Филиалды таңдаңыз:
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қазақстандықтырды сабырға шақырып, зейнетақы жинақтары тұрақты түсіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алаңдауға негіз жоқ. Өйткені зейнетақы жинақтары тұрақты түсіп жатыр әрі 10 пайыздық инвестициялық табыстылыққа ие. Мысалы, 2020 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялық табыс 662 миллирд теңге болды. Осы жылдың 1 сәуірінде зейнетақы активтері 11,7 триллион теңге болып, 8 пайызға өсті", - деді ол Алматыда өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Жанат Құрманов тұрғындардың зейнетақы жинақтары инфляциядан қорғалатынын атап өтті.
"Мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарын инфляциядан қорғауға кепілдік береді. Яғни салымшылар зейнетке шыққанда олардың зейнетақы жинақтарындағы салымдары азайып қалса, мемлекет оны өтеп береді", - деді басқарма төрағасы.
Айта кетейік, осыған дейін қазақстандықтар зейнетақы жинағында ақшасы азайғанын айтып, шағымданып жатқаны хабарланған еді.
Бұл туралы Facebook қолданушысы Мадина Кудинова жазды. Желі қолданушысының айтуынша, оның зейнетақы шотындағы қомақты сомадағы қаражат жетіспейді.
"Көбі зейнетақы жинағында ақша жетіспейтінін айтып жатқанын естідім. Неге олай болып жатыр деп ойладым. Содан өзімнің шотымды тексеріп, таңғалдым. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша шотымда 6 571 948 теңге болады. Ал бүгін 3 856 346 теңге. Сонда менің ақшам қайда кетті? 1414-ке хабарлассам, ол мәселемен айналыспайтынын айтты. Нақтылайын десең, телефонды тастай салады. Мен ешқандай келісімімді берген жоқпын. Ақшамды қайтарыңыздар", - деп жазды ол.
Ал "БЖЗҚ" АҚ өкілдері салымшылардың шотты әртүрлі форматта қарайтынын айтып, жауап берген.
Толығырақ: www.tengrinews.kz