Филиалды таңдаңыз:
Ranking порталының жазуынша, мемлекеттік құрылымда ең белсенді цифрландырылған жүйе – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметтері. Қазір қор қызметінің 90 пайызын онлайн түрде тұтынуға болады.
«COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған қиын жағдай және зейнетақы жүйесінің қатысушылар базасының кеңеюі жылдан-жылға БЖЗҚ қызметтерін автоматтандыру өзектілігін арттыра түсті. 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың индивидуалды зейнетақы шоттарының (ИЗШ) саны 11,5 млн-ға жетті. Былтырғы көрсеткіштен 0,5 пайызға көп. Жалпы, соңғы бес жылда ИЗШ саны 16,4 пайызға көбейген. Биыл көрсеткіштің өсуі салымның барлық түрі бойынша байқалып отыр. Әсіресе, ерікті зейнетақы жарнасы сегментіндегі өсім жоғары (+25,9 пайыз). Одан кейінгі орындарда кәсіби зейнетақы жарнасы (+5,2 пайыз) мен міндетті зейнетақы жарнасы (+0,2 пайыз) орналасқан» деп жазады Ranking.
Пандемия қиындықтарына қарамастан қор биыл 9 айда өз салымшыларына 30,3 млн қызмет көрсетіпті. Бұл – былтырмен салыстырғанда 45,8 пайызға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде 22,2 млн (73,2 пайыз) қызмет онлайн форматта ұсынылған. 2020 жылмен салыстырғанда онлайн қызметтер танымалдылығы 71,2 пайызға өскен.
Салымшылар сайт және мобильді қосымша арқылы кез келген уақытта түрлі қызметтерді ала алады. Соның ішінде жеке зейнетақы шотының үзінді көшірмесін алу, өз реквизиттеріне өзгеріс пен толықтыру енгізу, жеке зейнетақы шотының бар екені туралы анықтама алу, төлемдер бойынша мәртебесін тексеру сияқты танымал қызметтер бар.
«Сонымен қатар автоматты форматта 5,1 млн қызмет көрсетілді. Оған жеке зейнетақы шотын автоматты түрде ашу да кіреді. Мәселен, егер жеке тұлғада БЖЗҚ-да ашық жеке зейнетақы шоты болмаса онда ол алғашқы жарнаны салғаннан кейін шот автоматты түрде ашылады. 2021 жылдың 26 қазанынан бастап жеке зейнетақы шотын автоматты түрде ашу бойынша заңға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ қорда жекелеген зейнетақы қызметтерін де жеке куәлікті көрсетпей-ақ алуға мүмкіндік бар. Ол үшін еGovMobile мобильді қосымшасында құжаттың цифрлы нұсқасы болса жеткілікті» деп жазады портал.
Қазіргі кезде Google Play сервисінің «қаржы» категориясында БЖЗҚ мобильді қосымшасы ТОП-10 қатарына кіреді.
Толығырақ: www.egemen.kz