы Мәмила Мұсабекова және қордың Алматы бөлімшесінің басшысы Нұрлан Әміренов жұрттың көкейіндегі көп сауалға жауап беріп, қазіргі таңда қорда атқарылып жатқан жұмыстары, әсіресе, цифрлы Қазақстан бағытында жүргізіліп отырған жұмыстары жөнінде айтып берді. Қордың Өңірлік желілерді дамыту және ілеспе қызмет қызмет көрсету департаментінің басшысы Мәмила Құрманжанқызының айтуынша, үстіміздегі жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 триллион теңгені құрап, қордағы жинақталған жарна мөлшері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,1 триллионға артқан. Соның нәтижесінде бір жыл ішіндегі қордағы жарна өсімі 16 пайызды құрап, жалпы ішкі өнімнің 15 ,1 пайызын құрапты.
Департамент директоры Мәмила Құрманжанқызының ақпаратынша, өткен жылы салымшыларға 169,69 миллиард теңге төленсе, оның 22,69 миллиарды сақтандыру ұйымдарына аударылған. Халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында 2017 жылы халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын көтеру және сапалы зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша көптеген жұмыстар атқарылған.
Қордың барлық филиалдарында тоқсан сайын «Ашық есік күндері» өткізіліп, салымшылардың зейнетақымен қамсыздандыру бойынша берілген өзекті сауалдарына толық жауап берілген. Астана, Алматы қалаларының және 14 облыстың әкімдіктерімен Ынтымақтастық және қарым-қатынас туралы меморандумдарға қол қойылды, – дейді М.Мұсабекова. Департамент басшысы, сондай-ақ, салымшылардың саны мен қорға салынған жарна мөлшері бойынша Алматы қаласының алдыңғы орында тұрғанын атап өтті.
Қор қызметін ашық ету мақсатында Қоғамдық кеңес құрылғанын да баспасөз мәслихатына қатысушылар тілге тиек етті. «Мобильдік кеңсе», қор сайтында электрондық қызмет көрсету іске қосылғалы бері 2298 салымшы онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беріпті. Қазір жауапты бөлімшелер Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, өз-өзін жұмыспен қамтыған халықты жинақтаушы жүйеге тарту бойынша ұсыныс дайындап жатыр, – дейді Мәмила Мұсабекова.
Журналистер тарапынан қойылған сауалдарға мүмкіндігінше жауап беруге тырысқан бүгінде 18 филиалы, 218 қызмет көрсету орталықтары бар БЖЗҚ өкілдері қордағы жинақталған жарнаның тағдырына халықтың алаңдамауына, оның сенімді қолда, қордың сенімді серіктесі Ұлттық Банктің иелігінде екендігін айтты. Олай болса, көңіліміздегі көп күдікті сейілтіп, ертеңгі қарттығымыздың қамсыз өтетіндігіне біз де сенім артайық.
Ақпараткөзі: www.qamshy.kz